Жабайы жылқы 200 жылдан кейін қазақтың "Алтын даласына" қайта оралды

1180

Керқұландар Еуропадан Чехия армиясының ұшағымен жеткізілген.

Жабайы жылқы 200 жылдан кейін қазақтың "Алтын даласына" қайта оралды Фото: Reuters агенттігінен

Пржевальский жылқысы 200 жылға жуық уақыттан кейін қазақ даласына алғаш рет оралды. Бұл - әлемдегі соңғы жабайы жылқыларды байырғы мекеніне қайтаруға бағытталған ауқымды жоспардың бір бөлігі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жойылып кетуге шақ қалған керқұландар бір кездері Орталық Азияны кезіп жүрген. Оларды 19 ғасырдың аяғында орыс географы Николай Пржевальский ашты. Осы тұста айта кету керек, сол кездің өзінде бұл жануардың таралу аймағы Батыс Моңғолияның бір бөлігіне дейін қысқарған екен.

Қазір Чехия астанасы Праганың хайуанаттар бағы бұл түр жайлы кітапқа иелік етіп, керқұландарды Қазақстанның "Алтын даласына" қайтаруға кірісті деуге болады. Шамамен 7000 шаршы шақырым аумақты алып жатқан бұл резерват  кең жайылымдық жерімен және сулы-батпақты алқабымен ерекше.

Маусым айының басында Пржевальский жылқысының Қазақстанға жетеуі  жеткізілді. Алдағы бес жылда тағы 40-қа жуығын әкелу жоспарланып отыр.

"Бұлар - қазақ жеріне жүздеген жылдан бері тұяқ тигізген алғашқы жабайы жылқылар. Алда әлі ұзақ жол жатыр. Олардың елге оралуы - тарихи оқиға", - дейді Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Чех армиясының ұшақтары жылқыларды – бір айғыр мен алты биені - Прага мен Берлиннен, ең алдымен, Арқалық қаласына жеткізіп, ол жерден хайуанаттар бағының күзетшілерінің қадағалауымен жүк көлігімен жеті сағат бойы жол жүріп, "Алтын далаға" апарды.

Керқұландар сайын даланың қақаған қысында су мен жем табуды үйрену үшін бір жыл бойы климатқа бейімделу қорасына қамалады.

Пржевальский жылқылары 1960 жылдардың аяғында табиғаттан жоғалып кетіп, қамауда ұсталған. Олар қазірдің өзінде Қытай мен Батыс Моңғолияға қайта жерсіндіріліп, бүгінде 850-ге дейін көбейген екен.

Қазақстанға керқұландарды қайта бейімдеу - табиғатты қорғау шараларының бір бөлігі: бұл жылқылар шөптердің алуан түрін жеп, сол өсімдіктердің тұқымын таратады деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу