"Жақсылық жасап жатқандай көрінбеңдер, жақсылық жасаңдар да көрінбеңдер" деген бар"

4301

Асқар Сыздықов inbusiness.kz тілшісіне 350 млн теңгеден 3 млрд теңгеге қалай жетуге болатынын айтты.

"Жақсылық жасап жатқандай көрінбеңдер, жақсылық жасаңдар да көрінбеңдер" деген бар"

"Астана электротехникалық зауыты" ЖШС электротехникалық жабдық өндіретін еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі. 2009 жылы құрылған компания қазіргі таңда өнеркәсіптік секторды сапалы және сұраныстағы электротехникалық жабдықпен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт 60-қа жуық тауар өндіреді. Оның барлығы сапа және шыққан жерін нақтылайтын "СТ-KZ" сертификатына ие. Ерекше атап көрсетерлігі зауыт трансформаторлық қосалқы станция жиынтығын, жоғары вольтты ұяшық пен бөлу қалқанын шығаратын отандық өндіруші ретінде "Самұрық-Қазына" АҚ реестріне енген.

Компанияның өнімдері мұнай-кен орындарында, мұнай өңдеу зауыттарында, көмір кеніштерінде және қаладағы трансформаторлық станцияларда қолданылады.

Бас директор Асқар Сыздықов басқарып отырған зауыт бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ерекше назарда ұстайды. Компания тұрмысы төмен және көпбалалы бірнеше отбасын қамқорлығына алған. "Дар" қоғамдық қайырымдылық қорымен тығыз байланыс орнатқан. Ерекше атап көрсетерлігі, зауыт басшысы қасиетті Рамазан айында "Шапағат" халықтық жобасы аясында ұйымдастырылған "Ақ ниет" акциясына атсалысып, 100 отбасыға азық-түлік таратты.  

– Энергетика саласына қалай келдіңіз?

– Менің мамандық таңдауыма бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Червонное ауылдық мектебінің директоры, туған апам ықпал етті. Мектепті аяқтаған соң, кім болатынымды білмей жүрдім. Апам Целиноград ауылшаруашылығы институтына түсуге, инженер-электрик мамандығын таңдауға кеңес берді. Еңбек жолын аудан орталығындағы ет комбинатында қатардағы электрик болып бастадым. Осы жерде бас энертегик дәрежесіне дейін өстім. Ал 90 - жылдардағы тоқырауда жұмыссыз қалдым.

– Бизнесті қалай бастадыңыз?

– Күн көру, табыс табу керек болды. Көп ойланбай, электр тауарларын сату туралы шешім қабылдадым. Ол кезде жалақы азық-түлікпен берілетін. Көкшетау қаласынан сатып алған құрал-жабдықты бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына тасымалдап, №1, №2 жылу электр орталықтарына сатып жүрдім. Екі жыл жақсы табыс таптым. Ісім алға басқан кезде елордаға қоныс аудардым. Көшіп келгеннен кейін, қиындыққа тап болдым. №1, №2  жылу электр орталықтары біріктіріліп, көлемді тапсырыс бере бастады. Сұранысты қанағаттандыра алмайтынымды білген соң, "Ақмола нан" АҚ-ға қауіпсіздік техникасы бойынша инженер болып жұмысқа тұрдым. Бас технолог қызметінен кеткен кезде маған наубайхананы уақытша басқару міндеті жүктелді. Сөйтіп 8 ай наубайхана ұжымын басқардым. Кейін осы жерде бас энергетик болдым. Мардымсыз жалақы басқа жұмыс іздеуге мәжбүрледі. Таксист болдым, құрылыспен айналыстым, бірақ бұл жұмыстар жаныма жақпады. Кейін мамандығыма қайта оралып, энергетика саласынан тапсырыс іздей бастадым. Трансформаторлық шағын станцияларды жөндедім, оларға қызмет көрсеттім. Сөйтіп жүргенде Alageum Electric ірі электротехникалық компаниясына техникалық директор қызметіне шақырды. Бұл жерде бас директор лауазымына дейін жоғарыладым.

