Зеленский Байденге: бейбітшілік жолында "мәміле жоқ"

1808

Украина президенті Ресей әскерін елден тек күшпен шығаруға бекінгендей. Ал, Құрама Штаттар Киевке тағы миллиардтаған доллардың көмегін беруге әзір. 

Зеленский Байденге: бейбітшілік жолында "мәміле жоқ" Фото: reuters.com

Президент Джо Байден сәрсенбі күні Ақ үйде Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл – Украина лидерінің елінде соғыс басталғалы шетелге алғаш рет шығуы. Зеленский Вашингтонға Американы ғана емес, бүкіл әлемді 2023 жылы Киевке көмектесуді жалғастыруға шақыру үшін барып отыр. Дегенмен, алдағы айда Құрама Штаттар Сенаты республикалықтардың бақылауына өтетіндіктен, Украинаға бөлінетін жәрдемді мақұлдау біршама қиындауы мүмкін.

АҚШ Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі қарулы қақтығыс жүріп жатқан және ондаған мың адамынан айрылып, миллиондаған тұрғыны босып кеткен, қалалары жермен-жексен болған Украинаға 50 млрд доллар қолдау көрсетіпті.

"Жаңа жыл қарсаңында Украинаның күресі мен ынтымағымызды 2023 жылы да жалғастыру қажеттігін, президент мырза, Америка халқы мен бүкіл әлем тікелей өзіңізден естуі маңызды болып тұр", - деді Байден баспасөз мәслихатында.

"Америка Құрама Штаттары ортақ құндылықтарымызды, бостандығымызды қорғайды. Мен Конгресстегі өзгерістерге қарамастан, екі палаталық, екі партиялық қолдау әрі қарай жалғасады деп ойлаймын". - деді Зеленский.

Тағы бір сөзінде Зеленский "бейбітшілік жолында мәміле жоқтығын" ескертіп, соғыстың Украина егемендігі, бостандығы, аумақтық тұтастығы қалпына келтіріліп, "Ресей агрессиясынан келген барлық шығын өтелгенде ғана" аяқталатынын айтып өтті.

Конгресске үндеу

Осы сапарында Вашингтоннан үлкен көмек алудан үмітті Зеленский бүгін АҚШ Сенаты мен Өкілдер палатасының бірлескен отырысында да сөз сөйлеп, Демократиялық және Республикалық партиялардың лидерлерімен кездесті.

"Сіздер берген ақша қайырымдылық емес. Бұл жаһандық қауіпсіздік пен демократияға салынған инвестиция. Мен үшін АҚШ Конгресінде өздеріңізбен және барлық америкалықтармен сөйлесу - үлкен мәртебе. Қайғылы сценарийлерге, қарамастан, Украина құлаған жоқ, Украина тірі. Біз Ресейге әлем үшін тойтарыс бердік. Еліміз позицияларын ұстап тұр, ол ешқашан тізе бүкпейді", - дейді Украина жетекшісі.

Зеленскийдің бұл мәлімдемесіне қос палата өкілдері орындарынан қайта-қайта тұрып, ду қол шапалақтап қошемет білдірді.

Айта кетсек, қазір кейбір қатал республикашылдар Украинаға көмек көрсетуді тоқтатуға шақырып, Киевке бұрын бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанын тексеру үшін аудит жүргізуге үндеп отыр.

Зеленский көптен бері Батысты Украинаға заманауи жауынгерлік танктерден бастап зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне дейінгі жетілдірілген қару-жарақ жеткізуге шақырып келеді.  Бірақ Батыс Ресеймен арада ауқымдырақ жанжалға жол бермеу үшін, бұл мәселеде мейлінше сақтық танытып отыр.

Зеленский кездесу барысында Байденге HIMARS зымырандық бөлімшесінің капитаны ұсынған медальді табыс етіп, Украинаға қолдаудағы орасан рөлі үшін АҚШ президентіне үлкен алғыс білдірді.

Patriot зымырандары

Мәскеу Украинаға басып кіріп, жылдам жеңіске жетулен үміттенген еді. Бірақ, ақпанның 24-нен бері 300 күннен артық уақыт өтсе де, ол мақсат орындалмады.

Сәрсенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ-тан Украинаға тағы 1,85 миллиард доллардың әскери көмегі берілетінін жариялады. Бұл қауіпсіздік пакетіне Ресейдің зымырандық шабуылымен күреске қажетті Patriot әуе қорғанысы жүйесі мен соғыс ұшақтарынан атылатын дәлдігі жоғары бомбалар да кіреді.

Айта кетсек, Patriot 80 шақырым қашықтықтағы және 20 шақырым биіктіктегі жылдамдығы дыбыстан да тез нысанды құлатуға арналған. Сонымен қатар, бұл жүйе бір сәтте 125 объектіні көздеп, соның алтауын атып түсіреді және де ол Ресейдің "Кинжал", "Циркон", "Искандер" тәрізді заманауи ракеталарын жоюға қолданылуы мүмкін.

Ал, "Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің мәліметінше, бүгінде Конгресс Украинаға тағы 45 миллиард доллардың жәрдемін беру мәселесін дауысқа салуға жақын.

Қазанның ортасынан бері бері Ресей армиясы Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына зымырандармен, дрондармен бірнеше рет соққы беріп, қақаған аязда миллиондаған адамды жарықсыз, жылусыз, сусыз қалдырды.

Зеленскийдің саяси кеңесшісі Михаил Подоляктың айтуынша, Зеленский Америкаға сапары Украинаға жетілдірілген қару-жарақ қажеттігін түсіндіруге мүмкіндік береді.

"...Қару, қару, тағы да қару. Атап айтқанда, бронетранспортерлер, соңғы үлгідегі зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері мен алыс қашықтыққа ұшатын ракеталар қажет", - дейді ол Reuters агенттігіне жіберген жазбаша түсініктемесінде.

Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби болса, Вашингтонның  Ресей президенті Владимир Путин тарапынан бітімгершілікке ұмтылыстың байқамай отырғанын атап өтті.

Сәрсенбі күні Кремль Киевпен бейбіт келіссөздер жүргізуге мүмкіндік жоқ деп мәлімдеді. Журналистермен сұхбатында Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Батыстың Украинаға қару-жарақ жеткізуді жалғастыруы әскери жанжалды әрі қарай "ушықтыратынын" ескертті.

Ресей Украинаны ұлтшылдардан тазартып, орыстілділерді қорғау мақсатында "арнайы әскери операция" бастағанын айтады. Алайда Украина мен Батыс Кремльдің бұл әрекетін "себепсіз басқыншылық" деп сипаттап келеді.

Путин армияға: проблеманы шешіңдер

Сәрсенбі күні қорғаныс ведомостволарының басшыларымен өткен кездесуде Путин Ресей қарулы күштерінің Украинада қаһармандықпен шайқасып жатқанын және олардың заманауи қару-жарақпен жабдықталатын әрі Мәскеудің барлық мақсаттарына жететінін мәлімдеді.

Ресей ақпанда Киевті бірнеше күнде басып алуды көздеген. Украина армиясы бұған жол бермеді.

Содан кейін Мәскеу шығыс және оңтүстік майдандарда алға жылжуға назар аударды. Бірақ, жаздан бері РФ әскері ұрыс даласында жеңілістен-жеңіліске ұшырап келеді.

Путиннің айтуынша, үкіметте жауынгерлер мен офицерлерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін қаржылық шектеулер жоқ, ал армия Украинада бастан кешкен проблемалардан сабақ алып, сол кемшіліктерді түзетуі керек.

Путин өзінің қорғаныс министрінің қарулы күштер санын 30%-ға немесе 1,5 миллион жауынгерге дейін көбейту жоспарын қолдады.

Сондай-ақ, украиндарды тағы да "бауырлас" халық деп атады. Бұған қоса, ол соғыс үшін "орыс әлемін" ыдыратуды көздеген "үшінші елдерді" айыптап, таныс тақырыпты қайта қозғады. Батыс болса,  Ресейдің Украинадағы әрекеттерін империялық үлгідегі басқыншылық деп есептейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу