Зейнетақы жинағына алынған үйді 5 жылға дейін сатуға шектеу қойылады

16642

"Отбасы банкі" зейнетақы жинағын баспана алуға пайдаланғысы келетін азаматтарға оператор болады.

Зейнетақы жинағына алынған үйді 5 жылға дейін сатуға шектеу қойылады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 30 жастағы азаматтың 2 млн 518 мың, 35 жастағы азаматтың 2 млн 961 мың, 40 жастағы азаматтың 3 млн 437 мың, 45 жастағы азаматтың 3 млн 947 мың, 50 жастағы азаматтың 4 млн 495 мың, 55 жастағы азаматтың 5 млн 84 мың, 59 жастан асқан азаматтың 5 млн 586 мың теңгесі болуы керек. Бұл жинақталуға тиісті қаражат. Салымшылар осыдан асқан ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және қаржы компанияларының басқаруына беру үшін ала алады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты берген түсінігі осындай болды. 

Біржан Нұрымбетовтің түсіндіруінше, зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін "жеткіліктілік шек" ерлер мен әйелдерге бірдей болады. "Жеткіліктілік шек" жыл сайын есептеліп отырады.

"Зейнетақы қорындағы жарнаның "жеткіліктілікті шегі" әр жасқа бөлек белгіленеді. Бұл шек 20 жастан бастап есептеледі", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары бар азаматтардың жиналған сомасы "жеткілікті шектен" асса, оларға артық ақшаны кәдесіне жарату мүмкіндігі беріледі. 

"Мақсат ақшаның бәрін таратып беру емес, оның қажетті бір бөлігі қалуы тиіс. Одан асқан ақшаны азаматтарға өз еркімен жоғары мақсаттарға пайдалануға болады.  Мұндай азаматтардың саны 530 мың адамға жетіп отыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Зейнет жасына жеткен адамдар да қордағы артық ақшаны пайдалана алады.

"Егер оларда зейнетақы қорында қаражаттары бар болса, оның 50 пайызына дейін алады. Мұндай адамдардың саны 178 мыңнан асады. Олардың арасында құқық қорғау органдарының зейнеткерлері де бар. Оларға қойылатын бір ғана шарт – зейнетке шыққан азаматтардың мемлекеттен, жинақтаушы қордан алып отырған зейнетақысын қосқан кезде, зейнетке шыққан кездегі табысының 40% төмен болмауы керек", – деді министр. 

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және қорда жинағы бар азаматтар да  ақшаларын ала алады. 

"Зейнетақы анниутитетін рәсімдеген қазақстандықтардың зейнетақы жинағын сақтандыру қорына аударғаннан кейін жинақтаушы қорда қаражаты қалса, олар оны толығымен шешіп ала алады. Мұндай адамдардың саны 13 300. Дәл қазір зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны белгілі болып отыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, зейнетақы жинағын баспана алуға пайдаланғысы келетін азаматтарға "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" негізінде құрылатын "Отбасы банкі" оператор болады. 

"Салымшы зейнетақы жинағындағы шекті соммадан асқан ақшасын өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырамыз", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Министрдің мәлімдеуінше, зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй, жер телімін немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады. Пәтерді бастапқы нарықтан ғана емес, қайталама нарықтан да алуға мүмкіндік беріледі. 

"Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге де болады. Ондай шарттар кез келген банктен және кез келген бағдарламамен алынған ипотекаға қатысты. Жеке тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл жерде бір ғана шектеу болуы мүмкін. Зейнетақы жинағына алынған үйді 5 жыл сатуға болмайды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, "Отбасы банкі" зейнетақы жинағын баспана алуға пайдаланғысы келетін азаматтарға оператор болады. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі операцияны жүзеге асырудың тәртібін белгілейді.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделу төлеміне пайдалану үшін салымшы денсаулық сақтау басқармалары (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) жанынан арнайы құрылған комиссияға жүгінеді. 

"Зейнетақы жинағы есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидасын денсаулық сақтау министрлігі айқындайды", – деді министр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу