Зейнетақы қорынан ақша алатын сайт іске қосылды

13951

Тап қазір арнайы ашылған сайт техникалық ақаусыз жұмыс істеп тұр.  

Зейнетақы қорынан ақша алатын сайт іске қосылды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағы шекті мөлшерден асқан салымшылар бүгін таңғы сағат 9.00-ден бастап біржолғы зейнетақы төлемін алуға онлайн өтініш бере бастады. 

Осы сәтте https://enpf-otbasy.kz сайтына компьютер немесе ноутбук арқылы (смартфонмен емес) кірген салымшылар шаруаларын оп-оңай тындыра алады. Атап көрсетерлігі, сайт қарапайым әрі түсінікті жасалған. 

Біржолғы зейнетақы төлемін алушыларға қызмет көрсететін онлайн платформа туралы кеше Отбасы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова: "Жалпы, сервис  дайын. Бірақ ереже кеше ғана шыққандықтан және редакциялық сипаттағы өзгертулер болғандықтан, біз өтініш үлгілерін қайта тексердік. Өйткені оның үлгілері порталда тұрады. Тіпті шектеулердің өзі порталға кіріктірілген. Мысалы сіз, өтініш берсеңіз өзіңізге қажетті түрді таңдайсыз да, ЭЦҚ арқылы ғана қол қоясыз. Ертең, сенбі күні елге ыңғайлы болу үшін сағат 9.00-де сайт жұмысын бастайды", – деп мәлімдеді. 

Басқарма төрағасы біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеуге жұмсауды көздеп отырған БЖЗҚ салымшылары 13 - қаңтардан бастап Отбасы банкінен онлайн режимде  арнайы шот ашып жатқанын, осы уақытқа дейін 57 мыңнан астам арнайы шот ашылғанын айтты. 

Осыдан 3 күн бұрын мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкімет басшысы мен ұлттық банк төрағасына жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы төлемін пайдалану ережесінің жобасы кабинет аралап жүргенін жеткізіп, мәселені шұғыл шешу қажеттігін күн тәртібіне қойды. 

"Үкімет баспана жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережесін әлі қабылдаған жоқ. 761 мың азамат осы ережені күтіп жүр. Азаматтардың дені баспаналарын таңдап қойды. Ал ереже жобасы түрлі келісулер бойынша кабинет аралап жүр", – деді депутат. 

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте Ұлттық банк пен үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білімін жетілдіруге мүмкіндік беретін механизм ойлап тауып, қолданысқа енгізуді тапсырды. Өкініштісі қаржы реттеушісі мен үкімет шұғыл әрекет етіп, нақты шара қолданған жоқ. Салдарынан 2020 жылғы 11 мамырда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені қайта көтерді. Президенттің 1 қыркүйекте жариялаған екінші жолдауында ғана салымшылардың 2021 жылы зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерден асқан бөлігін бастапқы немесе қайталама нарықтан үй сатып алуға, осыған дейін рәсімдеген ипотекалық қарызын жабуға, жер телімін сатып алуға, емделуге жұмсайтыны және жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аудара алатыны белгілі болды. 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу