Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында, халықтың зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру туралы айтқан болатын. Жыл соңына дейін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу тетігін әзірлейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
БЖЗҚ- да қанша теңге жиналған?
"Президент Үкіметке және Ұлттық банкке жыл соңына дейін тетік әзірлеуді тапсырды. Халықтың тілегі бар, сондықтан бұйрық берілді", — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы қорында шамамен 10 млн адамға тиесілі 10 трлн теңге бар. Яғни орта есеппен бір адамға 1 млн теңгеден келеді.
"Бұл жағдайда барлық тәуекелдерді есептеп алу керек. Себебі зейнетақы жинағы – қартайғанда пайдаға жарайтын сома. Бүгін оның бәрін шешіп алып, ертеңге ештеңе қалдырмаған жарамайды. Әртүрлі нұсқа бар. Маңызды есепті жүргіземіз деген ойдамын", –деді ол.
Алайда бүгінгі күн баспанасы жоқ адамдардың жеткілікті зейнетақы жинақтары жоқ.
"Қазіргі уақытта алдымызда зейнетақы жинағын шешіп аларлықтай азаматтарда қор жеткілікті ме деген мәселе тұр. Зейнетақы жинағының жеткілікті болуы немесе болмауы деген мәселені ескеру керек. Яғни, біздің жинаған ақшамыз қартайғанда жоқ дегенде минималды мөлшердегі зейнетақыны алып отыруға жетуі тиіс. Ол сома шамамен ер адамдарға 11 млн теңге, әйелдерге 13 млн теңге көлеміндегі қаражат. Егер дәл осы аталған сомадан артық ақша жинаған адамдар зейнетақының бір бөлігін шешіп алуға құқылы болса, олардың дәл қазіргі табысы жоғары деген сөз. Ал менің ойымша, бүгінгі таңда керісінше, бұл ұсыныс табысы төмен отбасылар үшін қолданылуы керек", — деді министр.
Зейнетақы қорындағы ақшаны кімдер ала алады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында: "Үкімет пен Ұлттық банк біраз шаруа атқарып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет. Бүгінде жұмыс істеп жүрген адам зейнетақы жинақтарын пайдалана алмайды. Оны тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат бар. Бірақ ол ақшаның зейнетке дейін пайдаланамын дейтін адамды да түсінуге болады. Сондықтан үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын", - деген болатын.
Президент сөзінен кейін, үйі жоқ адамдар үй алуға жаңа мүмкіндіктер туды деп қуанды, Президент жолдауынан соң, "Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасына қараймыз, шоттағы ақша өмірінің соңына дейін жете ме, оған да мән беру керек. Сондықтан қазір біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті есептеулер жүргізу керек", - деген болатын Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
БЖЗҚ-дағы ақшаның бір бөлігін ғана алуға болатыны белгілі болды. Ол, ең алдымен, бюджеттік мекемеде істейтін қызметкерлерге берілуі мүмкін. Үкімет бірінші бұл мәселені Ұлттық банкпен пысықтамақ. Зейнетақы жинақтарындағы ақшаны баспана сатып алуға немесе білімге жұмсауға болады.
Зейнетке шығу жасы төмендеуі мүмкін бе?
Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында қоғам қайраткері Жәнібек Қожық: "Мәселені экономикалық жағынан зерттеп, қайта қарау керек. Біздің экономикамыз дамып келеді. Зейнет жасын жарты жылдан ұлғайтқанның орнына, жарты жылдан төмендету керек. Осылайша, 55-60 жаста тоқтату қажет",– деді. Оның айтуынша, бұл халықты толғандыратын қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.
Қазір әйелдердің зейнетке шығу жасы 59-да, ал ерлер 63-те зейнеткерлікке шығады. 2018 жылдан бастап елде әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63 жасқа дейін ерлер үшін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды. Ал биыл әйелдер 59 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығады.
Айдана Тілеуғабылова