Осы орайда Абай облысындағы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі "№20 мекемесі" Республикалық мемлекеттік мекемесінің кадр саясаты бөлімінде қажырлы еңбек етіп келе жатқан екі қызметкерді ерекше атап өтуге болады, деп жазады inbusiness.kz. Кадр мамандары ұжымдағы әр жұмысшыға жақын. Себебі әр қызметкер жұмысқа тұрған кезде бірінші осы кісілердің алдынан өтеді.
Бүкіл ұжымның жауапкершілігі кадр мамандарының мойнында десек те қателеспейміз. Өйткені кадрларды іріктеудің күрделі тәртібін кадр бөлімінің сауатты, білімді, жауапты қызметкерлері атқарады. Қазіргі уақытта кадр қызметінің жұмысы көп қырлы: жеке құрамды іріктеу, олардың еңбегін ұйымдастыру және ынталандыру жүйесін, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді прогрессивті дамыту.
Осынау ауқымды жұмыстарды атқарып жүрген қызметкерлердің ішінде Жабагина Ботагоз Кайргазыевна ерекше атап өтуге тұрарлық. Ұжымның айрандай ұйып, әр мәдени іс-шараның басында жүріп, үнемі белсенділік көрсететін ол бір төбе. Одан бөлек әріптестеріне деген жанашырлығы, адамгершілігі, ол жанның бойындағы жақсы қасиеттерін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Ботагоз Кайргазыевна 1982 жылдан, яғни сол кездегі Қазақ КСР ІІМ "СЕ-165/3 мекемесі" болғаннан бері 41 жыл аталған мекемеде осы кадр саясаты бөлімінде еңбек етіп келеді. Бүгінде ардақты жан – алты немере сүйіп, ақжаулықты әже атанса да қатардан қалмай қызмет етіп келеді. Жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар кәсіби маманның жас буынға өнеге болып, үйретері көп.
Осы маңызды күні Кадр қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың қажырлы еңбектері жоғары білікті және тату ұжымды құруға негіз болып отырғанын атап өткен жөн. Қашан да қиын жұмыста шыдамдылық танытып отырғандарына алғыс айтып, еңбектері еселене берсін деген тілек айтқымыз келеді.