Президент тәуелсіздікті азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған құндылыққа теңеді.
"Қадірлі қауым! Баршаңызды егеменді еліміздің ең басты мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы болған қастерлі мейрам. Абыройы асқақ, беделі биік мерейлі мемлекетіміз өзінің екінші ширек ғасырлық белесіне қадам басты. Осы жылдар ішінде біз аз уақытта сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсере білдік. Қазір Қазақстан төрткүл дүниеге толық танылған халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі болып табылады. Тәуелсіздікке тәу ететін кез келген халық үшін бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әрбір қазақстандыққа қайырыла отырып, алдымызда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе қол жеткізетінімізге сенім білдірді. Және халқымызға ырыс-береке, тәуелсіздігімізге баяндылық тіледі.
Бұл күні ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті жетістіктерімен көзге түскен, қоғам құрметіне ие болған ел азаматтарының бір бөлігін әртүрлі мемлекеттік наградалармен марапаттады.
"Ұлық мерекеміз қарсаңында, жыл сайынғы дәстүр бойынша ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттау игі дәстүрге айналды. Оның үстіне биыл елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшуіне 20 жыл толды. Жаңа мыңжылдық қарсаңында сайын далада бой түзеген әсем Астана тәуелсіздіктің тұмарына айналды. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа ие болудың символдық мәні өте зор деп санаймын. Сондықтан ақорданың төріне жиналған сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн", – деді елбасы.
Ол ел алдында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеті тұрғанын еске салды. Оған қол жеткізу үшін отан үшін жанқиярлық ерлікке бара-бар еңбегімен дараланатын атпал азаматтар, жұртшылықты ізгі істерге жұмылдырар сайыпқыран көшбасшылар қажет. Мемлекеттің осындай ұлы дала ұландарының еңбегін елеуі де сондықтан.
Нұрсұлтан Назарбаев ақордадағы салтанатты рәсімге тек аз шоғыр айтулы марапат иелерін ғана шақыру мүмкін болғанын, басқа мыңдаған қазақстандықтарға ордендері мен медальдарын және дәрежелі атақтарын президент атынан әкімдер, министрлер, ведомство басшылары және беделді қауымдастық жетекшілері тапсыратынын жеткізді.
Сөзін әрі қарай сабақтаған мемлекет басшысы биыл бірнеше азаматқа не себепті еліміздің ең бір жоғарғы атағы – "Қазақстанның Еңбек Ері" беріліп отырғанын түсіндіре кетті.
"Биыл "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы Ахметжан Смағұлұлы Есімовке берілді. Ол менің сенімді серіктестерімнің бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға үлес қосты. Үкімет басшысының орынбасары, министр, Алматының әкімі қызметінде болып, ел дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ел мүддесін берік ұстайтын отансүйгіш ретінде өзін көрсетті. Биыл бәріміз куә болған, абырой мен бедел әкелген халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесін өте табысты өткізді. Мен артқан бұл міндетті абыроймен орындап, халықаралық көрмелер бюросы ұйымының жоғарғы бағасын алды. Экспоны тамашалаған ел-жұрт оның еңбегін көрді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін президент "Теңізшевройл" компаниясының менеждері Руслан Қуатовқа да осынау жоғары атақты өз қолымен табыстады. Сарапшылардың тар ортасында танымал болғанымен, Руслан Тұржанұлын былайғы жұрт біле бермейді. Сол себепті мемлекет басшысы оған не үшін "Еңбек Ері" атағын беріп отырғанын жеке түсіндіре кетті. Президент марапат иесінің "жоғары дәрежелі инженер ретінде мұнай өндіру саласын тиімді технологиялық қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосқанын" атап өтті. Ол еліміздің мұнай-газ секторындағы халықаралық серіктестіктің дамуына ықпал етті.
"Осындай кәсіби мамандардың арқасында қазақ елінің индустриялық қуаты артуда, энергетикалық тәуелсіздігі нығаюда. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, біз мұнай-газ кенорындарына атағы жер жарған трансұлттық компанияларды тарттық. Бірінші болып, бізге келген ірі инвестордың бірі америкалық "Шеврон" еді. Мен бұған өзім қамқорлық жасадым және жеке шақырдым. Біз оған "құдырет" секілді қарайтынбыз. Ал Руслан Қуатов секілді отандық мамандар америкалық супервайзерлерді бірте-бірте ысырып шығарды. Ол осы компаниядағы менеджер болған бірінші қазақ. Қазір өз парызын адал атқаруда", – деген Нұрсұлтан Назарбаев осылайша, "күрделі жағдайда жұмыс жасап жатқан" еліміздегі барлық мұнайшыларға құрмет-қошеметін білдіріп отырғанын нықтады.
Елбасы КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы, қазіргі аграрлық бизнесмен Жақсылық Үшкемпіровке де "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді.
"Бәріңіз білесіздер, ол даңқты палуан, дүниежүзі және Олимпиада ойындарының чемпионы. Халқымыздың атын кеңес кезінен бері шығарып келеді. Ол заманда мұны үнсіз қалдырып, атақ бермеді. Енді жоғары марапатқа ие болып отыр. Бүгінде ірі шаруашылығын басқарып отыр. 20 жылдан бері ауылды өркендетуге ерен еңбегін сіңіруде. Өзі басқаратын шаруашылықты жоғары дәрежеге жеткізді. Ол шығаратын ет бүгінде Ресейге, Қырғызстанға, басқа елдерге сатылуда. Ел арасында абыройы үлкен. Қазір өз жұмысын ғана орындап қоймай, туған еліне адал қызмет етудің үздік үлгісін көрсетуде. Өз қаржысына ауылда көпсалалы спорт кешенін, балабақша, жас отбасыларға үй салғызды. Ауылға газ тартқызды. Тағы-тағы үлкен нысандар тұрғызып, ауылдағы елдің алғысына ие болды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Биік марапатқа риза болып, көңілі босаған Жақсылық аға елге шапағаты мұнымен таусылмайтынын, керек болса, малын елге таратып беретінін айтып салды.
"Мен еңбек етіп жатқан жер, Жетісу өңірі шұрайлы жер, елбасымыздың кіндік қаны тамған мекен. Менің бір арманым бар. Қазақстанда көп болса, 5 мыңға жетер-жетпес қана ауыл бар шығар. Соларды қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын, аға!" – деп бастама көтерді Жақсылық Әмірәліұлы.
Осы орайда мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтың қалталы болып, байығанын еске салды.
"Мен де халқымыз ауқат жиюы үшін қызмет етудемін. Енді бұл азаматтар тапқанының біразын елге берсін де сіз сияқты. Жас отбасыларға пәтер, балабақшалар салып берсе, игі!" – деп қуаттады Нұрсұлтан Назарбаев.
"Маған қаншама адамдар келеді, арасында жетім, жесірлері, қиыншылыққа ұшырағандар бар. Құдайға шүкір, қолдан келгенше көмектесудемін. Мал бар, бөліп берем бәріне!" – деп мәлімдеді Жақсылық Үшкемпіров ағамыз.
Осы күні елбасы салтанатты жағдайда екі облыстың әкіміне ең биік "Отан" орденін, ал 3 министрге "Парасат" орденін табыстады.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және "Степное" ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуов "Отан" орденімен марапатталды.
Екінші дәрежелі "Барыс" ордені жазушы Әнес Сарайға, президенттің көмекшісі Нұрлан Онжановқа, "Каспий құбыр консорциумы-Қ" АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдинге берілді.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, жоғарғы соттың жаңа төрағасы Жақып Асанов, үкіметтегі ең жас министр – әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаев, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Меруерт Өтекешова "Парасат" орденіне лайық деп танылды.
Сондай-ақ белгілі боксшы, Қытайдан елге оралған қандас Қанат Исламның кеудесіне президент "Құрмет" орденін тақты. Осы орденге үкіметтің тағы бір мүшесі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ие болды.
Жанат Ардақ