Зейнетақы жинағынан алынатын ақшаға cалық салынбауы мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5372

Мәселе республикалық бюджет комиссиясында қаралады. 

Зейнетақы жинағынан алынатын ақшаға cалық салынбауы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың ашуына тимеуді және депутаттар мен экономистердің ұсынысына құлақ түруді жөн санаған секілді. Бұлай деуге аты аталған мекеменің зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу кезінде салынатын 10% салықты алып тастау бастамасын көтеруі негіз болып отыр.

Естеріңізге салайық, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті зейнетақы жинағынан ақша алған азаматтар 10% салық төлеуге тиіс екенін мәлімдеді.

"Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, (Салық кодексінің 326-бабы) жеке табыс салығы салынатын табысқа бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан салық төлеушілердің зейнетақы жинақтарынан төлейтін төлемдер де жатады. Тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы жинағынан ішінара алынатын қаражатқа 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі. 

Осыны естіген халық ұлардай шулады. Қарапайым адамдардың түйсігі жылдар бойы жинаған зейнетақы жинағына салық салынады деген талапты қабылдай алмады. Мәжіліс депутаты Артур Платонов пен экономист Олжас Құдайбергенов халықтың сөзін сөйледі.

Депутат: "Азаматтардың зейнетақы жинағын алу кезінде салық түрінде ұстауға жоспарланған қаражат мемлекеттің барлық экономикалық мәселесін  шешпейді, алайда тұрғын үй мәселесін шешуде, азаматтарды емдеуде айтарлықтай көмек болады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу туралы Мемлекет басшысының бастамасы халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған. Сондықтан зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану ерекше жағдай ретінде қарастырылуы керек. Мәселені заңға өзгеріс енгізу арқылы шешуге болады", – деді.

Ал өз кезегінде экономист: "2021 жылдың 1 қаңтарына дейін заңнамаға өзгеріс енгізіп, зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу кезінде салымшыларға салынатын 10% салықты алып тастауға, сәйкесінше халыққа жеңілдік жасауға болады", – деді.

Осының барлығы назардан тыс қалмаса керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұлттық экономика министрлігіне салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Онда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын үй алуға және емделуге алатын азаматтарға 10% көлемінде салық салмау  мәселесі қозғалған. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігі: "Мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, ұлттық экономика министрлігі барлық әлеуметтік-экономикалық аспектілерді сараптап жатыр. Жергілікті бюджеттің түсімін қысқартуды көздейтіндіктен, мәселе республикалық бюджет комиссиясында қаралуға тиіс", – деді.  

Ұмытпасаңыздар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы жолдауында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компаниялардың иелігіне беруге пайдаланатынын айтты. Осының ізінше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің 721 мың азаматында дәл осындай мүмкіндік бар екенін, олар шамамен 1,4 трлн теңге ала алатынын жариялады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу