Жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін өзгелері алмай жатыр

3444

Екі оттың ортасында қалған шәкірттер мен ата-аналар белгісіздіктің ұзаққа, келер жылға ұзап бара жатқанына алаңдаулы. 

Жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін өзгелері алмай жатыр

"Университет қаптаған дезинформация беруде"

2021 жылғы қараша айының басындағы ақпарат бойынша Қазақстанда сапасыз білім беретін 15 университет жабылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер Асқар Мамин хабарлаған болатын. Ол шәкірттердің білім деңгейін бағалай отырып, оқыту нәтижелеріне қарай ЖОО-ларға біліктілік талаптары қайта қаралғанын жеткізді.

Ғылым ордаларының жабылуы әрі қарай жалғасуда. Мысалы, 23 қарашада Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенттері ЖОО қызметінің түбегейлі тоқтатылғаны туралы хабар алған. Бұл университет Әділет министрлігінің 2001 жылғы сәуірдегі шешімімен Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, ғылым және мәдениет келісімдерінің нәтижесінде Алматыда құрылған еді.

"Қызым бұл университеттің 3-курсында оқиды. ЖОО-ның жабылғаны туралы хабарлап отыр. Енді біз не істейміз? Неге ЖОО лицензиясын дәл семестр жүріп жатқан кезде алып қояды? Каникул кезеңін күтпей ме? ШТІКУ-де оқу ақысы басқаларына қарағанда арзандау. Қызымды жалғыз тәрбиелеп отырмын, сондықтан осы университетті таңдаған едік. Басқаларындағы оқу ақысын қалта көтермейді. Министрлік балаларға курс аяқталғанша оқуға мүмкіндік бергенде жақсы болатын еді. Енді басқа ЖОО-ға ауыстырса, оқу ақысындағы айырмашылықты төлеуге тура келеді", – деп қамығады студенттің анасы Лола Ниязова.

Жалпы ШТІКУ-дің жабылатыны туралы ақпарат биылғы мамырдан айтыла бастады. Университетке тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт беріліпті. Алайда ол берілген уақытты білім қызметтерінің сапасын жақсарту жұмыстарына емес, сотта тайталасуға, БҒМ комитетінің іс-әрекеттеріне қарсы шағымдануға шығындаған көрінеді. Нәтижесінде, қыркүйек айында Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ЖОО бас лицензиясынан айрылды.

Соған қарамастан, оқу орны түк болмағандай, жұмысын жалғастыра берген. 12 қарашада профессорлық-оқытушылық құрамның бос лауазымдарына байқау жариялады. Ал 2021 жылдың 15 қарашасында студенттерді Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған "Тәуелсіздік – Мәңгілік елдің тұғыры" атты көрмеге шақырды.

"Мыңдаған студент қаржылық қиын жағдайда қалып тұр. Қазіргі кезде ШТІКУ жеке университеттермен студенттерді ауыстыру жөнінде келіссөз жүргізуде. Бірақ билік алда олардың да лицензиясын алып қоймасына еш кепілдік жоқ. Біз БҒМ-нен балаларымызға лайықты ЖОО-ларға ауысып, таңдаған мамандығы бойынша оқуын жеңілдікті шарттармен аяқтауына мүмкіндік беруді сұраймыз!", – дейді ата-аналар.

"Бұл университеттің жабылуына байланысты студенттердің басқа ЖОО-ларға ауысуында қиындықтар тууда. Студенттерге университет басшылығы көптеген жалған ақпарат, дезинформация беруде. Мыңдаған студент өзін нақты қандай университет келісім бойынша қабылдайтынын білмей сенделіп жүр. Студенттер арасында ешқандай түсіндіру шаралары жүргізіліп жатқан жоқ. Жастар министрліктің қолдауынсыз-ақ, басқа университеттерге өз бетімен ауысайын десе, олар "семестрді аяқтамадыңыздар" деп қабылдаудан бас тартып жатыр. Білім және ғылым министірлігінен өзі тудырған осы проблеманы тез арада шешуін талап етеміз, бұған жауапты тек сіздерсіздер!", – дейді Сабит Худайбергенов.

Билік не дейді?

Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің ақпараты бойынша Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айрылды.

"Осыған байланысты бұл университеттің өз түлектеріне жоғарғы білім туралы диплом беруге құқығы жоқ. Бұл ретте "Білім туралы" заңының 42-бабының 2-бөліміне сәйкес, білім беру ұйымы лицензиясынан айрылған немесе жойылған жағдайда шәкірттерін оқуын жалғастыруы үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру шараларын оның құрылтайшысы қабылдайды. Сонымен бірге БҒМ аталған университеттің студенттерін басқа бейінді ЖОО-ларға көшіру жөнінде жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобына жабылған университет жүзеге асырып келген оқу бағдарламалары бойынша мамандар даярлайтын өзге, лицензияланған ЖОО басшылары кірді", – деп түсініктеме берді комитет.

Ведомствоның мәліметінше, ШТІКУ студенттерінен өтініштер онлайн күйде де, сондай-ақ университеттің ғимаратында да қабылданбақ. 

"Емтихандарын уақытылы тапсырып, басқа ЖОО-да оқуын жалғастыра алуы үшін ШТІКУ-дің әрбір студенті бойынша тиісті шешім мен шара жеке қабылданатын болады. Олардың барлық академиялық жетістіктері сақталады. Академиялық айырмашылық анықталған жағдайда тегін ауыстыру мәселелері бөлек пысықталады. Білім және ғылым министрлігі студенттерді басқа бейіндік жоғары оқу орындарына ауыстыру жұмыстарын жалғастыруда", – деп хабарлады комитет. 

Жалпы оқу орындарының жаппай жабылуы – жоғарғы білім беру секторына да, мыңдаған студенттер мен олардың ата-аналарына да есеңгірететін соққы, үлкен стресс пен күйзеліс болса керек.

Мысалы, Тұран-Астана университетінің студенттері Сәрсен мен Рауф 2020 жылы Қаржы академиясымен келісімге отырып, оның әскери кафедрасына түсіпті. Кафедрада оқу 2 жылға созылады. Келесі жылы аяқталуға тиіс еді.

"Қазір академияның әскери кафедрасының 2-курсында оқимыз. Оқуға әр жыл үшін 214 мың теңгеден, яғни жалпы сомасы 428 мың теңге төледік. Алайда қазіргі кезде "Қаржы академиясы" АҚ-ы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қосылып жатқан көрінеді. Біз 1,5 жыл ғана оқып үлгердік. Әскери кафедраны аяқтауымызға тек жарты жыл қалып еді. Енді әрі қарайғы оқуымыз қалай болатыны әзірге белгісіз. Әскери билетті ЕҰУ әскери кафедрасы берсе жақсы болар еді", – дейді олар.

БҒМ-нің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті бұл мәселені қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі пысықтап жатқанын жеткізді. Қаржы академиясының студенттеріне оқуды әрі қарай жалғастыру құнының және басқа да шарттардың өзгеруіне қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты білу үшін ЕҰУ-ға жүгінген жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу