Зейнетақы жинағы қалай көбейеді?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12014

Былтыр зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 5,8% жоғары болды.

Зейнетақы жинағы қалай көбейеді? Фото: Серікжан Қобыланбаев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шотына есептелген таза инвестициялық табыс 154,9 млрд теңгеге жетті. Бұл – соңғы 4 айдың көрсеткіші.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы зейнетақы активтерінің табыстылығы 10,7%-ға артқан. Бұл уақытта инфляция деңгейі 4,9%-ды құрады. Яғни зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 5,8% жоғары болды.

Айта кетейік, инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі және оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына, зейнетақы жарналарының мөлшері мен аударылу жиілігіне байланысты болады. Табыстың бұл түрі шартты зейнетақы бірлігінің (ШЗБ) құны бойынша саналады.

Әрбір жинақтаушының зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгемен және шартты зейнетақы бірлігі санымен есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен зейнетақы жарнасының сомасы қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы есептеледі. Мысалы, сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 мың теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. Сол күні ШЗБ құны 760,5 теңге болса, сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,2 бірлік болады (10 мың  теңге/ 760,5 теңге). Екі күннен соң,ШЗБ құны 762 теңгеге көтерілсе, (10 мың  теңге/ 762 теңге) ШЗБ 13,1 бірлікті құрайды. Бұл жерде шотқа есептелген инвестициялық табыс ескеріледі. Шотқа есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде қайта бағаланады: 13,2 ШЗБ*762 теңге = 10 058 теңге. Мұнда зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (58 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралатынына назар аудару керек.

Байқағаныңыздай, зейнетақы жинағы инвестициялық табыстың көлеміне байланысты көбейді. Бұл зейнетақы жинағының көбею көрсеткіші жарналардың мөлшері мен тұрақты аударылуына және инвестициялық табыс сомасына тәуелді деген сөз. Яғни зейнетақы жинағын тезірек көбейткісі келетін азаматтар зейнетақы қорына жарнаны дер кезінде сондай-ақ толық көлемде аударуға тиіс.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу