Енді алдағы уақытта бұл мүмкіндікке қол жеткізу қиындай бастайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұлай деуімізге себеп жоқ емес, таяуда БЖЗҚ-дағы қаражатты емдеу мақсатына пайдалану толық тоқтатылды. "Отбасы банкінің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осындай шектеудің 6 айға енгізілгенін мәлімдеді. Енді банк өкілдері жарты жыл бойы "зейнетақы қаржысын медициналық мақсатта пайдалануға бола ма, әлде тоқтатамыз ба?" деген сауалды сараптайды.
Негізі зейнетақы қаржысын медициналық мақсатта пайдалану тұсы әуелден-ақ тиімсіз екенін көрсеткен. Былтыр қыркүйекте стоматологиялық бағыт бойынша қаражат алуды тоқтатты, енді жел радиохирургия жақтан соқты. Ауырмаса да ауырған адамның кебін кигендер радиохирургиялық емді жағалай бастаған.
Ал қатерлі ісіктер мемлекет есебінен тегін емделетіні қайда қалды?
Стоматология бойынша шектеу 2024 жылдың шілдесінде басталды. Алдымен Отбасы банк протездеу және имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаржы беруді доғарды. Отбасы банк мұны қызметтік тексерулер барысында жалған құжаттарды пайдалану, сондай-ақ нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілерімен түсіндіріп, 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында қаражат беруді тоқтатуды жоспарлаған. Сол қызметтік тексерудің соңы 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін тіс емдеуге өтініш қабылдаудың уақытша тоқтатылуына ұласты.
Банктің мәліметінше, 2021 жыл мен 2025 жылдың аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңге аударылған. Соның 222,61 млрд теңгесі 20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың 3 қалада ғана орналасуы заңсыздық барын көрсетті.
Тіс емдеу тоқтатылғанда аяқ асты радиохирургия бойынша өтінімдер қаптаған. Бұрын ол бойынша өтінім бір айда 10 шақты ғана болса, қаңтарда өтінімдер саны 7 мыңға жеткен. Елімізде протон терапиясы мен радиохирургиялық емдеу білікті дәрігерлер шоғырланған "Нейрохирургия ұлттық орталығы" АҚ, Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Ядролық медицина және онкология орталығында ғана жүзеге асады.
Енді Отбасы банк зейнетақы жинақтарын баспана ипотекасын өтеуге пайдалануға қатысты тұстарын да өзгертіп жатыр. Енді ипотеканың бір бөлігін зейнетақы қорындағы ақшамен өтегенде тек негізгі қарыз сомасын ғана төлей аласыз, пайызын өзіңіз өтеуге мәжбүрсіз. Бұрын шекті мөлшерден асқан сомамен пайызын да өтей беруге болатын.
Оның үстіне, enpf-otbasy.kz платформасында БЖЗҚ ақшасын пайдаланып қарызды өтеу үшін берілетін өтініштер 30 қаңтардан 2 наурызға дейін қабылданбайды. Байқап қарасақ, шенділер бара-бара зейнетақы қаржысындағы шекті мөлшерден асқанын түбегейлі тоқтатуға көшетін сыңайлы.
Негізі бұндай тәжірибе әлемнің кей елдерінде бар. Бірақ қатаң бақылау арқылы жүзеге асады. Қаржыгер, ACCA халықаралық ұйымының мүшесі Раушан Тасшоинованың сөзінше, дамыған елдердің басым бөлігінде зейнетақы қаражаты медициналық қызметтер нарығына еркін жіберілмейді. Кей елдерде мұндай мүмкіндік мүлде жоқ, ал кейбірінде ол қатаң қаржылық және институционалдық шектеулермен аударылады. Яғни, біздегідей жаппай заң бұзушылыққа жол берілмейді.
– Қазақстандық модельде дәл осы элементтер жетіспеді. Бақылау көбіне декларативті сипатта қалып, жауапкершілік нақты айқындалмады. Сондықтан төлемдерді уақытша тоқтату шарасы амалсыздан қабылданған шешім. Осы үзілістен кейін ережелерді жай ғана "реттеп", терең өзгеріссіз қайта іске қосса, бұрынғы схемалардың қайта қайталану қаупі бар, – деп ескертті Тасшоинова.
Сарапшының ойынша, енді жүйе сараланған басқару моделіне көшуі қажет. Бұл жүйе ең бастысы қатаң бақылау арқылы заңбұзушылық пен экономикалық тұрғыда тиімсіз қадамдарды болдырмағаны жөн.
Әрине, көпшілік зейнетақы жинақтарындағы шекті мөлшерден асқан сомаға бақылау күшейтілгенін, кей тұстарда тыйым салынғанын қаламасы анық. Бірақ зейнетақы әуелден бүгіннің емес, ертеңнің жұмсалатын шығыны екенін ескерген жөн. Әр адамның келешектегі қаржылық тұрақтылығы үшін, ережелерді қатаңдатудан басқа жол жоқ.