Зейнеткерлер үшін өмір сүруге ең қолайлы елдер аталды

196

Шетелге қоныс аударып, зейнет жасын басқа елде өткізгісі келетіндер үшін ең қолайлы мемлекет анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Euronews басылымына сілтеме жасап.

Зейнеткерлер үшін өмір сүруге ең қолайлы елдер аталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Global Citizen Solutions ұйымының 2026 жылғы халықаралық рейтингі бойынша 1-орынға Уругвай шықты. Ал былтыр көш бастаған Португалия бұл жолы 5-орынға түсті.

Рейтингте барлығы 46 елдің зейнеткерлер мен пассивті табысы бар адамдарға арналған бағдарламасы сараланған. Бағалау кезінде өмір сүру сапасы, саяхат еркіндігі, азаматтық алу мүмкіндігі, салық жүйесі, өтініш беру рәсімі және оның құны ескерілген.

Уругвай бес негізгі көрсеткіштің ешқайсысында жеке-дара бірінші орын алмағанымен, барлық санат бойынша тұрақты нәтижелер көрсетіп, жалпы рейтингте көш бастады.

2-орынға Маврикий жайғасты. Ел қолайлы салық режимімен және өмір сүру сапасы бойынша жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген.

Үздік ондыққа Еуропаның 6 мемлекеті кірді. Олар:

  1. Уругвай

  2. Маврикий

  3. Испания

  4. Латвия

  5. Португалия

  6. Андорра

  7. Италия

  8. Грекия

  9. Австрия

  10. Албания

Еуропа елдері өмір сүру сапасы мен саяхат мүмкіндіктері бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Алайда салық мөлшерінің салыстырмалы түрде жоғары болуы олардың жалпы көрсеткішіне кері әсер еткен.

Испания Еуропада зейнетке шығуға ең қолайлы бағыт ретінде бағаланған. Ел әлемдік рейтингте 3-орынға ие болды. Испанияда тұру деңгейі жоғары, отбасы мүшелерімен бірге қоныс аударуға мүмкіндік бар және өтініш рәсімі салыстырмалы түрде түсінікті. Дегенмен елде әлемнің кез келген жерінен алынған табысқа салық салынуы мүмкін.

Португалия былтырғы 1-орнын сақтай алмады. Бұған азаматтық алу үшін қажетті тұру мерзімінің ұзаруы себеп болған. 2026 жылы Еуропалық одаққа кірмейтін көптеген елдердің азаматтары үшін бұл талап 5 жылдан 10 жылға дейін ұлғайған.

Соған қарамастан, Португалия зейнеткерлер үшін салыстырмалы түрде қолжетімді бағыт болып қала береді. Елде талап етілетін ең төменгі айлық табыс 920 еуроны құрайды.

Салық жағынан тиімді бағдарламалар Мальта, Андорра және Кипрде ұсынылады. Алайда бұл елдерде жоғары табыс, инвестиция немесе басқа да қаржылық талаптар қойылады.

Мысалы, Андоррада ел экономикасына кемінде 1 млн еуро инвестиция салу қажет. Оның есесіне ел қауіпсіздік пен экология көрсеткіштері бойынша рейтингте алдыңғы орында тұр. Жеке табыс салығының ең жоғары мөлшерлемесі 10 пайыздан аспайды.

Грекияда шетелдік зейнетақы табысына 7 пайыздық арнайы салық режимі қарастырылған. Алайда елге қоныс аударғысы келетіндер айына кемінде 3 500 еуро көлемінде табысын дәлелдеуі керек.

Кипрде белгілі бір талаптарды орындаған жағдайда зейнетақы табысына 5 пайыздық салық мөлшерлемесі қолданылуы мүмкін. Бірақ өтінішті қарау процесі екі жылдан да ұзаққа созылуы ықтимал.

Зейнетке шетелге қоныс аударуда қажет болатын ең төменгі табыс көлемі елге қарай айтарлықтай өзгереді. Рейтинг деректеріне сәйкес, Никарагуада айына 600 еуродан төмен табыстың өзі жеткілікті болуы мүмкін. Ал Бахрейнде талап етілетін табыс айына 9 мың еуродан асады.

Еуропада Кипрде басқа талаптар орындалған жағдайда айына 800 еуродан төмен табыс жеткілікті болуы мүмкін. Ал Андоррада ай сайын 4 500 еуродан жоғары табысты растау қажет.

Зерттеу авторлары зейнетке шығатын елді таңдауда тек ай сайынғы табыс талабына назар аудармау керегін атап өткен. Кейбір мемлекеттер зейнетақы немесе пассивті табысты растауды талап етсе, енді бірі жинақ, депозит немесе инвестиция көлеміне қатысты қосымша шарттар қояды.

Рейтинг бойынша зейнетке шығуға ең қолайлы елді анықтайтын басты фактор – өмір сүру сапасы. Одан кейін саяхат еркіндігі мен азаматтық алу мүмкіндігі, салық жүйесі, өтініш рәсімі және оның құны есепке алынған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, зейнеткерлер үшін "ең жақсы ел" адамның жеке қаржылық жағдайы мен басымдықтарына байланысты. Бір елде салық төмен болғанымен, өмір сүру құны жоғары болуы мүмкін, ал басқа мемлекетте көшу рәсімі жеңіл болғанымен, азаматтық алу ұзақ уақытты талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу