Жалақыдан барлық алым-салықты алып тастағанда, қалтада не қалатыны анықталды

380

Статистика көрсеткендей, ТМД елдері ең дарынды жастары мен интеллектуалды элитасынан ары қарай айрылып жатыр: бұл тұрғыдағы көші-қон үрдісі тоқтатар емес. 

Жалақыдан барлық алым-салықты алып тастағанда, қалтада не қалатыны анықталды Фото: ЖИ

Көш көлігін сайлағандардың шебінде өршіл кәсіпкерлер, жоғары білікті IT мамандары, мықты инженерлер және қазіргі заманда көп сұранысқа ие өзге де мамандық иелері бар.

Осы бір орасан зор ақыл-ой тасқынын негізінен, дамыған елдер, соның ішінде Еуропа өзіне магниттей тартып тұр. Бүгінде бүкіл адамзат жоғары табысты, бас айналар мансаптық перспективаны және уайымсыз болашақты уәде еткен технологиялық дүмпу мен жасанды интеллект бәйгесіне бас қойды, деп жазды inbusiness.kz сайты.

Алайда, туған жерімен қоштасып, алысқа аттануды қалағандарды елде қалатын кейбір адам: "Еуропа үкіметтері тапқан табысыңның жартысынан көбін тартып алады!" деген суық стереотиппен шошытып, райынан қайтаруға тырысып жатады. Шынында солай ма? Еуропадағы және Түркиядағы салықтар сонша қорқынышты ма, әлде бұл жай ғана аңыз ба?

100 мың еуро: қиялдағы байлық пен қалтадағы қатал шындық

Euronews Business сарапшылары жаңа ғана жарияланған талдауында 100 000 еуро табыстан қай елде қанша алым-салық алып қойылатынын егжей-тегжейлі есептен шықты.  

Бір анығы, Еуропа құрлығында барлығына ортақ, бірыңғай салық жүйесі жоқ. Әр мемлекет қалағанынша салық салады: бір мемлекетте үдемелі прогрессивті шкала үстемдік құрса (көп тапқан сайын мемлекетпен көбірек бөліс!), басқа елдерде табыс салығының бірқалыпты, бай мен кедейге ортақ ставкасы қолданылады.

Бұған қоса, қолға тиетін түпкілікті сомаға азаматтың отбасылық жағдайы, үйінде қанша адамның жұмыс істейтіні және асырауындағы бала саны тікелей әсер етеді. Көптеген еуропалық елдерде бұл факторлар салық шегерімдерін алуға және Үкіметке төленетін міндетті салықтың көлемін заңды түрде азайтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, сарапшылар: "бойдақ, бала-шағасы жоқ, соқа басы ғана бар маман жылына 100 мың еуро табады" деген ең қарапайым базалық сценарийді қарастырып отыр. Бұл жағдайда қолға тиетін таза ақшасы ол адамның тұратын мемлекетіне қарай қатты ерекшеленетіні анықталды.

Еуропаның 31 елін – ЕО мүшелерін, сондай-ақ одаққа кірмейтін Ұлыбритания, Швейцария, Норвегия мен Түркияны қамтыған бұл зерттеу көрсеткендей, салық салынғанға дейінгі 100 мың еуро жалақыдан қалатын таза табыс Бельгияда тым мардымсыз болып шықты: 50 750 еуро ғана. Яғни, маманның тапқан-таянғанының жартысын мемлекет жұмсап қояды.

Ал, Болгарияда сондай жоғары жалақылы жұмыс таба алған сирек маман шалқып өмір сүреді екен: мемлекетпен толық есептескен соң қомақты 86 930 еуро қалтасына түседі.

Сонымен, тамыры тікелей Көк түрікпен байланысып жатқан, төркіні татарлар болып келетін Болгария (бұлғарлар) елі – барлық мемлекеттік шегерімдерден кейін маманға 85 мыңнан көп таза қаржы қалдыратын құрлықтағы жалғыз жомарт ел болып шықты! Өз халқына және мигранттарға деген осы мәрттігінің арқасында ол еуропалық рейтингте көш бастап тұр.

Одан кейінгі орындарға 74 400 еуромен Эстония, 72 800 еуромен Чехия, 72 500 еуромен Мальта, 70 500 еуромен Швейцария және 70 300 еуромен Кипр жайғасты. Шын мәнінде, бұл елдердің қай-қайсысында да қызметкерлер өздерінің 100 мың еуролық "кір табысының" (gross salary) кем дегенде 70 мыңын өзінде сақтап қала алады.

Жоғары білікті, қымбат кадрлар үшін нағыз фискалдық жерұйыққа айналған елдің бірі – Ұлыбритания. Мұнда маманның қолына 69 900 еуро (салыққа дейінгі табыстың тура 70%-ға жуығы) тиеді. Бұл – Еуропа экономикасын алға сүйреген локомотивтер – "Үлкен бестік" ішіндегі ең үздік, ең биік көрсеткіш. Испания (€64 200) мен Франция (€63 000) орташалар сапынан табылды. Ал, Германия (€57 900) мен Италия (€56 700) өз мамандарына ең жұтаң таза табысын ғана қалдыратын сараңдығы, қытымырлығы мен қаталдығы үшін алыптардың бестігінің соңында салпақтап келеді.

Жоғары жалақылы маманға қай елде тұру тиімсіз?

Салықпен сыққаннан кейін есепшотта ең аз ақша қалдыратын елдер – Бельгия, Дания және Швеция. Дәл осы себепті жалпы рейтингтің ең терең түбіне Бельгия (50 750 €) табан тіреді.

Одан сәл ғана жоғарыда солтүстіктің қос алыбы жайғасқан: атағы жер жарған әйгілі "скандинавиялық социализм" арзанға түспейді екен. Сондықтан Дания маманның жыл бойы шелектеп тер төгіп тапқан 100 мың еуросынан небары 51,5 мыңын, Швеция – тек 52 мың еуросын қалдырады. Жоғары жалақылы азаматтардың табысының үлкен бөлігін аяусыз тартып алатын елдердің сапын сондай-ақ Аустрия (54 200), Словения (55 060) және Грекия (56 615 еуро) толықтырды.

Ең қызығы, Солтүстік Еуропаның өз іші де ала-құла. Мысалы, Норвегия (€66 900) мен Финляндия (€62 200) даниялық көршісіне қарағанда әлдеқайда жұмсақ әрі ізгі көрінеді. Ал, Ирландия (€64 000) мен Түркияда (€63 200) еңбек ететіндер 100 мың еуролық жылдық табысының үштен екісіне де жетпейтін бөлігін ғана місе тұтуға мәжбүр.

Бұдан келесідей байлам жасауға болады:

• Дамушы Шығыс Еуропа – капитал жинақтаудың таптырмас алаңы саналады. Мұнда жұмыс істейтіндер өз табысының басым бөлігін әмиянында сақтап қалады. Жергілікті үкіметтер шетелдік кәсіби мамандарды салық салудың баршаға бірдей ставкасымен, салықтың ең жоғарғы шегінің төмендігімен және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне төленетін ең аз жарналармен өздеріне еліктіруде.

• Бай әрі дамыған Батыс пен Солтүстік Еуропа – әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қояды. Мұндағы асқақ табысқа ие жұмыскерлер мен байлыққа белшесінен батқан менеджерлер прогрессивті салықтың қыспағына тап болады, әлеуметтік қорларға ірі көлемде міндетті аударымдар аударуға мәжбүрленеді және өзге де толып жатқан алымдармен аяусыз жүктеледі. Нәтижесінде, Бельгия, Дания, Германия, Аустрия, Франция, Швеция мен Нидерландыда салық жүктемесі шарықтап тұр. Стереотипке сүйеу болатындар да солар.

Салықтардан кейін 100 000 еуродан ең көп сома қай елде қалады:

1. Болгария – 84,930 €

2. Эстония – 74,400 €

3. Чехия – 72,800 €

4. Maльта – 72,500 €

5. Швейцария – 70,500 €

6. Кипр – 70,300 €

7. Ұлыбритания – 69,900 €

8. Словакия – 67,855 €

9. Норвегия – 66,700 €

10. Венгрия – 66,500 €

11. Латвия – 64,300 €

12. Испания – 64,200 €

13. Ирландия – 64,000 €

14. Түркия – 63,100 €

15. Франция – 63,000 €

16. Финляндия – 62,200 €

17. Люксембург – 61,500 €

18. Хорватия – 61,000 €

19. Литва – 60,500 €

20. Нидерланды – 60,500 €

21. Польша – 60,250 €

22. Румыния – 58,500 €

23. Германия – 57,700 €

24. Португалия – 57,000 €

25. Италия – 56,700 €

26. Грекия – 54,615 €

27. Словения – 55,000 €

28. Аустрия – 54,200 €

29. Швеция – 52,000 €

30. Дания – 51,900 €

31. Бельгия – 50,750 €

Алшаң баса өмір сүр: армандағы жалақыны ұсынатын елдер

Еуропалық еңбек нарығы – біртұтас емес, керісінше, терең экономикалық қайшылықтар мен жіктеуден "тоқылған" үлкен құрақ көрпеге ұқсайды. ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының) жариялаған "Taxing Wages 2026" атты зерттеуі Кәрі құрлық пен Түркиядағы орташа жалақы деңгейінің әр елде әрқалай құбылатынын, өзара айырмашылықтың орасан зор екенін паш етті. Континенттің бай атыраптары мен кедей аймақтарының арасындағы құзды құрдым тым терең көрінеді.

Әлгінде 100 мың еуродан әр елде қанша алым-салық ұсталатыны талданды. Алайда жұмыскерлердің басым көпшілігі бұдан бірнеше есе аз жалақы алатыны белгілі. Сондықтан құрлық елдерінің қайсысында "орташа жылдық жалақының" көлемі қандай екенін талдаған жөн.

Бұл көрсеткіштер еріксіз жаға ұстатады: Түркиядағы орташа жылдық жалақы өте төмен (18 590 еуро) болса, Швейцарияда қиял жетпес 107 487 еуроға дейін барады екен. Альпінің ар жағындағы республика бүкіл Еуропа бойынша салық салынғанға дейінгі орташа табыс 100 мың еуролық психологиялық межеден асқан жалғыз мемлекет.

Тізімнің екінші сатысына 85 950 еуро нәтижесімен құйтақандай Исландия жайғасты. Ал, тікелей Еуропалық Одақтың мүшелері арасындағы даусыз, абсолютті көшбасшы – 77 844 еуро көрсеткішімен жалпы үштікті түйіндеген Люксембург болды. Еуропалық ауыр салмақты алыптардың үздік бестігі тобына 71 961 еуромен Дания және 69 028 еуромен Нидерланды да енді.

Егер Еуропа экономикасын өрге сүйреген "Үлкен бестігін" бағаласақ, мұнда Германияның (орташа жылдық жалақы 66 700 еуро) ахуалы көш ілгері. Ізінен Ұлыбритания (65 340 еуро) өкшелей басып келеді.

Қалған үш алыптың ісі кері кеткенге ұқсайды: Францияда орташа табыс 45 964 еуроны, Италияда – 36 594 еуроны, Испанияда – 32 678 еуроны ғана құрады. Басқаша айтқанда, неміс немесе ағылшын жұмысшысы испандық әріптесінен тура 2 есе көп жалақы алады!

Көшбасшылар мен аутсайдерлердің бел ортасында Аустрия (63 054 еуро), Бельгия (62 348), Ирландия (60 258), Финляндия (55 462) және Швеция (50 338 еуро) орналасты.