– Бас директор лауазымынан неге кеттіңіз?

– Ары қарай өсу, өну қажет болды. Тоқмейілсіп отырғанды жөн санамадым. Alageum Electric компаниясы менің шеберлігімді шыңдады, жаңа мүмкіндігімді ашты. Мен бұл жерден көп нәрсе үйрендім. Алайда өз ісімді, жеке кәсібімді бастау туралы ой көкейден кетпей қойды. Соңымнан 8 адамды ертіп, жеке кәсіпке бет бұрдық. Біз орын--жай жалдап, алдын ала жасалған төлемге материал мен құрал-жабдық сатып алдық. Алғашқы тапсырыстан түскен ақшаны станоктарға жұмсадық. 2012 жылы несие рәсімдеп, жеке орынжай сатып алдық. Осыдан бастап дамудың келесі кезеңіне көштік.

– Нақты нәтиже бермеген бизнесті несиелендіруден қорыққан жоқсыз ба?

– Бизнес – тәуекелден тұрады. Тәуекелге бармаған адам жетістікке жете алмайды. Оның үстіне біздің салада тәуекел мен сын-тегеурін көп емес. Электр қуатын барлық сала тұтынады. Сондықтан біздің өнім үнемі сұраныста болады. Біз бәсекелестікпен сыналамыз. Сапалы тауар өндіргенде ғана тұтынушының тамырын тап басып, сеніміне ие боламыз.  

Несиені қажеттіліктен алдық. Өйткені жалға алған орынжайға тапқан табысымыздың едәуір бөлігін жұмсап отырдық. Оның үстіне орын-жай иесінің қас-қабағын бағып отырудан шаршадық. Бір емес, бірнеше рет жалға алып отырған орын-жайдан көшкен кезіміз болды. Мәселені шешу үшін екі инвестор тарттық, жетпеген қаржыны несиемен толтырдық.

"Даму" қорының кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы қарызды қайтаруға аз, бизнесті дамытуға мол қаржы жұмсайтын жеңілдікпен несие рәсімдеп берді.

Алты жылда Астана электротехникалық зауыты өндірістік өнімділігін 10 есе  арттырып, табысын 350 млн теңгеден 3 млрд теңгеге жеткізді. Компания өндіріп отырған электротехникалық өнімдер шетелдік баламаларынан бір мысқал кем емес. Кешенді трансформаторлық шағын станциялар, вакуумды ажыратқыштар, энергия тарату шкафтары және басқа даэлектротехникалық өнімдер өзімізде өндіріліп, өзімізде сынақтан өтеді. Біз,шын мәнісінде, отандық өнім өндіреміз.

– Сіз үшін қызметіңізде, кәсібіңізде не маңызды?

– Адам. Жұмысын адал атқаратын қызметкерлер мен серіктестерді сондай-ақ бізбен тығыз қарым-қатынас орнатқан, бізге сенетін тұтынушыларды  құрметтеймін, бағалаймын және олармен мақтанамын. Сенімді адамсыз кез келген кәсіп тығырыққа тіреледі. Бизнесін дамытқысы келген кәсіпкер қарамағындағы адамдардың тұрмысын жақсартуға тиіс. Әлеуметтік пакет, қызметтік үй мен жатақхана және лайықты жалақы қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырады. Біз осы қағиданы ұстанамыз.

– Қайырымдылықпен айналысатыныңызды жасырасыз, бұған не себеп?

– "Жақсылық жасап жатқандай көрінбеңдер, жақсылық жасаңдар да көрінбеңдер" деген сөз бар. Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы болады. Жетім-жесірге, кембағалға, көпбалалы отбасыға мейірім танытқаны үшін сүйінші сұраса, адамның адамшылығы қайда қалады? Бабаларымыздан  "Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін" деген сөз қалды ғой. Осы сөз дұрыс деп ойлаймын

– Әңгімеңізге рахмет.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу