Бірақ бұл отставка оның елінде бейбітшілік орнайтынын және Украинаның НАТО-ға кіретінін білдіруі керек.
"Егер бұл Украина үшін бейбітшілікті аңғартса, егер сіздерге шынымен қажет болса, мен кетуге дайынмын. Сонымен қатар, мен лауазымымды елімнің НАТО-ға мүшелігіне де айырбастай аламын", – деді Зеленский.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Зеленскийді "сайланбаған диктатор" деп атап, одан сайлау өткізуді талап етті.
Осылайша, АҚШ Украина басшысының биліктегі өкілеттігінің өткен жылы аяқталғанын меңзеген еді. Алайда, Украина заңы елде әскери жағдай орнаған шақта сайлау өткізуге рұқсат етпейді.
"Мен ондаған жылдар бойы билікте қалайын деп отырған жоқпын", – деді тағы бір сөзінде Зеленский.
МИНЕРАЛДЫҚ МӘМІЛЕ
Дональд Трамптың сөзінше, Украина АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігінен, яғни, Джо Байден Үкіметінен алған көмектің өтемі ретінде АҚШ-қа 500 млрд доллардың аса маңызды шикізатын беруі керек.
Бірақ өткен аптада Зеленский бұл құжатқа қол қоюдан бас тартты. Себебі оның нәтижесінде Украинаның графит, титан, уран, литий тәрізді байлығының 50 пайызы АҚШ-тың иелігіне өтер еді.
Зеленскийдің сөзінше, Вашингтон бұл минералдарға қол жеткізу үшін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек.
"Мен украиналықтардың 10 ұрпағы өтейтін нәрсеге қол қоймаймын", – деді Зеленский пайдалы қазбалар жөніндегі келісім туралы мәлімдемесінде.
АҚШ Ресеймен 3 жылға жуық соғыс кезінде Украинаға 67 млрд долларға қару-жарақ жөнелтіп, 31,5 миллиард доллар тікелей бюджеттік қолдау көрсеткен.
Украинаның Экономика министрі Юлия Свириденко де жексенбі күні мәлімдеме жасап, Ресей оккупациялаған Украина жерінің 18 пайызында 350 млрд доллардың маңызды шикізаты жатыр.
Дегенмен, Украина Президенті аппаратының басшысы Андрей Ермак ақпанның 23-де айтқандай, Киев АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерімен Украинаның пайдалы қазбаларын игеруге қатысты келісім бойынша конструктивті жаңа келіссөздер жүргізді.
"Біз бұл істе алға басып жатырмыз. Конструктивті талқылау болды", – деп жазды Ермак Telegram парақшасында.
The New York Times газеті болса, Украина АҚШ-тан минералдық келісімнің жаңа нұсқасын да алғанын, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылғанын жазып отыр.