Еуропалық Одаққа мүше 9 ел қатарынан орташа жылдық табыстың 30 мың еуролық мардымсыз шегінен де аса алмай қалды. Яғни, жұмысшылары кедей күйде. ЕО ішіндегі ең төменгі жалақы Словакияда тіркелді – 19 590 еуро. Венгрия – 21 257 еуро, Латвия – 21 321 еуро, Чехия – 23 685 еуро, Португалия – 24 254 еуро және Польша – 24 490 еуро көрсеткішімен тіпті 25 мыңдық белеске де көтеріле алмай, күйкі тірліктің күйін кешуде.

Эстония (25 603), Грекия (26 563), Литва (28 474) бұл психологиялық межені еңсергенімен, отыз мыңдық биіктікке бәрібір қол жеткізе алмады. Номиналды есепте рейтингтің ең жоғарғы шыңдарын дәстүрлі түрде Солтүстік пен Батыс Еуропа мемлекеттері иеленсе, Оңтүстік пен Шығыс Еуропа елдері тізімнің ең соңында шоғырланып қалыпты.

Теңсіздіктің "үш киті" және төлем қабілеті рейтингі

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) беделді сарапшылары елдер арасындағы мұндай жер мен көктей айырмашылықтың іргесін қалаған 3 негізгі факторды атады: экономиканың ішкі құрылымы мен еңбек өнімділігі, қоғамдық институттардың (соның ішінде кәсіподақтар мен ұжымдық шарттардың) пәрмені, сондай-ақ елдегі жалпы баға.

Жоғары қосылған құны бар салаларға – ең алдымен қаржы секторы мен инновациялық-технологиялық индустрияларға басымдық берген елдер қашанда өз мамандарына ақшаны аямай төлей алады.

Бірақ атаулы-номиналды көрсеткіштер – бұл тек сыртқы жылтырақ, әдемі қасбет қана! Егер табыстарды "төлем қабілетіне", яғни, жалақының қымбатшылықпен арақатысына қарай есептесе, мүлдем бөлек, қайран қалдырарлық көрініс орнайды.

Төлем қабілетінің теңдігі (ТҚТ) – бұл мемлекеттер арасындағы баға алшақтығын жою үшін әртүрлі валюталардың шынайы сатып алу қабілетін таразылайтын бірегей жүйе. Еуро бойынша жаңа деректердің әлі жарияланбағанына байланысты, ЭЫДҰ сарапшылары бұл рейтингті АҚШ долларымен ұсынуды жөн көрді.

Міне, осы ТҚТ тетігін іске қосқанда, салық төлегенге дейінгі орташа жылдық жалақы Словакиядағы 38 118 доллардан бастап, Швейцариядағы 106 532 долларға дейінгі аралықта құбылатыны әшкереленді. Германия 93 985 долларлық көрсеткішпен, Люксембург – 93 203 доллармен және Нидерланды – 92 905 доллармен 90 мың долларлық белесті еркін бағындырды. Ал, Дания (88 454) мен Норвегия (87 722) сәл артта қалса да, көшбасшыларға ілесе алды.

Орташа жалақыны ТҚТ бойынша қайта есептегенде ең үлкен жетістікке кенелгендер – Түркия мен Германия болып шықты.

Ішкі нарығындағы тауарлар мен қызметтердің бүкіл Еуропаға қарағанда өте арзандығының арқасында, Түркия бұл рейтингте бірден 9 сатыға жоғарылап, ең соңындағы орыннан 18-орынға бір-ақ секірді!

Германия да бұл рейтингте 5 сатыға көтеріліп, 2-ші орынға жайғасты. Исландия және Эстония, керісінше, өздерінің артықшылықтарын уыстан шығарып алып, тиісінше 9-шы және 25-ші орындарға құлдилады.

Пайымдай келе, өзге елден бақ іздеген ақыл-ой элитасы релокация үшін ел іздегенде атаулы табыстың алдамшы биіктігі мен жергілікті салық саясатының қатал тезі арасындағы алтын тепе-теңдікті іздеуге мәжбүр. Бұл мәселедегі соңғы нүктені тек адамның өз ішкі құндылықтары мен өмірлік басымдықтары ғана қоя алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу