Билік бұл асыл текті жануарлардың тез көбеюі егеуқұйрыққа, бақаға, басқасына қауіп төндіріп тұр деген қорытындыға келді.
Бірден айта кетелік, австралиялықтар негізінен жылқы етін жемейді. Оған біраз жылға дейін заңмен тыйым салынған.
Алайда аттар көп салада, әсіресе, жарыс ойындары мақсатында пайдаланылады.
Содан иелері өлтіріп тастауға қимай, еркіндікке жіберген жылқылардың саны бақылаусыз өсті. Жергілікті экологтар бір популяцияның шектен тыс өсуі жойылу алдында тұрған флора мен фауна түрлеріне қатер төндіретінін ескертіп, дабыл қаққан.
Сондықтан билік мыңдаған жылқыны тікұшақпен індете қуып, атып тастауға рұқсат етті. Бірқатар зооқорғаушылар бұл қырғынға үзілді-кесілді қарсы. Олар балама ретінде айғырларын "залалсыздандыруды" және биелерді елдің басқа штаттарына қайта қоныстандыруды ұсынады.
Бірақ оған шенеуніктер құлақ асатын емес. Австралиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының Үкіметі "брамби" аталатын, жабайыланған жылқыларды әуеден атқылау туралы шешімді құптап, дауыс берді.
"Косцюшко ұлттық паркінде жабайы жылқылар тым қаптап кетті. Құру қарсаңында тұрған жергілікті жануарлар түрлеріне де, бүкіл экожүйеге де қауіп төнді. Біз шара қабылдауға тиіспіз", – деп шорт кесті қоршаған орта министрі Пенни Шарп ханым.
Салыстырсақ, 2020 жылы паркті 14 380 бас брамби мекен етіпті, 2022 жылғы қарашадағы санақ бойынша олардың саны 18 814 басқа жеткен.
Ақырғы шешім қабылданған соң, енді әуеден ату ұлттық парктің басқармасының жоспарына енгізіледі. Парк қанқасап қырғынға қажетті қару мен оқ-дәріні сатып алады. Жанары мөлдіреген қасиетті жануарға еш аяушылық танытпай, шүріппені үсті-үстіне баса алатын мергендерді жалдайды.
Сарапшылардың мәліметінше, ұлттық парктің жоспарына сәйкес, Австралияның сайын сақарасын еркін кезген "Қамбар ата жануарларының" саны қазіргі 19 мыңдайдан 2027 жылдың маусымында 3 мыңға дейін кемітілуге тиіс.
Елдің бас экологы Пенни Шарп жабайы жылқылардың популяциясын реттеу шаралары тым ұзақ уақыт бойы тиімсіз жүргізілгенін сынады. Ол қалыптасқан ахуалға бұған дейін жылқыларды атудан және жеуден қорғап келген жергілікті заңдарды да айыптады.
Өз кезегінде, осы аса қатыгез шешімнің негіздемесін жасаған Құрып бара жатқан түрлер бойынша ғылыми комитет: "жабайы жылқылар жануарлардың 6 түрінің және өсімдіктердің 2 түрінің түпкілікті жойылуына ықпал ететін шешуші факторға айналуы мүмкін" деген қорытынды берді.
Олардың қатарында комитет мүйізжапырақты бақаны (лягушка роголистник), кеңазулы егеуқұйрықты, сирек Альпі орхидеясын жатқызды.
Брамбидің бар кінәсі байтақ далада үйірімен жайылып, шөпті көп жейтінінде болса керек. Олардың шабындық пен егінге түсіп, "ауыл шаруашылығына көптеген миллиард шығын келтіретіні" де бетіне басылды (Қазақстанда осы фактор киік атуға басты дәйек болған).
Жануарларды қорғаушы ұйымдар австралиялық шенділердің аққұла жылқыға қару ала жүгіретініне ашынады. Мысалы, бұл ел бұдан бұрын да, 2000 жылы дәл осы жануарларды әуе көлігінен атқылап, қырған екен. Бірақ оған басқа дәйектемелер негіз болыпты.
Сонда Австралияны жайлаған дала өрттері және қуаңшылық кесірінен 700 жылқы аштықтан бұратылып құлады. Оларға билік көмекке келіп, әуеден азықжем, ең құрыса шөп тастау орнына, "жендеттерді" жолдады. Арнайы үйретілген мергендердің екі тобы тікұшақтармен бүкіл ұлттық парктің үстінен ұшып өтіп, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан жүздеген жануарды аяусыз атқылап, қанға бөкті.
Бірнеше күн өткенде жұрт төбе шашты тік тұрғызар оқиғаға куә болды. Жараланған, денесінен қан сорғалаған жылқының бірі өлгісі келмей, өмір үшін арпалысқан күйі шөбі шүйгін жерге жете алыпты. Содан кейін билік қоғамдық белсенділердің қысымымен ары қарай әуеден соққысын доғарды.
Дегенмен, бұдан әрі паркте жабайы жылқылардың популяциясын реттеудің өзге әдістері қолданылды. Мәселен, жерден ату, аулау, күштеп қоныс аударту жүзеге асырылыпты.
Шенеуніктердің әсем жануарға қырғидай тиюі австралиялық қоғамның ашуын туғызып келеді. Жаңа Оңтүстік Уэльстің Ұлттық парктер және жабайы табиғат қызметінің кеңсесіне анонимді хат келген, онда белгісіз адамдар оны жарып жіберуге қоқан-лоққы жасап, доқ көрсетіпті. Парк қызметкерлерінің Косцюшкода 11 жабайы жылқыны өлтіріп тастағаны осындай резонанс тудырған екен.
Ал енді мыңдаған жануарды әуеден қыру туралы шешім қабылданғаннан кейін көптеген зооқорғаушылар түрлі нысанда наразылық акцияларын өткізіп жатыр.
Жануарларға қатысты әділеттілік партиясының мүшесі Эмма Херст биліктің бұл қадамын "аса қатігез әрі адамгершілікке жат әдіс" деп бағалады.
"Брамбилерді әуеден атқылауға Үкімет соңғы рет санкция бергенде, жылқылардың бірнеше күн бойы тірі жатқаны, оқ тиген жаралары жанына батып, ұзақ қиналғаны әшкереленді. Австралия одан да алапат қанды қырғынмен әлемге танылғалы тұр", – деп қамықты Э.Херст.
Брамбилерді қорғаудың австралиялық альянсы Үкіметті бұл қарау ниетінен, зұлматты райынан қайтуға үгіттеді, жылқыларды аулап, өзге аумақтарға көшірумен шектелуге үндеді.
"Брамбилердің санын төмендетудің қантөгісті әдістері шектен тыс қатігез болғанымен қоймай, тиімсіз болып табылады. Ұлттық эмблемасында жануарларды бейнелеу арқылы өзін "жануарларды сүйетін ел" ретінде әлемге паш етіп жүрген Австралия жылқының басы өскен сайын әлгі қырғынын шексіз қайталап отыруға мәжбүрленеді. Біз одан да тиімді шешімдерді табуға тиіспіз. Брамби жергілікті жануарлар түрлерімен 200 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді. Оларды шұғыл жою қажеттілігі ойдан шығарылған", – деген ұстанымда Альянс.
Әзірге алған бетінен қайтып отырған билік жоқ.