Жабай жылатып жатыр

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
4011

Бөгет бұзылып, 300 үй суға кетті.

Жабай жылатып жатыр

Су тасқыны қаупінің күшеюіне байланысты Атбасар, Сандықтау аудандарының аумағы әуеден бақылануда. Қазіргі уақытта Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ТЖ комитетінің өкілдерімен бірге төтенше жағдай орын алған аумақта жүр.  

Жоғарыда аталған екі ауданда 300  үй суға кетті. Жабай өзеніндегі су деңгейінің 2 есеге көтерілуіне байланысты республикалық жедел-құтқару жасағы 700-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Аумақтық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, Жабай өзенін бойлай орнатылған су бөгетінде ақау пайда болған. Ол инертті материал салынған қаптармен нығайтылған, бірақ одан еш нəтиже шықпаған. Сөйтіп ағын суды тоқтату үшін қосымша шұңқыр қазылған.

"Су тасқынының алдын алу шараларына ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі, азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен ұлттық гвардия сарбаздары жəне Көкшетау техникалық институтының курсанттарынан құралған 300 адам мен 50 арнайы техника, сондай-ақ 16 құтқару жəне су сорғыш техника  жұмылдырылды", – дейді Қанат Доспаев.

Айта кетейік, өткен жылы су тасқынының алдын алу мақсатында Жабай өзенінің бойына ұзындығы 9 шақырымды құрайтын су бөгеті салынды. Ол сапасыз болды ма, әлде су тасқынына шыдамады ма, ол жағы бізге беймәлім.  Біздің білетініміз дәл қазір Жабай өзенінің жұртты жылатып жатқаны ғана.

Дәл қазір Аршалы ауданындағы елді мекендерге де қауіп төніп тұр. Облыс басшысы Аршалы ауданында да болып,  су тасқынының алдын алу шараларымен танысты.

Аудан әкiмi Азамат Тайжановтың мəлiметiнше,  су тасқынының алдын алу шараларына 250 адам жəне 17 арнайы техника тартылған. Селолық округтердiң барлығында тəулiк бойы кезекшiлiк ұйымдастырылған. Тұрғындарды көшiру үшiн Новоалександровка жəне Құтпанұлы атындағы орта мектептерде 2900 орын əзiрленген.

Арнасынан асып, жағасындағы бөгеттерді бұзып өткен өзендердің дүлей күші Көкшетау мен Краснояр селосының арасындағы күре жолды да күл-талқан етті. Қоғамдық көліктер екі ортаға Садовый селосы арқылы айналып жүріп жатыр. Айналып жүру ара-қашықтықты 30 шақырымға ұзартатын болғандықтан, №12,  №13 автобустардың қатынау жиілігі ұлғайып кетті.

Ал №19, №24 автобустар бір-бірден ғана жүріп жатыр.

Әсем Ұланқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу