Зейнетақы жинағына үй алудың жолы белгілі болды

4217

Жеткіліктілік шегінсіз-ақ зейнетақы жинағын алып кетуге болатыны, БЖЗҚ шотындағы теңгені жылжымайтын мүлікке инвестициялаудың жолы анықталды.

Зейнетақы жинағына үй алудың жолы белгілі болды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген қазақстандықтар енді "ең төменгі жеткіліктілік шегін" сақтамай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинағының қалған бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады. Кейбір салымшылар үшін бұл сақтандыру компаниясынан зейнетақы төлемін ала жүріп, баспанаға бастапқы жарна жинаудың тиімді тәсіліне айналды, деп жазды inbusiness.kz.

Алайда осы тетік іске қосылғалы бері оның айналасында бұдан да "ұтымды", тіпті күмәнді қаржылық айла-шарғылар пайда болыпты. Кейбір қазақстандықтар сақтандыру шартын жасасқанда қолына миллиондаған теңге шытырлаған ақша алғанына мақтанса, енді бірі зейнетақы жинағының артық бөлігіне бірнеше пәтер алуға ниетті.

Дегенмен 2026 жылғы 14 қарашадан бастап реттеуші орган ойын тәртібін өзгертті: бұрын пайдаланылып келген осы кейбір амал-тәсілге тосқауыл қойды. Ендеше, зейнетақы аннуитеті арқылы баспана алудың қандай механизмі қалды?

Зейнет жасына жетпей-ақ БЖЗҚ қаражатына пәтер алудың әдісі жарияланды

50 жастағы азамат зейнетке шығуды күтпей-ақ зейнетақы аннуитетін пайдаланып, жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік беретін қаржылық стратегиясын бөлісті.

Оның есебінше, аннуитет шартын рәсімдеу арқылы БЖЗҚ-дағы жинағына тұрғын үй сатып алып, оны кейін жалға беріп, мол табыс табуға болады. Ал, кейінгі зейнетақы жарналары есебінен тағы да баспана алып, иелігіндегі жылжымайтын мүлкін көбейткісі келеді.

"Мен 50 жастамын. Биылғы жыл басында зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, қолыма бірден 1,1 млн теңге төлем алдым да, оны жылдық 18% депозитке салдым. Аннуитет жеткіліктілік шегін нөлге түсірді. Сондықтан жалақыдан ұсталып, жұмыстан аударылатын міндетті зейнетақы жарналарының бәрін бірден Отбасы банкке жолдаймын. Солай 4 млн теңге (50%) жиналған бойда пәтер сатып алып, оны жалға бермекпін. Қалаған баспана 8 млн теңге тұрады. Сонда БЖЗҚ-дан Отбасы банкке аударылған 4 млн теңге ай сайын 120 мың теңге табыс әкеле бастайды. Ал, бұл қаражатты БЖЗҚ-да қалдырсам, айына небәрі 22,5 мың теңге ғана кіріс түсер еді", – деді ол.

Идея авторы бұған дейін жинағын алуға жеткіліктілік шегі кедергі болды дейді: жылда көтерілетін шекті жинағы "қуып жете" алмапты.

"Зейнетақы аннуитетін рәсімдеуіме де осы себеп болды. Зейнетке шығуыма әлі 13 жыл бар. Сол уақыт ішінде БЖЗҚ қаражатына екі пәтер сатып алып үлгеремін", – деп ол өз арман-жоспарымен бөлісті. Ол бала-шағасына – мұрагерлеріне "сақтандыру компаниясынан ай сайын түсетін азын-аулақ ақшаны емес", пәтерді қалдыруға ниетті.

Бұл қаржылық стратегияға қатысты қазақстандық инвестор, қаржы сарапшысы Тұрар Абди пікір білдірді. Ол әлгі кісінің әңгімесінде екі бөлек операция барына назар аудартты. Біріншісі – сақтандыру компаниясынан қолма-қол ақша алу, екіншісі – БЖЗҚ-дағы жинақты тұрғын үй бағдарламалары арқылы пайдалану.

Сарапшының түсіндіруінше, әңгімедегі бірінші жайт енді жоқ: оған осы аптада мемлекет тыйым салды. Ал, екінші амалы заңды: шынында да, зейнетақы аннуитеті туралы шарт жасалғаннан кейін ең төменгі жеткіліктілік шегіне (ЕТЖШ) жететініне-жетпейтініне қарамастан, қорда қалған қаражатты баспана алуға не емделуге бағыттауға болады.

Қазақстандықтар БЖЗҚ қаражатына баспананы қалай ала алады?

Тұрар Абдидің мәліметінше, 14 қарашадан бастап клиент өмірді сақтандыру компаниясының (ӨСК) біреуінен екіншісіне ауысқан кезде төленетін "сатып алу сомасын есептеу тәртібі" өзгерді.

Жаңа талаптар сақтандыру компанияларының жинақталған инвесттабысты пайдаланып, клиенттерді тарту үшін біржолғы сыйақы ақша беру тәжірибесіне түбегейлі тосқауыл қойыпты.

"Әлгі оқиғада бір-бірінен мүлде бөлек екі операция араласып кеткен. Енді оларды жеке-жеке қарастырайық. 50 жаста стандартты аннуитет бойынша тұрақты төлем төлеу әлі басталмайды. Оны алу үшін 55 жасқа дейін күту керек. Ал, БЖЗҚ қаражатын қолма-қол шешіп алуға немесе 18%-дық банктік депозитіңізге аударуға заң бойынша қатаң тыйым салынған. Өйткені бұл жинақ зейнетақы жүйесінің ішінде қалуға тиіс", – деп түсіндірді сарапшы.

Онда азамат жыл басында "1,1 млн теңгені қолма-қол" қалай алды? Абдидің дерегінше, нарықта ұзақ жылдар бойы көлеңкелі тәжірибе болған: сақтандыру компаниялары көбірек клиент тарту, бәсекелесінің салымшыларын өзіне қызықтыру үшін қосымша төлемді ойлап тапты. Жаңа келісімшарт жасасқанда немесе басқа сақтандырушыдан ауысып келгенде клиентке зейнетақы жинағының бір бөлігін "бонус" немесе "кэшбэк" ретінде банк картасына аударып беретін.

Шын мәнінде, клиент сақтандырушыдан ақша алмайды: ол өзінің болашақ зейнетақысына арналған қаражатының бір бөлігін мерзімінен бұрын алған. Салдарынан болашақ зейнетақы төлемдерін қалыптастыруға тиіс капитал азайды.

"Бұл схема мынадай: аннуитеттік келісім рәсімдегенде немесе жаңа сақтандыру компаниясына ауысқанда алдымен сақтандырушы агент ол азаматтың зейнетақы жинағынан өте қомақты комиссиясын ұстайды. Содан кейін сол комиссияның немесе жинақталған инвестициялық табыстың бір бөлігі клиенттің банк картасына "кэшбэк" не "бонус" ретінде қайтарылатын. Бұл ретте одан 10% жеке табыс салығы шегеріледі. 2026 жылғы 14 қарашадан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің №156 қаулысы күшіне енді. Бұл құжат дәл осындай айла-тәсілдерді жойды", – деді сарапшы.

Енді бір ӨСК-тен екіншісіне ауысқанда инвесттабысты клиентке қолма-қол немесе жеке картасына төлем ретінде беруге тыйым салынды. Инвесттабыс та бұдан былай болашақ төлемдерді қамтамасыз ететін сатып алу сомасының құрамында толық сақталуы шарт.

Ал, сақтандырушы агенттер өз комиссиясынан клиентке сыйақы төлесе ше? Бұл "айналма жол" да бітелуде: сақтандыру компаниялары өзінің агенттік комиссияның нақты мөлшерін полис пен келісімшартта ашық көрсетуге міндеттелді. Оның көлемі теңгемен де, пайыздық мөлшерлемемен де жазылуы керек. Соның негізінде реттеуші әр сақтандырушы компанияның табысын есептейді.

Қаржы маманының тұжырымдауынша, жоғарыдағы азаматтың төл стратегиясының екінші бөлігі, яғни, "БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегін нөлге түсіріп, қалған жинақты баспана сатып алу үшін Отбасы банкке нысаналы түрде аудару" – заңды, әрі әлі күнге жұмыс істейтін тетік.

Бұл механизм қалай жүзеге асады?

Мәселен, қазақстандық БЖЗҚ шотында қомақты қаражатты – 14-16 млн теңгені жинады делік. Ол 50-55 жас аралығында кепілдендірілген төлем мерзімі жоқ ең төменгі базалық аннуитет дегенді рәсімдей алады. Мұндағы мақсат – сақтандыру компаниясына мүмкіндігінше аз қаражат аударып, қалған жинақты БЖЗҚ-да қалдыру.

Ең бастысы, аннуитет бекітілді деген факті ғана керек. Қордың қолданыстағы қағидаларына сәйкес, зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар енді БЖЗҚ шотында қалған барлық ақшасын, сондай-ақ жалақысынан алдағы уақытта түсіп тұратын міндетті зейнетақы жарналарын Отбасы банктегі арнайы шотқа аударуға құқылы.

Бірақ бұл банктегі қаржыны пайдалану мақсаты қатаң шектелген. Оны:

• тұрғын үй сатып алуға;

• ипотекалық қарызды өтеуге;

• емделуге бағыттауға болады.

Сонымен қатар жинақтың 100%-ын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға беруге рұқсат етіледі.

Осы тұрғыдан алғанда, кейіпкердің қаржылық стратегиясының қисыны бар. Егер жасы 50-ден асқан азаматтың басты мақсаты – БЖЗҚ-дағы міндетті сақтандыру жарнасынан артылған қаражатты шығарып, оны Отбасы банк арқылы жалға берілетін жылжымайтын мүлікке инвестициялау және кейін баспананы балаларына мұраға қалдыру болса, ең төменгі аннуитет ол үшін қолайлы "кілтке" айналуы мүмкін.

Осылайша, ең төменгі жеткіліктілік шегінің (ЕТЖШ) кедергісін айналып өтіп, зейнетақы жинағын пайдалануға жол ашылады.

ҚНРДА зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа өзгерісті түсіндірді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңартылған талаптардың мән-жайын жайып салды.

Оның байламынша, зейнетақы аннуитетінің (ЗА) басты мақсаты – азаматты өмірінің соңына дейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Заңда белгіленген барлық талап орындалса, адам бұл төлемдерді зейнеткерлікке, 63 жасқа жетпей-ақ ала алады.

Ол үшін зейнетақы жинағының бір бөлігі БЖЗҚ-дан өмірді сақтандыру компаниясына аударылады. Ол компания өз кезегінде клиентке өмірінің соңына дейін төлем жасап отыруға міндеттеледі.

Айта кету керек, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемі әр азаматтың осы қорда жинаған қаражатының көлемімен шектеледі және шоттағы ақша таусылғанда бұл төлем де тоқтайды екен. Одан айырмашылығы, зейнетақы аннуитеті төлемі адам өмірінің соңына дейін жалғасады.

Тиісінше, сақтандыру компаниясы азамат ұзақ өмір сүрген және өз жинағын түгескен жағдайдағы қаржылық тәуекелді өз мойнына алады.

"Заңнама зейнетақы аннуитетінің иесіне сақтандыру компаниясын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда сатып алу сомасы, яғни, бұрынғы шарт тоқтатылған кезде айқындалатын және қаражатты жаңа сақтандырушыға аудару кезінде ескерілетін сома есептеледі", – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Бұрынғы тәртіпте сақтандыру ұйымы алған инвестициялық табысты есепке алу көзделмеген екен.

"Салдарынан нарықта клиентке басқа ӨСК-ге көшу кезінде инвесттабыс есебінен біржолғы төлем түрінде қаражаттың бір бөлігін ұсынатын практика пайда болды. Бір қарағанда, мұндай ұсыныс тартымды болып көрінді, бірақ алдын ала алынған қаражат болашақ зейнетақы төлемдерін қалыптастыруға қатыспайды. Осылайша, қысқа мерзімді пайда өмір бойғы зейнетақы кірісінің төмендеуіне әкелуі мүмкін", – дейді Нұржан Тұрсынханов.

Жаңа қағидалар бойынша инвесттабыс та сатып алу сомасын есептеу кезінде міндетті түрде ескеріледі.

"Ол белгіленген әдістеме бойынша тиімді жылдық кірістілік мөлшерлемесіне негізделе отырып анықталады. Осының арқасында ӨСК ауысқан кезде инвесттабыс зейнетақы міндеттемелерін орындауға арналған қаражатта ескерілетін болады және ауысуға ынталандыру үшін бөлек төленбейді. Бұл шарттың құнын неғұрлым толық ескеруге және болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерін қолдауға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді ҚНРДА төрағасының орынбасары Тұрсынханов.

Нәтижесінде, енді сақтандыру компаниялары клиент тарту үшін инвесттабыстың бір бөлігін жеке сыйақы ретінде ұсына алмайды.

Бұған қоса, агенттік комиссияның мөлшері де жасырын қалмауы керек. Сақтандыру компаниялары оны келісімшартта және полисте теңгемен де, пайызбен де көрсетуге міндетті.

Бұл азаматтарға құжатқа қол қоймас бұрын өзіне түсетін барлық шығынды алдын ала есептеп, қаржылық шешімді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу