Зейнетақы жүйесі не үшін жаңғыртылды

10282

Салымшылардың зейнетақы шоттары автоматты түрде ашылып жатыр.

Зейнетақы жүйесі не үшін жаңғыртылды

"Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына  енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, елімізде 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі іске қосылды. Ол азаматтарға бірден төрт түрлі төлем төлеу мүмкіндігін берді. Атап айтар болсақ, БЖТ арқылы салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын, БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әлеуметтік жарналарын аудару құқығы берілді.  

БЖЗҚ Астана қалалық  бөлімшесінің директоры -басқарушы  директор Мұрат Шариповтың сөзінше, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты мақсат – зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

"Өзгеріс енгізілген қолданыстағы зейнетақы заңнамасы бойынша, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, олар жеке тұлғаларға, оның ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарнасын төлейді. Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарнасын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып саналады. Егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасаса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарнасын төлеу оның міндетіне жатпайды. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауға тиіс", –  деді Мұрат Шарипов.

БЖЗҚ өкілінің сөзінше, биылдан бастап жеке зейнетақы шоттары автоматты түрде ашылатын болған.

"2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарнасы бойынша шот ашу үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қорда міндетті зейнетақы жарнасы бойынша ашылған шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен кезде шот өздігінен рәсімделеді", – деді Мұрат Шарипов

Сө арасында ол 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат электронды үкімет порталы арқылы алу тәртібі жеңілдітілгенін жеткізді.

"Бүгінгі таңда салымшылар (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңбамен ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен де алып жүр. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі. Мәселе осылайша оңай әрі жылдам  шешіледі", – деді Мұрат Шарипов.

Естеріңізге салайық, БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда "ГНПФ" ЖЗҚ" АҚ негізінде құрылды. Қазақстан үкіметі құрылтайшысы болып табылатын ұйымның зейнетақы активтерін Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныс жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес, БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды сонымен қатар зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу