Зейнетақы жинағы 9,9 трлн теңгеге жетті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13654

Инвестициялық табыстылық инфляция деңгейінен 2 есе жоғары болды.

Зейнетақы жинағы 9,9 трлн теңгеге жетті Фото: Серікжан Қобыланбаев

"2019 жылдың 1 маусымында зейнетақы жинағының жалпы соммасы 9,9 трлн теңге болды. Жыл басынан санағанда өсім  6%-ды, ал ақша эквивалентінде 517 млрд  теңгені құрады. 2018-2019 жылдар аралығында қорға 1,6 трлн теңге түсті. Салым сомасы бір жылда 20%-ға ұлғайды", – деп хабарлады Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) баспасөз қызметі.

Таратылған ақпаратта міндетті зейнетақы салымы есебінен құрылған зейнетақы жинақтарының негізгі үлесі соңғы 5 айда 5%-ға немесе 497 млрд теңгеге, ал міндетті кәсіби зейнетақы салымы есебінен қалыптасқан үлес 10%-ға немесе 19 млрд теңгеге көбейгені нақтыланған.

Салымшылардың жеке зейнетақы шоты  соңғы 12 айда 3%-ға немесе 304 мың бірлікке ұлғайып, 1 маусымдағы дерек бойынша 10,5 млн бірлікке жетті. Оның  95%-ы немесе 9,9 миллионы міндетті зейнетақы салымы болды.

"2019 жылдың соңғы 5 айында салымшыларға жұмсалған зейнетақы төлемі  93,4 млрд теңгені құрады. Оның 25,2 млрд теңгесі сақтандыру ұйымдарына аударылды.  37,9 млрд теңгесі зейнет жасына жеткен адамдарға төленді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде БЖЗҚ-дан 92 млрд теңге төленді. Оның 7 млрд теңгесі сақтандыру ұйымдарына жөнелтілді", – деп  жазды қордың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы есебіне есептелген таза инвестициялық табыс 277 млрд теңгені құраған. Осы уақытқа дейінгі инвестициялық табыс 2,37%-ға өскен.

"Бір жылдың инвестициялық табыс көрсеткішін талдайтын болсақ, ол 5,3% инфляция жағдайында 10,6%-ды  көрсетті. Яғни инвестициялық табыстылық инфляция деңгейінен 2 есе жоғары болды", – деп мәлімдеді баспасөз қызметінің өкілдері. 

Айта кетейік, БЖЗҚ салымшыларға қызмет көрсетуге ерекше назар аударып отыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында азаматтарға электронды түрде 8 млн қызмет көрсетілді. Мұның сыртында кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар мен жекеменшік үйде тұратын азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көшпелі қызмет ұсынылды.

Есептік кезеңде 1,5 млн қызмет қор кеңсесінде көрсетілді, қалған 6,2 млн операция электронды форматта атқарылды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу