Жақсылық Омардың жаңа жылдағы "тілегі" әлден орындалмай жатыр

2554

Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омардың жаңа жыл алдында халықты "шын жүректен" құттықтай отырып айтқан "қуанышты" жаңалығы "Жаңа Қазақстан" "құрылғаннан" кейін жайына қалғанға ұқсайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жақсылық Омардың жаңа жылдағы "тілегі" әлден орындалмай жатыр

Әкімнің 23 желтоқсанда фейсбукте жариялаған жазбасы мынадай:

"Біз әкімдіктің жұмысын әлеуметтік желіде ақпараттық сүйемелдеуді қаржыландырудан толықтай (!) бас тартамыз. Аталмыш шығындар статьясы Ішкі саясат бөлімінің бюджетінен алынып, Әлеуметтік қорғау бөліміне бағытталды. Қала басшысы мен қалалық әкімшіліктің қызметі енді әкімнің жеке аккаунты мен қалалық әкімдіктің ресми парақшасында ғана жарияланады".

 

Жап-жақсы жаңалықтың шынайылығын тексеру үшін мемлекеттік сатып алулар порталына көз жүгіртеміз. Онда шаһардың ішкі саясат бөлімі "Шығыс Ақпарат" медиахолдингімен 900 мың теңгеге келісімшарт жасасқанын көреміз. 

Құжаттың техникалық сипаттамасында "Өскемен қаласының мемлекеттік органдарының қызметін әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу бойынша қызметтер" деп жазулы тұр. Демек әкімдік жұмысын әлеуметтік желіде насихаттаудан "толықтай" бас тартпаған тәрізді.

Фейсбукте "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің smm-бөлімінің мамандары жүргізетін топтардан қала әкімдігінің жұмысын насихаттайтын контенттерді (оны ішінде видеоматериалдар да бар) көруге болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұған қоса әкім өз парақшасында бөліскен жаңалықтарды да "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің smm-мамандары түрлі топтарға жариялап тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлбетте, 900 мың теңге дегеніміз санаулы ғана қаражат. Бірақ көп жағдайда конкурстық рәсімдер кешігіп орындалатынын ескерсек, оған әкім айтпақшы қала басшылығы жарнамадан "толықтай" бас тартпағанын қоссақ, билік жұмысының насихатына құрылатын келісімшарттар алдағы уақытта да болып қалуы мүмкін деген күдік сейілмейді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу