Зейнетақысы аз мұғалім қалай өмір сүреді?

Зейнет жасына жақындаған ұстазға әдетте "Жастарға жол берсін!" деген сарындағы бұйрық жиі айтылады. 

Зейнетақысы аз мұғалім қалай өмір сүреді? Фото: Парламентская газета

Тиісінше "мұғалімдер зейнетке ерте шығуы керек" дейтіндер бар. Ал, кейбір педагог жасы жетіп тұрса да, мектеппен "қоштасқысы" келмей қалады. Бұл мәселеде қоғам пікірі қақ жарылуға бейім, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, мұғалім Ақмарал Шатемірқызы білім саласына бар өмірін арнаған жандардың еңбегі аяқасты етілетініне қынжылады. Ол ұстаздардың зейнетақысы жетпейтіндіктен, амалсыз жұмыс істейтінін және істегісі келетінін айтып отыр.

– 170-200 мың теңге зейнетақысы бар зейнеткер қалай өмір сүре алады? Шетел аралап, туристік сапарға шыға ала ма? Немесе жай ғана емін-еркін күн көре ме? Коммуналдық қызметтерге кететін шығындар тағы өсті! Міне, сондықтан зейнеткер мұғалімдер білім беру саласына қайта оралып, қосымша табыс табуға мәжбүр. Бұл олардың материалдық қажеттілігінен туындайды, – дейді ол.

Педагогтың айтуынша, бұл жалғыз себеп емес. Десе де, қаржылық жағдай қай кезде де маңызды. Жастарға орын беруді бәрі біледі, түсінеді. Бірақ, жүйедегі кемшіліктен зейнеткер мұғалімдер жайлы өмір сүре алмай жатыр.

– Мұғалімдер өзінің тәжірибесі мен білімін жастарға беруді өз парызы деп түсінеді. Денсаулығы жарап тұрса, олардың жұмыста қалуы – қоғам үшін үлкен игілік. Бірақ қоғам не дейді? "Неге үйінде тыныш жатпайды?", "Жастарға жол берсін!" тағы осы сарындағы сөздер. Мұндай сөз айту – оңай, ал жағдайды түсіну – қиын. Жастарға жол беруді бәрі түсінеді. Бірақ зейнеткерлердің лайықты өмір сүре алмауы – бұл жүйенің кемшілігі. Зейнетақы мөлшері мен өмір сүру құны арасындағы теңсіздік оларды әлі де еңбектенуге мәжбүрлейді, – деп ашынады А.Шатемірқызы.

Көптеген шетелде зейнеткер ұстаздардың әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Бір ғана мысал, Жапонияда мұғалімдер – өте сыйлы мамандық иесі. Зейнет жасына шыққан педагогтерге де қоғам тарапынан ерекше құрмет көрсетіледі. Олардың жұмыс тәжірибесі жоғары бағаланып, ақыл-кеңесі практикада қолданылады. Ұстаздар зейнетке дейін де, кейін де қаржылай қиындық көрмейді деуге негіз бар. Сондай-ақ, әлемнің бірнеше елінде зейнеткерлер әлеуметтік кепілдіктермен толық қамтамасыз етілген. Зейнетақылары тек күнкөріске ғана емес, саяхаттауға да, басқа да қажеттіліктерін толық өтеуге жетеді.

Ы.Алтынсарин төсбелгісі иегері, ұстаз Ақмарал Шатемірқызы "еліміз мұғалімге бейнеттінің зейнетін көруге жағдай жасай алмаса, ары қарай жұмыс істеуі үшін мүмкіндік беруі тиіс" деген пікірде.

– Егер зейнеткердің өмір сүру сапасын жақсарту мүмкін болмаса, олардың жұмысқа қайта оралуына неге кедергі жасаймыз? Бұл біздің қоғамымыздың ұстаздардың тәжірибесі мен еңбегіне деген көзқарасын көрсетеді.

Ұстаздарды қолдау – әділетті қоғамның айқын көрсеткіші. Мұғалімдердің сыни көзқарасы мен пікірі білім беру жүйесін жетілдіруге ықпал етуі тиіс. Ұстаз беделін құрметтей отырып, олардың еңбегін бағалауды ұмытпайық.

Мұғалімнің бүкіл өмірін білім саласына арнап, елге үлгі болғанын ескерсек, оны сын айтқаны үшін немесе зейнеткер болғаны үшін жұмыстан шығару – моральдық тұрғыдан әділетсіздік, биліктің әлсіздігі!

Зейнеткер ұстаздардың еңбегі – тәжірибе мен білімнің сарқылмас қазынасы. Олардың еңбегін елемеу, пікірін жоққа шығару – біздің білім беру жүйесіне деген көзқарасымызды көрсетеді, – деп сөзін жалғастырды ол.

Шыны керек, қоғамда "ұстаздардың зейнет жасын қысқарту керек" дейтіндер табылады. Бұл пікірдің жаны бар секілді. Бейнетінің зейнетін көре алмай кеткен педагогтер де аз емес. Қазақстанда зейнет жасына шыққаннан соң, мұғалімнің келісімшарт арқылы жұмыс істеуіне болады. Бірақ келісімшарттың оңды-солды бұза салуға заң рұқсат бермейді. Рұқсат бермеуі керек те.

– Мейрамгүл атты ұстаз 2024 жылы мамыр айында зейнетке шықса да, қол қусырып қарап отырмай, өз мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырмақ болып, 2024-2025 оқу жылына директормен келісімшарт жасаған. Иә, елімізде зейнет жасынан кейін де зейнетке шыққан мұғалімдер мектептерде қызмет етуде. Ал оның келісімшарты неге аяқастынан тоқтатылды?

Егер зейнеткер ұстаздың қызметі тоқтатылса, оның заңдылығы қандай негіздерге сүйенген? "Нысаналы мектеп" жайлы айтылған сыни пікірі үшін бе?

Бүкіл өмірін білім саласына арнаған мұғалімді сын айтқаны үшін немесе зейнеткер болғаны үшін жұмыстан шығару – әділетсіздік, қоғам алдында мұғалімдердің беделін төмендету. Білім саласы басшылары тарапынан жасалып отырған мұндай қадам – басқа ұстаздардың, жас мұғалімдердің қоғамдағы мәселелер жайлы ашық пікір айтуға деген ынтасын төмендету.

Еңбек кодексі бойынша Келісімшарт мерзімі аяқталмаған. Қызметтік этика мен адамгершілік құндылықтар ше? Маңызды емес пе?

Егер зейнеткер ұстазды жұмыстан шығаруға "нысаналы мектеп" жайлы айтқан сыны себеп болса, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясындағы сөз бостандығы құқығын шектеуге ұқсайды, – дейді Ақмарал Шатемірқызы.

Соңғы жылдары "Педагог мәртебесі" туралы заң қабылданса да, мұғалім тағдырына бейжай қарайтын жағдайлар жиі кездесіп жүр. Бұған – Семей қаласындағы шырша безендіру барысында биіктен құлаған мұғалімнің жайы себеп. Сондай-ақ, білім саласын сынаған кейбір педагогтер де басшылық тарапынан қысым көріп жатады. Егер ұстаз сын айтса, ол шын болса, сынды жүйені жетілдірудің маңызды бөлігі деп қабылдаған жөн.

Айта кетейік, бұған дейін 93 жастағы зейнеткер ұстаздың түлектерімен қайта қауышқан сәті жұртты тәнті еткенін жазған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу