Байрақты бәсекеде тәжірибелі балуандар өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мысалы, 77 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан Демеу Жадыраев жеңімпаз атанды. Ақтық сында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Қаһарман Қисметовті қапы қалдырып, алтын медальға ие болды.
Жаза кеткен жөн, Демеу Жадыраев бұған дейін 82 келі салмақта белдесті. Десе де, бұл салмақта халықаралық аренада жүлдеге жете алмады.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта Айдос Сұлтанғали өз мықтылығын дәлелдей түсті. Финалда ол Ербол Қамалиевті 6:0 есебімен жеңіп, Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды. Осылайша, кездесуді мерзімінен бұрын бітірді.
Бұл Айдос Сұлтанғалидің 2025 жылғы әлем чемпионатындағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ірі жарыстарының бірі саналады.
Сол секілді, 63 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов финалда жамбылдық Дәулет Әшірхановты жеңіп, турнирдің алтын жүлдесін мойынға тақты.
Осылайша, Қазақстан кубогында тәжірибелі әрі атақты балуандардың асығы алшысынан түсті деуге әбден болады.