Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектеп санының қысқаруын министрліктің жоба бойынша оңтайландыру амалдарын жүргізуімен байланыстырады, деп жазады іnbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жоба басшылары мен сарапшылары әр өңірге іс-сапармен барып, кейбір мектептерді салу қажет еместігін анықтаған.
"Мысалы, бір өңірлерде мектептің 40%-ы ғана толуы мүмкін, сонда біз кім үшін саламыз? Кейбір жерлерде логистикалық мәселелер туындады: екі ауылдың қақ ортасында, айдалада мектеп салу дұрыс емес деп ойлаймын. Біраз аумақта мектеп қолжетімділігі шешілген мәселе. Барлығын зерделей келе, біз нақты тапшылық көріп отырған жерлерде ғана оқу орнын салуды ұйғардық", – деді.
"Жайлы мектеп" тоғысында көтеріліп жүрген басқа да мәселелер жетерлік, мысалы, осы жылдың сәуір айында депутаттар мектептердің құрылысы неге әлі басталмағанына наразылық білдірген еді. Ол кезде Айманбетов Мәулен бюрократияға сілтеп, үкіметтің қаулысын бекіту процесі ұзаққа созылғанын айтты. Оған қоса ЖСҚ жасауға 12 ай керектігі атап өтілді. Бүгін Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы тағы бір мәрте жоба жоспар бойынша жүріп жатқанын еске салды.
"Ұлттық жобаның тоқтап қалғаны туралы қауесеттер мен болжамдар шындыққа жанаспайды. Жоба құрылыстың соңғы қабылданған директивалық мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, үш сейсмикалық және екі климаттық аймақ бойынша 31 типтік және 6 жеке ЖСҚ әзірленуде. Мемлекеттік сараптама РМК жұмыс топтарын құрды, олар қолайлы мектептердің жобаларын басым тәртіппен қарайды (мемсараптама кезінде жайлы мектептердің ЖСҚ қарау уақыты үш есеге қысқарды - ред.) және жедел кері байланыс береді, сол үшін оларға ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан ЖСҚ өткеннен кейін толық ауқымды құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Сараптама нәтижелі қазан айында толығымен алуға тырысамыз, бірақ қараша айында толық дайын болады деп кепілдік беремін", — деп сендірді М. Айманбетов.
Сонымен келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін 86 жайлы мектеп (300 орындық 39 мектеп, 600 орындық 47 мектеп) тапсырылады. 122 мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
"900-2000 орындық мектептерді де құрылыс компаниялары оқу жылының басына дейін тапсыруға тырысады. Нақты жоспар желтоқсан айында белгілі болмақ", — деп нақтылады Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы.
SK Construction отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттенеді. Әсіресе, шетелдік жиһаз сатып алуға тыйым салынады. Отандық аналогтары бар шетелдік жиһазды сатып алған жағдайда, жоба операторы, яғни SK Construction жауапкершілікке тартылады. Үкіметтің № 963 қаулысының жаңа өзгертілген редакциясында отандық тауар өндірушілерден сатып алу бойынша орындалмаған міндеттемелер сомасының 15% мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Алайда мектептерге арналған жиһаз "Самұрық-Қазына" қорының тауар өндірушілер тізіліміне және отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген компаниялардан ғана сатып алынатын болады.
Жоба Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан әрбір теңге Қазынашылықтың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары арқылы өтеді.
Қаржыландырудың көзделген жалпы көлемі мыналарға жұмсалады:
1) Жаңа жайлы мектептер салу және ашу (жаңа оқушы орындарын іске қосу және технологиялық жарақтандыру) – 2, 142 трлн теңге;
2) жаңадан іске қосылатын мектептерді бақылау – 246 млрд тенге
"Әр мектептің нақты құнын мектептердің ЖСҚ 2023-2024 және 2024-2025 жылдардың қорытындысы бойынша мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін анықтай аламыз. Қазіргі уақытта міндет үлгілік жобаларды іске асыру болып табылады және болашақта жаңа жобаларда ЖСҚ-ға қаражат жұмсаудың қажеті жоқ", — деп түйіндеді Мәулен Айманбетов.