Бүгінде ел аузында жүрген ең өзекті тақырып – қамсыз қарттықтың кепілі зейнетақы жинақтары. Мемлекет басшысы қол қойған заңның тетіктері күні кеше ғана әзірленіп, "Отбасы банк" өтінім қабылдай бастады. Бұл аралықта мамандар кімнің қанша алатынын, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қанша сома төленетінін есептеп үлгерді. Берілген мүмкіндікті осы уақытқа дейін шоттарында 2,5 трлн теңге жинаған 761,4 мың салымшы пайдалана алады. Алайда қордағы қаржының азаюы болашақта әлеуметтік мәселе тудырмай ма? Жинақтары азайғандар жасы келгенде зейнетақыдан қағылмай ма? Берілген мүмкіндікті қалай пайдаланған абзал? Бұл сұрақтарға экономика ғылымдарының кандидаты, "Тұран-Астана" университетінің профессоры Бауыржан Ысқақов жауап берді.
– Бауыржан мырза, есептеулер бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат алынуы мүмкін. Бұл жалпы зейнетақы жүйесі үшін үлкен тәуекел емес пе?
– Соңғы деректер бойынша бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қазақстандықтардың 12,2 трлн теңгеден аса қаражаты бар. Ал мерзімінен бұрын қаржысын ала алатын азаматтар саны қор салымшыларының 6,5%-ын құрайды. 2,5 трлн теңге әлбетте аз сома емес, бірақ бұл үлкен мүмкіндік. Орта есеппен әр адамға 3,2 млн теңгеден келеді. Көпшілік, шамамен 80%-ы бұл соманы тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсары анық. Ал медициналық қызмет ақысын төлейтіндер меніңше аз болады. Ал бірнеше үйі бар азаматтар қаражатты басқарушы компанияларға беру деген нұсқаны қарастырса деймін.
– Басқарушы компанияларға беру жинақтың инвестициялық кірістілікті арттырудың бір тәсілі емес пе? Оның қаржыны қорда сақтағаннан қандай айырмашылығы бар?
– Жинақты жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру дегеніміз – салымшы белгілі бір компанияларға шотындағы қаражаттың бір бөлігін басқаруға рұқсат береді. Ал бұл мекемелер құнды қағаздар, облигациялармен жұмыс істеп, ақшаны көбейтеді. Бірақ бұл тұста шешілмеген бір мәселе бар. Қазір тұрғын үй бойынша оператор бекітіліп, өтінім қабылдау басталғанымен қаржыны басқаратын жеке компаниялардың тізімі әлі бекітілген жоқ, себебі олар аккредитациядан өтуі керек. Иә, жинақтаушы қорында да салымның инвестициялық кірісі болады. Басты айырмашылық мынада. Мәселен, 2019 жылы жылдық инфляция 5,6%-ды құрады. Ал қордың инвестициялық кірістілігі 11,5% болды.
– Яғни, зейнетақы активтері бойынша таза жылдық кіріс шамамен 6%. 2020 жылы 3,4%. Ал депозиттер бойынша жылдық табыс 10-14%-дан аспайды. Қаржыны басқарушы компанияларға беру арқылы табысты анағұрлым арттыруға бола ма?
– Дәл солай. Мәселен, 2013-2016 жылдары өткен "Халықтық IPО" жобасы естеріңізде болар. Сол кезде "Транстелеком" компаниясының акцияларының 10%-ын сатылымға шығарылған. Бастапқыда 1 акция 725 теңге тұрса, тура 3 айдан соң оның бағасы 1250 теңгеге жетті. Бар болғаны 3 айда қанша дивиденд түсті?! Сол сияқты қаржыны тұрақты дамып келе жатқан, сенімді компанияларға салу арқылы арттыруға болады.
– БЗЖҚ қаражаттың бір бөлігін Әзірбайжан банкіне инвестицияланып, кейін ол банкрот болғаны есте. Халықтың зейнетақы жинағын салған компаниялар да соның кебін кимей ме?
– Ол кезде біздің жинақтарымыздың "тағдырын" мемлекет шешкен. Ал жинақтарды басқаруды салымшылардың өздеріне берсек әр адам жинағын өзі басқарады. Бұл жағынан реттеу, қадағалау қатаң болады деп ойлаймын.
– Бұл қаржылық сауаттылық мәселесіне келіп тіреледі емес пе?
– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың өзі халықтың қаржылық сауаттылығын арттырады. Бұрын бұл тақырыпқа бас қатырмайтындар шоттарындағы қаржысын есептей бастайды. Жинақтарына үй алғысы келетіндер көбірек салым салудың жолын іздейді. Ал үйге де, емге де жинағы жетпейтіндер ақшаны тиімді басқарудың тәсілін қарастырып, қаржы компанияларын мен облигацияларды зерттеуге көшуі мүмкін. Яғни, барлығы бір-бірімен байланысты дүние.
– Елімізде ай сайын жинақтаушы қорға табысының 10%-ын аударатын салымшылар саны 30%-дан аспайды. Дамыған мемлекеттерде олардың үлесі 70%-дан жоғары. Мемлекеттік бюджет жүктемесін қалай төмендете аламыз?
– Осы реформа халықты ынталандырады деп есептеймін. Шынын айту керек бізде салық төлемейтін, көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көп. Бұдан былай 1998 жылдан бері зейнетақы қорына ақшаларын аударып келгендердің үй алып, құнды қағаздарға инвестициялап жатқанын көргенде болашақтың қамын ойлап, бизнесті ашық жүргізуге тырысады деп есептеймін. Осы уақытқа дейін қордағы қаржы қолжетімсіз, қарттық алда деп ойлағандар қаржының ешқайда жоғалып кетпегенін және оның пайда алып келетінін көріп, әрекет ете бастайды. Ал ақшаларын шешіп алғандар қартайғанда зейнетақысыз қалмаудың амалын ойластырып, салым салуды тоқтатпайды. Қазіргі уақытта жиынтық зейнетақы құрамында мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылардың үлесі басым. Бізде халық табысының бар болғаны 10%-ын қорға аударса, Сингапур мемлекетінде 37%-ын аударады. Оның 20%-ын жұмыс беруші төлейді. Сондықтан мемлекеттік бюджет жүктемесін төмендету үшін бұл үдеріске жұмыс берушілерді де тарту керек.
– Сингапур жүйесі бойынша қаржы бірден тұрғын үй сатып алуға арналған арнайы шотқа түседі емес пе?
– Олардың жинақтары 3-ке бөлінеді. Бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға арналған арнайы шотқа, екінші емделуге, үшінші қаржы активтеріне немесе "қаржылық қауіпсіздік жастығына". Нәтижесінде экономикалық белсенді халықтың 90%-ы баспанамен қамтылады, медициналық көмекті дер кезінде алады. Сондықтан осы жүйені негізге алуға болады.
– Ал 1997-1998 жылдары зейнетақы жүйесі Чили мемлекетінің үлгісі негізінде құрылды. Оған қалай қарайсыз?
– Қазір бізге Чилидің үлгісіне қарағанда Сингапур үлгісі жақынырақ. Себебі бізде де нарықтық экономика, жинақтардың үштен екісі ұлттық валютамен, үштен бірі доллармен сақталған. Мұндағы басты айырмашылық жұмыс берушілердің салым салмайтыны ғана. Бірақ елімізге зейнетақы жүйесін әлі де жетілдіріп, экономикамызға лайықтау керек. Екеуі қатар дамуға тиіс.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !