28 шілдеде Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі аяқталды. Кездесу БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтті. Оның қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты ұйымдастырылмады. Reuters агенттігі Зеленскийдің Ақ үйде бір сағаттан астам уақыт болғанын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Кездесуден кейін Владимир Зеленский өзінің Telegram арнасында Трамппен жақсы және мазмұнды әңгіме өрбігенін мәлімдеді.
"Украина халқының өмірін қорғау және бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесіп атқарып жатқан жұмысымызға алғыс білдіремін. Президент Трампқа Линдси Грэмнің қайтыс болуына байланысты көңіл айттым. Ол Украинаның нағыз досы еді", – деді Украина басшысы.
Оның сөзінше, тараптар Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды лицензия арқылы өндіру мәселесін және басқа да бірқатар бастамаларды талқылаған. Кездесуде Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер процесін жандандыру туралы да сөз болған. Ол АҚШ-тың қолдауына ризашылығын білдірді.
DW агенттігінің жазуынша, АҚШ Сенаты Ресей мен Иранға қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қарауды қолдады. Бұл құжатты әзірлеуге өмірден өткен сенатор Линдси Грэм қатысқан. Заң жобасына дауыс беру барысында Украина президенті Владимир Зеленский де болды. Құжатқа сәйкес, Дональд Трампқа Ресейден АҚШ-қа импортталатын тауарларға 500 пайызға дейінгі кедендік баж салығын енгізу құқығы беріледі. Бұдан бөлек Ресейдің мұнайын, уранын немесе табиғи газын сатып алатын немесе Мәскеуге халықаралық санкцияларды айналып өтуге көмектесетін елдерден келетін импортқа 100 пайыздық тариф енгізуге де өкілеттік көзделген. Заң қабылданған жағдайда тиісті өкілеттіктер АҚШ президентіне бес жыл мерзімге беріледі. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, заң жобасы осы аптаның соңына қарай түпкілікті дауыс беруге шығарылады. Құжаттың Сенаттан өту мүмкіндігі жоғары болғанымен, ол қыркүйекке дейін күшіне енбейді. Себебі Өкілдер палатасы жазғы демалысқа шығып кеткен.