Зейнеткерлікке шығу жасы көтерілгелі жатыр

3972

Еуропада бірінші ел зейнетақы жасын 70-ке дейін көтерді, ал, іргедегі көршіде зейнетақыдан мүлдем бас тарту ұсынылды.  

Зейнеткерлікке шығу жасы көтерілгелі жатыр Фото: commons.m.wikimedia.org

Біріккен ұлттар ұйымы "Әлем халқының перспективалары" атты баяндамасын жариялады. Онда 2025 жылы дүниежүзі елдеріндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша көрсеткіштер жарияланды. 

БҰҰ мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда дүниеге келген сәби орта есеппен 75 жас өмір сүреді. Бұл ретте қазіргі кезде республикада азаматтар 63 жастан бастап зейнеткерлікке шығады. Басқаша айтқанда, қазақстандықтар фәниден бақиға аттанбас бұрын, орта есеппен 12 жыл бойы бейнетінің зейнетін көре алады. 

Жаһандық №1 ұйымның мәліметінше, Монако елі жер-жаһандағы ең жоғарғы өмір сүру ұзақтығына ие: биыл бұл мемлекетте дүние есігін ашқан бөбек орта есеппен 87 жыл жасай алады. 

Монакода ресми зейнеткерлік жасы 65 деңгейінде бекітілген. Дегенмен мемлекеттің байлығы сонша, кез келген азаматы 60 жасқа жеткенде жауапты мекемеге хат жазып, зейнеткерлікке шыққысы келетінін хабарласа, жеткілікті, оның тілегі қанағаттандырылады және еш қысқартусыз, толық көлемде зейнетақы төленеді. 

Өмір сүру ұзақтығы бойынша Монако сыртында шың басындағы ондыққа сондай-ақ Сан-Марино (86 жас), Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея және Сен-Бартелеми (бәрінде 85 жас), Андорра, Француз Полинезиясы, Швейцария мен Австралия (84 жас) кірді.

Өңір бойынша алғанда ең жоғарғы көрсеткішке Батыс Еуропа елдері ие болды: 82-84 жас аралығы. Шығыс Еуропада ол біршама төмен: 75-79 жас аралығында.

Біздің аймақтың көшбасшысы Ресей өмір сүру ұзақтығы жөнінен Қазақстаннан да төмендеп кетті (74 жас). Бұл елде халқының өлім-жітімі көбейіп барады. 

Аутсайдерлер қатарында – Африка елдері, оларда адамдар бүгінде орта есеппен 60 жастан аз өмір сүретін көрінеді. Оның ішіндегі ең нашары – Нигерия: 55 жас қана.

Данияда өмір сүру ұзақтығы 82 жылды құрайды. Қазақстандағы сияқты, оларда да азаматтар болашақта зейнеткерліктің тыныш өміріне орта есеппен 12 жыл рахаттана алады. 

Бірақ The Copenhagen Post жазуынша, жергілікті кәсіподақтар 69 жаста адамдардың дұрыс жұмыс істей алатынына күмәнданады. Соған қарамастан, билік зейнеткерлік жасын бірнеше кезеңмен көтеруге кірісіп кетті.

"Дания – зейнеткерлікке шығу жасын 70-ке дейін көтерген Еуропадағы бірінші елге айналды. Ел Парламенті тиісті шешімді қолдап дауыс беді. Атап өтетін жайт, 2006 жылы Дания зейнеткерлік жасты елдегі орташа өмір сүру ұзақтығына байланыстырған болатын. Енді соған сай әрбір 5 жыл сайын елдегі зейнеткерлік жас қайта қаралып отыратын болады",  – деп хабарлады даниялық басылым. 

Бұған дейін Данияда 67 жастан зейнеткер атануға болатын. Данияға барып, зейнеткер атану кім кімнің болса да арманы, өйткені бұл елде әлемдегі ең жоғарғы зейнетақы төленеді. 

Ең төменгі зейнетақы 1 800 еуродан басталады. Бұл кез келген қарияға ештеңеден тарықпай өмір сүруіне, қажетті заттарды, соның ішінде ұсталған көлікті сатып алуына, қаласа, әлемді аралап, саяхаттауына мүмкіндік береді. Орташа жалақы 5 мың еуродай. Басқаша айтқанда, көптеген зейнеткер ортанқол менеджер-бастықтың жалақысы көлемінде зейнетақы алады.  

Жаңа заң бойынша зейнеткерлік жасы кезең-кезеңмен өсіріледі: 68 жасқа дейін – 2030 жылдан бастап, 69 жасқа дейін – 2035 жылдан бастап және 70 жаста – 2040 жылдан бастап. Осылайша, 70 жаста зейнеткерлікке 1971 жылдан кейін туғандар шығады. 

Бұл реформа оппозиция тарапынан селқостау сын туғызды. Қоғам да дүр сілкініп, қарсы дүрк көтерілмеді. Неге? Сарапшылардың түсіндіруінше, әлемдегі ең әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде Дания кедей және осал топтарға қуатты қолдау көрсетеді. Жұмыс өтілі аз азаматтарға тіпті күнкөріс шегі көлемінде жайдан жай жалақы төлеп, өтілін жақсартуға септеседі. 

Тиісінше, егер қандай да бір адам 60 жастан кейін еңбек етуге қабілетсіз болып қалса, толығымен мемлекеттің қамқорлығына алынады, 2 мың еуроға дейін жәрдемақы ала алады. Ендеше зейнеткерлікке шығатын күнін аңсамайды да. 

Жаңа заң авторларының түсіндіруінше, елдегі зейнеткерлік жасын ұлғайтуға деген қажеттілік Даниядағы демографиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты туындады. Себебі, тұрмыс сапасының, медициналық көмектің жоғары деңгейге жетуі арқасында тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы орнықты түрде өсіп келеді.

Сәйкесінше, сонымен бірге зейнеткерлер қатары тоқтаусыз артады. 

Дәл осы кезде посткеңестік кеңістікте зейнетақы жүйесі реформалануда. Мысалы, УНИАН жазуынша, Украина да жинақтаушы зейнетақы жүйесін ендіруге дайындалуда. Әзірге бұл ел кеңес заманындағыдай баршаға ортақ ынтымақты зейнетақы жүйесін пайдаланады.

Әлеуметтік саясат министрлігінің мәліметінше, тиісті заң жобасы Министрлер кабинетіне енгізілді, содан соң Жоғарғы Радаға (Парламент) жолданады. Шенеуніктердің мәліметінше, бұл заң 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енгеннің өзінде, бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірден іске қосылатынын білдірмейді. 

Алдымен қажетті инфрақұрылымды дайындау процесі жүргізіледі. Содан кейін украиналықтар зейнетақы жинақтарын жинауға кіріседі.

Өз кезегінде Ресейдің федералдық телеарналарынан түрлі сарапшылар – Мемдума депутаттары, саясаткерлер, экономистер және басқасы барлық ресейлік қарияға зейнетақы төлеу тәжірибесінен бас тартуды ұсынуда. Олар бұл жерде көрші Қытайдың мысалын алға тартады. Сондай-ақ кәмелетке толған балалары бар қарт адамдарды мемлекет емес, өз перзенттері асырауға тиістігін айтып, дәйектейді. 

Өзін "православтық олигарх" деп таныстыратын, "Царьград" холдингінің негізін қалаушы, бизнесмен Константин Малофеев те Ресейде зейнетақыны жоюды ұсынды. Үкіметке ұсыныспен жүгінген ол 1995 жылдан кейін туылғандарға қартайғанда зейнетақы төлемеу туралы бастама көтерді.

Оның байламынша, осы арқылы демографиялық күйзеліс мәселесі шешіледі. Зейнетақы төлеу тоқтатылса, бұл қазіргі 30 жастағыларды және одан жастарын көбірек бала туып, қартайған шақта солардың көмегіне сүйенуге итермелейді. Әйтпесе, оның пікірінше, қазіргі жастар қартайғанда өзін зейнетақы көмегімен мемлекеттің асырайтынына сеніп, арқаны кеңге салатын көрінеді. 

"Сондықтан олар тіпті отбасы құруға асықпайды. Мемлекет зейнетақымен балаларды алмастырды. Байырғы тарихта Ресейде қариялар мемлекеттің емес, балаларының асырауында болған. Ал, қазіргі зейнеткерлер буынының біраз бөлігінің баласы жоқ. Өйткені бастапқыда кеңестік, кейін либералды мемлекеттік пропаганда бастысы, комсомолдық құрылыстармен, ірі мемлекеттік мұраттармен өмір сүруді, соңында ғана өз отбасына көңіл бөлуді уағыздады. Ол адамдар енді бала тумайды, елдегі баланың аздығы мәселесін шешпейді, демографиялық ахуалды түземейді", – деді Малофеев.

Сол себепті, оның байламынша, мемлекет болашақ зейнеткерлерді – қазіргі жастарды көп бала туып, солардың қолдауына сүйенуге итермелеуге, соны уағыздауға тиіс. 

Олигарх сондай-ақ Ресей империясында зейнетақы бүкіл халыққа емес, тұлғалардың шектеулі тобына ғана төленгенін еске салды. Қартайғанда мемлекеттен еш қайыр болмасын түсінген "әрбір әйел сол заманда орта есеппен 7 баладан туатын". 

"Мемлекетке ешқайсысы да қол жаймайтын. Ал, революциядан кейін Кеңес империясы баршаға төленетін зейнетақы жүйесін енгізгелі, отбасылардағы бала саны орта есеппен үшке дейін азайды. Әйелдер институттарға түсіп оқуға, ерлермен тең мансабын құрып, жұмыс істеуге көбірек мән берді. Еркектерге ғана лайық ауыр кәсіптерді игерді", – деді билікке жақын бизнесмен. 

Ол содан бері Ресейдегі ахуал тек нашарлады деген ойда: 1990-шы жылдары өзін-өзі дамыту идеологиясы, жеке еркіндік, капитал жинау, тұтынушылық қатынас – өмірдің басты мақсатына айналыпты. 

"Соның кесірінен, бүгінде әрбір әйелге шаққанда Ресейде 1,4 баладан ғана келеді. Сондықтан Әлеуметтік қор 10 жылдан кейін зейнетақы жарналарын жинауды тоқтататынын, тиісінше, 1995 жылдан кейін туылғандарға мүлдем мемлекеттік зейнетақы тимейтінін жариялау қажет. Олардың жалақысынан бұған дейін жиналған зейнетақылық жарналар олардың шотына кері аударылады", – деді Малофеев.

Оның дәйектеуінше, 30 жастағыларға және одан кейінгілерге екінің бірін таңдауға тура келеді: не өз бетінше қарттығына қаржы жинай береді, немесе көбірек бала туып, солардың асырауынан үміттенеді.  

Бұл ұсынысқа Сенат жауап қатты: Федерация кеңесінің конституциялық заңнама комитетінің басшысы Андрей Клишас бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Конституцияға түзету енгізу қажет болатынына назар аудартты. Өйткені онда РФ азаматтарын әлеуметтік қамсыздандыру – Конституциямен кепілдендірілетіні туралы ескі бап сақталған. 

Сонымен бірге сенатор Ресейде зейнеткерлік жасын 80 жасқа дейін көтеру қажет болатынын алға тартты. Ұқсас ұсыныс ВЦИОМ зерттеу орталығының баяндамасында да айтылған. Онда Ресейге "демографиялық қыс" төніп келе жатқаны туралы ескерту бар. 

Ұйым сарапшыларының болжамынша, егер РФ Үкіметі шетелден келетіндердің легін арттырып, миграцияны ынталандырмаса, сондай-ақ жаппай роботизация жүргізбесе, онда қазіргі бала туу трендтері, өлім-жітім көрсеткіші, сондай-ақ төмен өмір сүру ұзақтығы сақталған жағдайда бірнеше онжылдықтан соң, 2050 жылға қарай Ресейде "демографиялық қыс" орнап, халық құру құрдымына жақындайды. 

Нәтижесінде, ХХІ ғасыр соңында Ресей халқының саны екі еседен көп төмендейді. Қазіргі кезде РФ халқының саны шамамен 146 млн адамды құрайды (нақты сандар Президент жарлығымен құпияландырылған). Ресейлік тәуелсіз демограф Алексей Ракша да ғасыр соңында Ресейде 70 миллионнан аз адам қалатынын тұспалдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу