Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) соңғы 7 айда салымшылардың жеке зейнетақы шотына инвестициялық табыс ретінде 363,2 млрд теңге аударды.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, зейнетақы активтерінің табыстылығы бір жылда 9,65% -ды құраған. Ал есептік кезеңде елдегі инфляция деңгейі 5,4%-дан аспаған. Сәйкесінше, зейнетақы қорының инвестициялық табысы инфляция деңгейінен 4,25%-ға жоғары болған.
1 тамыздағы дерек бойынша, зейнетақы жинағының жалпы сомасы 10,17 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан санағанда салым сомасы 1,6 трлн теңгеге көбейген.
"Міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасқан зейнетақы жинағы 9,9 трлн, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасынан құралған зейнетақы жинағы 224,9 млрд, ал ерікті зейнетақы жарнасы есебінен толтырылған зейнетақы жинағы 1,9 млрд теңгені құрады. Салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,3 миллионға жетті. Жабылған, есептен шығарылған шоттарды алып тастағанда жыл басынан бері зейнетақы шоттарына 152 мың жаңа шот қосылды", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
2019 жылдың 7 айында қор 124 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемін тағайындаған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде төлем сомасы 110,9 млрд теңге болған.
"Жасына қарай төленген төлем 43,9 млрд, ел аумағынан тыс жерге кетуіне байланысты тағайындалған төлем 26,2 млрд және сақтандыру ұйымдарына аударылған төлем 35,5 млрд теңгені құрады", – деген дерек таратты қордың баспасөз қызметі.
Абылай Бейбарыс