"Жайлы мектеп" жобасы санаулы құрылыс компаниясы үшін ғана "жайлы"

Себебі ұлттық бағдарламаның қатысу талаптарына тек 4-5 құрылыс компаниясы ғана сай келеді. 

"Жайлы мектеп" жобасы санаулы құрылыс компаниясы үшін ғана "жайлы" Фото: kazbilim.kz

Сенат отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына қатысты депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы құрылыс және жобалау жұмыстарын сатып алуға қатысқан компаниялар тап болған мәселелерді көтерді. 

Депутат ұлттық жобаға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша 2,6 трлн теңгеге 401 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын еске салды. 

Оның айтуынша тендерлік құжаттардағы талаптар тек ірі бизнеске бағытталған. Яғни, конкурсқа қатысатын жергілікті орта кәсіпкерлік өкілдері жобадан тыс қалады. 

Фото: inform.kz

"Талаптарға сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті жеткізушіге соңғы 5 жыл ішінде жыл сайын кемінде 500 млн теңге төленген салық сомасына шартты жеңілдік береді. Бұл ретте, kgd.gov.kz сайтының ақпараты бойынша республика көлемінде тек 4-5 ұйымдар үшін ғана қолжетімді болып отыр. Сондықтан да, аталған талаптар белгілі бір заңды тұлғалардың пайдасына "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыруды монополиялауға, жобаға қатысуға ниетті басқа да "әлеуетті жеткізушілердің" аясын қысқартуға себеп болып отыр", – деп атап өтті сенатор.

Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, іс жүзінде ірі "жеңімпаз компаниялардың" басым көпшілігі негізгі жұмыс көлемін орындау үшін қосалқы мердігерлік жұмыстарға әлдеқайда аз сомаға шағын және орта бизнес өкілдерін тартады. 

Жұмыс сапасының төмендігі және құрылыс мерзімдерінің бұзылу қаупі соның нәтижесінде орын алады.

"Үкіметтен "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында құрылыс-жобалау жұмыстарын сатып алудың монополиялануына жол бермеуді; орта бизнес үшін сатып алулардағы бар кедергілерді жоюды;  тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін "әлеуетті жеткізушінің" белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке географиялық байланыстылығы критерийін енгізуді; бюджет қаржысы есебінен орындалатын қызметтер мен жұмыстар бойынша "негізгі мердігер" мен "қосалқы мердігердің" міндеттемесі мен жауапкершілігін белгілеуді сұраймын", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу