Зейнетақы жинағын пайдалану: Президент тапсырмасының жайы не болды?

23159

БЖЗҚ жинағына COVID-19-дан емделуге рұқсат етілуі мүмкін.

Зейнетақы жинағын пайдалану: Президент тапсырмасының жайы не болды?

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануға мүмкіндік беру мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырды. Бұл міндет ел Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында жария етілді. Содан бері тура он ай өтті.

Осыдан екі айдай бұрын, 2020 жылғы 11 мамырда ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның соңғы отырысында Мемлекет басшысы сол тапсырмасын еске салды. Бұл ретте Қ.Тоқаев биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынатынына – 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер іске қосылатынына назар аудартты.

Экономикадағы дағдарыс, коронавирустық пандемия, төтенше жағдай, карантин, кәсіпкерлікке шектеулер, ТЖ төлемінің тоқтатылуы қазақстандықтардың тұрмысын төмендетті, табысын құлдыратты. Ендеше сонша баспананы кім сатып алады? Құрылыс компаниялары үй кезегінде тұрғандар үшін әкімдіктер көтерме сатып алар деп шаршы метрді арзандатпай отыр. Сонда былайғы жұрт не істемек? Көбінің карантин кезінде оқшауланатын баспанасы да жоқ.

Президент оның жолын, жөн-жобасын ұсынды: азаматтарымыздың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға пайдалануы осы саладағы жүйелі өзгерістің жалғасы болмақ.

"Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мәселе. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі. Мен аталған мәселе бойынша бұған дейін тапсырма бергенмін. Бірақ төтенше жағдай режиміне байланысты оның орындалуы созылып кетті. Осыған орай шешім қабылдайтын кез келді. Оны Үкімет 1 шілдеге дейін жария етуге тиіс!" – деп жаңа меже-мерзім белгіледі Қ.Тоқаев Ұлттық кеңес отырысында.

Белгіленген күн артта қалды. Жұртшылық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің құлағын шулатуда. Өйткені осыны қарастыратын заң жобасының шұғыл қабылдануын ел зарыға күтіп жүргенде, жуырда Парламент каникулға кетіп қалды. 

"Мамыр айының басында Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарын бұқараның баспана мәселелерін шешу үшін пайдалануы туралы шешімді 1 шілдеге дейін жариялап, заң жобасын енгізуді тапсырды. Осы тапсырманың жағдайы не болды?" – деп сұрады қоғам белсендісі Аскар Ищанов министрден.

Біржан Нұрымбетов қолданыстағы заң бойынша зейнетақы жинақтарының нысаналы бағыты біреу – тек зейнетақы төлеу екенін білдірді.

"БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын басқа мақсаттарға жұмсау мәселесіне келсек, Премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін жұмыс тобы құрылған болатын. Қазіргі кезде топ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, немесе құны қымбат емдеудің ақысын төлеуге пайдалануға мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды жалғастыруда", – деп қысқа қайырды министр Б.Нұрымбетов.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бүгінде Сингапурдың тәжірибесін қарастыруда. Меморган Азиядағы осы шағын мемлекет өз азаматтарын тұрғын үймен қамтудың екі жолын ұсынатынын жеткізді.

Біріншіден, тұрғын үй сатып алғысы келетін сингапурлықтар ең алдымен көп қабатты аудандарды жоспарлаумен және салумен айналысатын мемлекеттік ұйымға арзан кредит алу үшін жүгінеді. Әйткенмен, одан үмітті отбасының орташа айлық жиынтықты табысы 14 мың АҚШ долларынан, "кеңейтілген отбасының" (үйленген немесе бойдақ, жұмыс істейтін балалары ата-анасымен бірге тұрады) табысы – 21 мың доллардан, ал жалғызбастылар табысы – 7 мың доллардан аспауға тиіс. Демек, онда билік шылқыған бай адамдарды қолдамайды. Мемлекеттік ұйым өтініш иесінің құжаттарын талдап, кредит алуға мүмкіндігі барын немесе жоғын растайды. Несиені 95 жасқа жеткенше төлеуге рұқсат!

"Сонымен қатар пәтер құнын төлеу үшін зейнетақы қорындағы барлық жинақты пайдалануға болады. Егер қызметкер не жұмысшы жылжымайтын мүлік алу үшін барлық жинағын алып кетсе, ол қартайғанда туындар зейнеткерлік қажеттіліктерін қанағаттандырған болып есептеледі. Тиісінше, егер азамат ол баспананы сатса, онда алып кеткен жинақ сомасын кері қайтаруы керек. Бұдан бөлек ол сол қаржысы есепшотта жатқанда қосылуы мүмкін процентті де қосуға тиіс болады. Бірақ басқа да опция бар: егер салымшы қайтадан тұрғын үй сатып алуға бел буса, онда бұрынғы баспанасын сату кезінде қайтарған соманы және оған қосқан үстеме ақшасын тегіс алып, өз жинағын тағы да пайдалана алады", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Біздің елімізде Сингапурдың және өзге елдердің қандай озық үлгісі өмірге жолдама алатыны әзірге беймәлім.

Бір белгілісі, азаматтарға БЖЗҚ-дағы ақшасының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылады деп жоспарланған. Ол құжатты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеуде. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу