Зейнетақы жинағынан қара жамылған отбасыға бір реттік төлем төленеді

9374

БЖЗҚ қайтыс болған адамдарды жерлеуге зейнетақы жинағынан 126 022 теңге бөледі.

Зейнетақы жинағынан қара жамылған отбасыға бір реттік төлем төленеді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының таза инвестициялық табысы өткен жылы 17%-ға ұлғайып, 551 млрд теңгеге жетті. Ал міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) жинағы 2016 жылмен салыстырғанда 38%-ға көбейіп, 719 млрд теңгені құрады.

Былтыр ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) жинағы 0,8%-ға көбейіп, 9,9 млн болды. Оның 9,4 млн теңгесі, яғни 95,3%-ы МЗЖ-ның еншісіне тиді. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) жинағы 41,4%-ға артып, 142,4 млрд теңгені еңсерді.

БЖЗҚ-ға 2017 жылы түскен зейнетақы жарналарының негізгі бөлігі МЗЖ салымынан түзілді. МЗЖ жинағы барлық зейнетақы жарнасының 53,1%-ын құрады.

Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бір жылда 7,8%-ға көбейіп, 37,3 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан шыққан ақшаның басым бөлігі зейнетақы төлемдерін төлеуге жұмсалды. Бұл мақсатқа 211,1 млрд теңге қарастырылды.

2017 жылы БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстан түскен комиссиялық сыйақысы 28,1 млрд, зейнетақы активтерінен түскен табысы 18,7 млрд теңге болды.

Қазақстаннан қоныс аударып, тұрғылықты мекенжайын өзгерткен адамдарға БЖЗҚ-дан 26,8 млрд теңге төленді. Зейнетақы жинақтарын сақтандыру компанияларына аударуға қатысты өтініштерді қанағаттандыру үшін БЖЗҚ-дан 26,1 млрд теңге, сонымен қатар мұраға қалдырылған және бір рет төленетін жинақ соммасын өтеу үшін 22 млрд теңге жұмсалды.

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға 2015 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдері ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын болды. Егер алушы өтініш берген күні, оның жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Бүгінгі уақытта оның мөлшері - 404 940 теңге. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді.

Біле жүріңіз, ай сайынғы төлемнің мөлшері "Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне" сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді. Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан төмен болмайды. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері: 28 284 теңге. Мұның 54%-ы ақшаға айналдырғанда 15 274 теңге болады.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда қор қажеттілікке қарай марқұмның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. (Биыл бұл төлем: 2405*52,4 = 126 022 теңгені құрайды).

Айта кетерлігі, біржолғы төлем жеке зейнетақы шотында жатқан қара­жат­тан аспауы керек. Егер жерлеуге арнал­ған біржолғы төлемнен кейін шотта қал­ған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл ол: 33 745 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу