Зейнетақы жинағы берілмейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9507

БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары кімдер, не себепті жинақтарын ала алмайтынын айтты.

Зейнетақы жинағы берілмейді

Биылғы жылдың III тоқсанында16 мың бұрынғы қазақстандық Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жалпы сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын зейнетақы жинақтарын шешіп алған. Бұған олардың тұрақты тұратын жерін ауыстырулары, яғни ел аумағынан тыс жерге қоныс аударуы себеп болған.

БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның мәлімдеуінше, өтініш иелерінің 34%-ы биыл өзге елге көшкен. Қалған 64%-ы Қазақстаннан ертерек жырақтаған. Осы жылы қоныс аударғандар зейнетақы жинақтарын алуға бірден өтініш берген, бұрын көшкендер бұл мәселені биыл қолға алған.

"Зейнетақы қорындағы жинақтарын алуға өтініш берген азаматтардың күрт көбейіп кетуіне биыл және Қазақстаннан бұрын көшкен адамдардың бір жылда қатар өтініш беруі себеп болды", – деді Сәуле Егеубаева.

Оның сөзінше, БЖЗҚ-дан алынып жатқан зейнетақы жинағының қомақты   соммасына алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі бұл БЖЗҚ-ға қатысқан әр азаматтың жеке зейнетақы жинағы. Олардың бұл ақшаны алуға толық құқы бар.

"Салымшы өз ақшасын тұрақты тұратын жерін ауыстырып, өзге елге қоныс аударған жағдайда ала алады. Егер ол түрлі себептермен Қазақстан азаматтығын жоғалтқан немесе азаматтығынан айырылған болса, онда оған зейнетақы жинағы берілмейді. Елімізде қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған", – деді БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Зейнетақы жинағын алғысы келетін жеке тұлғалар өзге елге қоныс аударып, азаматтығын ауыстырар алдында бірнеше ресми рәсімдерді реттеуге тиіс.  

Бұл туралы Сәуле Егеубаева: "БЖЗҚ тұрақты тұратын жерін ауыстыруға бел буған салымшыға несиесі мен алимент төлеу міндеттемесі жоқ екенін тиісті құжатпен растағанда ғана зейнетақы жинағын береді", – деді.

Оның айтуынша, 2017 жылдың қаңтарынан бері талап өзгерген. Қазір БЖЗҚ-дан ақшасын алғысы келген салымшы жан-жақты тексеруден өтеді.

"Осыған дейін тұрғылықты тұратын жерін өзгертпеген салымшылардың зейнетақы жинағын алып алғаны әшкереленді. Мұндайға алдағы уақытта жол бермеу үшін қолданыстағы талап қатаңдатылды", – деді БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Соңғы кезде БЖЗҚ үлкен цифрлармен таң қалдырып жүр. Өткенде қор зейнетақы активі 8,9 трлн теңгеге жеткенін, салымшылардың саны 10 млн адамнан асқанын сонымен қатар 2018 жылдың III тоқсанында таза инвестициялық табыс  623,6 млрд теңгені құрағаны мен соңғы 9 айда 130,9 млрд теңге зейнетақы төлемін жасалғанын және аты-жөні құпия сақталған зейнеткердің ай сайын 337 059 теңге зейнетақы алып жүргенін жариялаған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу