Жаһандық қорғаныс нарығындағы Ресейдің асын Қытай "жеп қоюда"

2318

Америкалық Atlantic Media баспа компаниясының Defenseone.com сараптамалық интернет басылымы осындай қызықты тақырыппен шықты.

Жаһандық қорғаныс нарығындағы Ресейдің асын Қытай "жеп қоюда" Фото: invalis.online

SIPRI Бейбітшілік проблемаларын зерттеу жөніндегі Стокгольм институтының дерегінше, 2017–2021 жылдары әлемдегі қару-жарақ саудасы нарығында басты екі бәсекелес, қарсылас болды: бұлар АҚШ пен Ресей еді. Олардың жаһандық қару экспортындағы үлестері тиісінше 40% және 22% болды. Бұл ретте Сириядағы соғыста мыңға жуық төл әскери өнім түрін сынап, олардың жеңіске үлес қосатынын паш ете алған Ресей сала лидерін тез қуып жетуге шақ қалды.

Үштікті үлесін 7,1%-дан 11%-ға дейін ұлғайта алған Франция тұйықтады.

Барлығын әрине, Мәскеудің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы бұзды. Әскери қуатын Украина соғысында сарп етіп жатқан РФ жаһандық нарықтағы орнын алапат қарқынмен жоғалтуда. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, "күрделі ахуалға қарамастан, ресейлік қару экспорты 2022 жылы 8 млрд долларды құрады". Әрине, бұл 2019 жылғы рекордтық 28,2 млрд, тіпті одан кейінгі 24 миллиард доллармен салыстыруға келмейді. Әп-сәтте кем дегенде үш есеге құлдырады.

Дәстүрлі ТМД кеңістігін қоспағанда, ресейлік қару-жарақ өнімдерінің ең ірі тұтынушысы Үндістан, Қытай және Мысыр болып келді. Орыс қаруының, соның ішінде ұшақтарының, танктерінің, әуе қорғанысы жүйелерінің, радиоэлектрондық күрес құралдарының және басқасының Украина майданында жылдам жайрап қалып жатқанына көз жеткізсе керек, былтырдан бері Үндістан және Египет Мәскеумен арадағы әскери контрактілерінің біразын біржақты бұзды.

Оның үстіне дамыған елдер енгізген қуатты санкциялар салдарынан Ресейге қару, әскери техника жасау үшін қажетті өнімдер мен жоғары технологиялы құрауыштар жетіспеуде. Соның кесірінен солтүстік көрші бұрынғы жылдары басты серіктестерімен арада бекіткен ондаған миллиард доллар тапсырысты орындай алмай қалу қаупі бар.

Ал бұған дейін әлемдік нарықтағы 5,2% үлесін және төртінші орынды қанағат тұтып келген шың елі енді алға озып, көшбасшылар қатарынан орын алуға ұмтылды. Бұл істе оған өзінің көмектескенін Ресей сезбей де қалды. Ол қандай көмек?

2022 жылғы 27 тамызда Чанчунь Дафаншэнь әуежайында өткен авиашоуда Қытай халықтық азат ету армиясының (ҚХАА) әскери-әуе күштері отандық J-11BS атты жойғыш ұшағын паш етті. Автоәуесқойлардың кез келген маркалы көлікті жазбай танитыны сияқты, авиашоуға жиылған әскери сарапшылар да истребительдің сыртқы сықпыты нені елестететінін бірден біле қойды. Бұл ресейлік Су-27 жойғыш ұшағының көшірмесі болатын.

Бірақ оның жетілдірілгені сонша, Андресон атындағы Швецияның әскери зерттеулер орталығы жүргізген зерттеу және компьютерлік бағдарлама модельдеген әуе шайқасы қытайлық J-11BS-тің ресейлік заманауи Су-35БМ жойғыш ұшағынан да басым түсетінін паш еткен.

BluePath Labs зерттеуші аналитигі, Қытаймен халықаралық қатынастар саласының маманы Томас Корбетт (Thomas Corbett) байламынша, Қытай-Ресейдің жаңа қатынастарында ҚХР ойына келгенін істейді, ал Ресейде оған қарымта қайтаруға қауқар қалмай барады. Бұл қару өндірісі саласына да қатысты екен.

"Мәскеу мен Бейжіңнің қорғаныс саласындағы заманауи байланыстары 1920-шы жылдардан бастау алды. Мәскеудегі жаңа коммунистік режим бастапқыда, Ленин тұсында жұңғо еліндегі азаматтық соғыста Маоны емес, Гоминьдан күштерін қолдады. Бірақ кейін Сталин Қытайдың Коммунистік партиясына қолдау көрсетіп, 1945 жылы оған ауыр өнеркәсіпке қажетті станоктарды, өндіріс кешендерін, қаржылай, басқадай экономикалық көмек берді. Осылайша, гоминьдандық Қытай республикасын Тайвань аралдарына қуып тығып, оның орнына құрлықтық алып территорияда құрылған Қытай халық республикасы кеңестердің көмегімен өз қорғаныс секторын қалыптастырды. Осы кезеңде КСРО ҚХР-ге әскери ұшақ жасау технологияларын да табыстады. Соның негізінде ҚХР төл J-5 және J-6 жойғыш ұшақтарын, сондай-ақ H-6 бомбалаушы ұшағын жасап алды", – деді Томас Корбетт.

Бірақ бұл кеңестердің өзге елге жасаған қайтарымсыз қайырымдылығы, "ізгі ниет ишарасы" емес еді. Жаңа Қытайға технологияларын, әзірлемелерін толық тапсыра отырып, Кеңес Одағы екі жеп, биге шықпақ болды. Бір жағынан, әлжуаз коммунистік одақтасын мұздай қаруландырып, нығайту үшін өз қару өндірісіне басыартық күш түсірмейді: Қытай өзін өзі жабдықтайды. Екінші жағынан, Солтүстік Корея, Вьетнам, Куба және Латын Америкасы сияқты қаптаған серіктестеріне әскери техника жеткізетін қосымша алып өндіріс ошағына ие болды. Кеңес империясы осылайша, бүкіл әлемде коммунистік революция жасауға әзірленіп жатқан болатын. 

Бертінде КСРО мен ҚХР арасы қатты суыды. Оның арты 1969 жылғы тамыздағы Қазақстандағы Жалаңашкөл өлкесіндегі кеңес-қытай соғысына ұласты.

Дегенмен, Томас Корбетт әлі күнге дейін Қытайдың қорғаныс өнеркәсібі, зымырандардан, радарлардан бастап, әскери кемелеріне дейін кеңестік және ресейлік модельдерді көшіріп жатқанына назар аудартады.

"Бұл модельдердің бірқатары ресейлік қорғаныс конгломераттары ресми тапсырған лицензиялармен және схемалармен жасалады. Ал енді бірқатарын жай ғана ұрлап алды: нақтыласақ, Қытай ол техникаларды заңды түрды сатып алды, соңынан шашып тастап, әр тетігін зерттеп, соның негізінде өз модельдерін қайта жобалады. Ресейлік фирмалар қытайлық әріптестерінің өнеркәсіптік, корпоративтік шпионажына, ресейлік технологияларды ұрлайтынына әлденеше рет алаңдаушылық білдірді. Бірақ соңғы онжылдықта Батыстан оқшаулана бастаған Мәскеу үшін Бейжіңмен қорғаныс саласында ынтымақтастық тым қымбат еді. РФ диллемаға құрылған жолайырыққа тірелді: қаруды дәл қазір беру дұрыс па, әлде болашақтағы жоғалтуларға жол бермеу үшін бұдан бас тартқан жөн бе? Бірінші жолды таңдаған Кремль Қытайдың оны көшіріп алатынын түсіне отырып, қаруларын сатуды жалғастырды", – деді сарапшы Т.Корбетт.

Мұны ресейлік сарапшылар да растайды. Ресейлік белгілі ғалым, саясаттанушы, шығыстанушы Василий Кашин шың елі ұшақтарды копиясын жасау үшін сатып алуға жаман үйренгенін білдірді.

"Қытайлар ресейлік Су-27СК жойғыш ұшақтарын еш лицензиясыз өндіруді 2000-шы жылдары жолға қойды. Бұл ретте өз бетінше ізденгын қытайлар 1996 жылғы лицензиялық келісім аясында Ресейдің өзі берген технологияларға сүйеніп, үлкен жұмыс жүргізді. Жетіспейтін құжаттамаларды олар Украинаның авиажөндеу кәсіпорындарынан оңай сатып алды. Себебі, бұған дейінгі жылдары, кеңес кезінен бері ресейлік Су-27 жойғыш ұшақтарын украиналық кәсіпорындар да жөндейтін. Бұған қоса, олар Су-35 жаңа, заманауи жойғыш ұшақтарын да өздері құрастырып шыға алады. Бұрынғы Су типті ауыр истребительдерден басты айырмашылығы сол, Су-35-те өзгеше қозғалтқыштар, борттық радиоэлектронды жабдықтар, "Ирбис" атты қуатты радиолокациялық станциялар тұр. Бұл жүйелерді көшіріп алуға болады, тек ол үшін біраз уақыт керек болады", – деді ол.

1996 жылы тұсауы кесілген қытайлық J-11 әскери ұшағы Кеңес одағы күйрегеннен кейінгі ресейлік технологиялармен өндірілген бірінші әскери әуе көлігі болатын. Оның сыртқы бейнесінің өзі Су-27 көп мақсатты жойғыш ұшағынан аумайды. 90-шы жылдардағы күйзелісте қаржыдан қатты тарыққан Мәскеу арнайы келісімге отырып, осы Суды лицензиялық шығаруды Қытайға беруге мәжбүр болды. Алайда көп ұзамай, Бейжің ол келісімнің быт-шытын шығарып, біржақты бұза салды. Сөйтіп, Ресейдің қатысуынсыз, ұқсас әскери ұшақтарды бір өзі өндіруге кірісті. ҚХР бүгінге дейін оның 400-ден астам бірлігін шығарды. Біразын шетелге экспорттады.

Сарапшылардың есептеуінше, РФ әрбір ұшақтан кем дегенде 30 миллион доллар табысын жоғалтты. 

Defenseone басылымы ресейлік технологияларға арсыз түрде жиендік жасау Қытайдың дәстүріне, стандартты операциялық рәсіміне айналып кеткенін жазады.  

Мәселен, Бейжің J-11D әскери ұшағын терең модернизациялауға ұйғарып, ресейлік Су-35 перспективті, көп мақсатты жойғыш ұшағын сатып алды. РФ ол ұшақтарын 2018 жылы жеткізді. Сонымен бірге Қытайдың сұрауымен запастық турбовентиляторлық қозғалтқыштардың қаптаған партиясын қоса жолдады. Артынша ҚХР қозғалтқышты қайта жобалап шықты: осал тұстарын жергілікті озық технологияларымен нығайтты. Сөйтіп, төл ұшағын шығаруға кірісті.

Жұңғо елі ресейлік Су-33 палубалы жойғыш ұшағын да тез арада көшіріп ала қойды. Оның базасында J-15 атты жойғыш ұшақтарының лицензиясыз өндірісін қолға алды.

Бұл тек әуе көліктерімен шектелмейді. Дәл осы сияқты Қытайдың қорғаныс өнеркәсібі ресейлік әуе шабуылына және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін де көшірді, жергілікті жағдайға бейімдеді.

Мысалға, ҚХР Украинадағы соғысқа дейін аэродинамикалық және баллистикалық зымырандарды қапысыз тұта алады деп дәріптелген С-300 зениттік зымыран кешенін сатып алғаннан кейін 6 жыл өткенде оның төл копиясын, HQ-9 зениттік зымыран кешенін жасап шықты. 

Бұдан бөлек, қытайлық HQ-16 зымыран кешені ресейлік "Бук-М1-2" көшірмесі саналады. Дегенмен, оны өндіріске қоюға ресейлік "Алмаз-Антей" корпорациясы көмектесіпті.

Мұнымен тоқтамаған ҚХР 2014 жылы заманауи С-400 Триумф зениттік зымыран кешенін сатып алды және бүгінде төл әзірлемелерін жетілдіру үшін оның да технологияларын пайдаланып жатыр деген дерек бар.

Бүгінде қару саудасы нарығында жаһандық үштікке кіріп келе жатқан Қытайға Ресейді жығып кетуге және оны нарықтан ысыруға ресейлік әзірлемелер көмектескенге ұқсайды. Бұған дейін Ресей үстемдік етіп келген дамушы елдер нарығында бүгінде Қытай қанат жаюда.

Бұл үдерісті Батыс та қырағы қадағалайды. Өйткені халықаралық әскери сарапшылар XXI ғасырдың ағымдағы үшінші онжылдығы түгесілер тұста ҚХР жер даулап, Тайваньға, айналасындағы өзге елдерге шабуыл жасауы ықтимал деп болжап отыр. Оның қаруының басым бөлігі кеңестік, ресейлік технологияға құрылғаны назар аудартады. Олай болса, осал тұстары да негізінен ортақ. Ал Украина майданында ресейлік әскери техниканы, соның ішінде әскери әуе көліктерін ЗСУ тіпті қарапайым Джевелиндермен, жергілікті Стугналармен күл-талқан етіп, жайпап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу