Зейнетақы қорындағы "артық" ақша: жүйе неге өтініш қабылдамайды?

12567

Зейнетақы қорындағы шекті деңгейден асқан қаржыны алуға өтініш берерде өзіңіз туралы мәліметті қатесіз, дұрыс толтырғаныңыз жөн. Әйтпесе қызмет көрсету платформасында өтініміңіз қабылданбауы мүмкін. 

Зейнетақы қорындағы "артық" ақша: жүйе неге өтініш қабылдамайды?

Зейнетақы қорындағы "артық" ақшасын алуға өтініш бергендердің бірі  inbusiness.kz редакциясына хабарласып, арнайы ашылған сайтта өтініші қабылданбағанын жеткізді. Ол мәселенің мән жайын білмекке қаржылық операцияны жүргізетін оператор-банкке де, зейнетақы қорына да барған. Бірақ нақты жауап ала алмаған. Зейнетақы қорының колл-орталығы өтінішті қараудан бас тарту себебін инвестициялық кірістің өзгеріп отыруымен түсіндірген, яғни  осыған байланысты жеке шотта көрсетілген қаржының көлемі де өзгерген, ал өтініш беруші жүйені жаңартпай, бұрынғы соманы көрсетіп, өтініш берген. Сол себепті жүйе автоматты түрде өтініштің күшін жойған немесе қабылдамай тастаған. Бірақ өтініш беруші қолжетімді сомадан аз ақшаны көрсеткенін айтып, зейнетақы қорына тағы да хабарласқан. Осы жолы қор мамандары Отбасы банкке жөн сілтейді.  

Бұл жағдайдың жай-жапсарын білу үшін inbusiness.kz тілшісі Отбасы банкінің баспасөз қызметіне хабарласты. Бірақ банктегілер мұндай мәселе туындамағанын айтып, мәселені қайтадан БЖЗҚ-ға аударды. Зейнетақы қоры болса, мұндай дерек барын жоққа шығармады және растаған да жоқ. Қор мен банк бір-біріне сілтеп жүргенде көп ұзамай редакцияға БЖЗҚ-дан ресми жауап келді. Онда мәселенің түп негізі айналып келгенде, инвестициялық кірістің құбылмалдылығынан болғаны айтылған, яғни инвесткірісте өзгеріс болса, жеке шотта көрсетілген сома да өзгереді.

"Қаржы тетіктерінің өзгеруі инвестициялық кіріске де әсер етіп отырады. Оның көлемі әртүрлі болып, құбылып отыратыны сондықтан. Ал бұл кірістің көлемі салымшылардың жинақ қаржысының мөлшеріне де ықпал етеді. Әлбетте, алуға болатын зейнетақы төлемі де жүйеде өзгеріп отырады. Тіпті айырмашылық бір теңгеде болса да (шоттағыдан гөрі өтінімде көрсетілген сомаға көбірек қарайды) жүйе өтінімді қабылдамай тастайды", – делінген зейнетақы қорының inbusiness.kz редакциясына берген жауапта.

Егер азаматтар осындай жағдайға тап келсе, онда зейнетақы қоры сайтындағы жеке кабинетіне кіріп, алуға болатын соманы тағы бір рет тексеріп алу керек. Қолжетімді қаржыны сәйкестендіріп алғаннан кейін қайтадан өтінім берген жөн, дейді қор мамандары.

Сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемін алу жөніндегі өтініштердің жүйе арқылы қабылданбау себептерін 25 қаңтар күні Отбасы банкі ресми Instagram-аккаунтында да жазды. Желідегі ақпарат бойынша, негізгі мәселе – жеке деректердің дұрыс толтырылмауында болуы мүмкін.

"Достар! Егер enpf-otbasy.kz онлайн платформасында сіздердің өтінімдеріңіз жойылса немесе жүйе соманы дөңгелектеуді сұраса, онда бұл бірнеше себептерге байланысты болуы мүмкін. Егер қажет сома "0" деп көрсетілсе, онда сіздің өтініміңіз жойылады. Егер қаражат сомасы қосымша белгілермен көрсетілсе, мысалы, "1.000.000" немесе "1000000,00" болса және ТИЫН деп көрсетілсе, онда жүйе қабылдамай, дөңгелектеуді сұрайды. Яғни соманы қосымша белгілерсіз, "1000000" немесе "1234567" деп көрсету керек. Егер сіз бәрін дұрыс енгізген болсаңыз, жүйені жаңарту немесе оған қайта кіру керек. Онлайн платформада жұмыс істеу үшін сізге ЭЦК және nclayer қажет.  Сертификатты Pki.gov.kz сайтынан жүктеп алуға болады", – делінген банктің әлеуметік желідегі хабарламасында. 

Бұған қосарымыз, БЗЖЗҚ-ның ресми мәлімдемесі бойынша желтоқан айында инфестициялық кіріс өскен. Сайттағы азаматтардың жеке кабинетінде көрсетілген сома –қаңтар айындағы мәліметтер. Осыған байланысты қолжетімді сомадан аз қаржыны көрсеткен азаматтардың өтінішін де жүйе қабылдамай тастауы мүмкін. 

Қымбат Нұрғали 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу