Қазақстанда шенеуніктер "конвертте" берілетін жалақыны көлеңкеден шығаруға батыл қадам жасады. Осы мақсатта Еңбек кодексіне түзетулер енгізіледі.
Тиісті заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова "конверттегі" жалақымен күрес бағытында жаңа шаралар қабылданатынын жеткізді. Министр ханымның байламынша, ұзақ жылғы тәжірибесі бар, жоғары білікті мамандардың өзі ресми түрде 85 мың теңге жалақы алады. Жақыпова олардың елдегі ең төменгі жалақыға келісетініне сенбейді. Сондықтан еңбекақысының бұдан асқан бөлігін бухгалтериядан қолма-қол ақша күйінде алады деп есептейді.
Жалпы, бұдан жұмыскер де, жұмыс беруші де ұтады. Біріншісінің қолына "тазадай" алатын жалақысы артады. Өйткені табысын толық көрсетсе, онысынан 10%-дық зейнета жарнасы, 10%-дық жеке табыс салығы, ондаған мың теңге медсақтандыру жарнасы мен аударымдары толық көлемде ұсталар еді.
Жұмыс берушісі де жұмысшысының жалақысының үлкен бөлігін жасырын беру арқылы компанияның еңбекақы төлеу қорына түсетін ауыртпалықты төмендетеді, салмақты қаржы үнемдейді.
"Олар қызметкердің ресми жалақысын 85 000 теңге деп әдейі жазады. Қалғанын "конвертте" береді. Бұған енді жол бермеу үшін біз еңбек қатынастарын декларациялауға міндеттегелі отырмыз", – деді Светлана Жақыпова Мәжілісте.
Uchet.kz хабарлауынша, осы мақсатта Еңбекмині қолданыстағы Еңбек кодексіне өзгерістерге бастамашы болды. Жаңа заң жобасы еңбек қатынастарына мемлекеттік бақылауды күрт қатайтады.
Заңнамалық жаңа түзетулер тек жұмысшыларды жұмысқа қабылдау фактісін ғана емес, сондай-ақ оның еңбегі үшін төленетін жалақының, сыйлықақының, материалдық қолдау төмемақыларының бәрін – толық сомасын міндетті декларациялауды талап ететін болды.
Министрліктің тұжырымдауынша, бұл тәсіл еңбекақының бір бөлігін "конвертте" төлеу арқылы салықтарды, әлеуметтік аударымдарды және медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарын жасанды азайту бойынша кең таралған тәжірибені жоюға тиіс.
Еңбекмині сондай-ақ салалар бойынша төленетін еңбекақы көлемінің әркелкі болып келуіне алаңдаушылық білдіруде. Деңгейі мен біліктілігі бір маман, мысалы, инженер әр салада әртүрлі табыс табады. Жақыпованың мәліметінше, бұлардың табыс мөлшеріндегі айырмашылық аса қомақты: бір салада 1 миллион теңгеден асса, басқаларында дәл сондай маман небәрі 400 000, тіпті 220 мың теңге ғана жалақыға қанағаттануға мәжбүр.
Алайда бұл алаңдаушылықтың астарында жұмыс берушілерді барлық инженердің не басқа жұмысшылардың жалақысын көтеруге Үкіметтің заңмен міндеттеу талабы жатқан жоқ. Оны еңбек нарығы реттейді дейді. Шенеуніктер тек ресми түрде аз жалақы алатындар табысының басқа бөлігін тағы да "конвертте" алмай ма деп күдіктенеді.
Ал, жасыратын-жасырмайтынын қалай анықтайды? Әр сала үшін төменгі еңбекақы мөлшері белгіленуі мүмкін. Егер жұмысшысымен келісімшартта компания одан аз жалақыны көрсетсе, оған тексеріспен келеді.
"Салалық келісімшарттарда біз еңбекақы төлеу шарттарын пысықтайтын боламыз. Әйтпесе, тау-кен металлургиялық кешенді мысалға келтірсем, жалақылардың әралуан, әрқилы болып келетінін көрер едіңіз", – деді министр Светлана Жақыпова.
Бұдан бөлек, сарапшылардың пікірінше, "конвертте" төленетін жалақыны жасанды интеллект әшкерелей алады. Мысалы, ЖИ жұмыс берушілердің жұмысшыларына жеке еңбек келісімшарттарында қандай жалақы белгілеп, төлейтінін сол компанияның Мемлекеттік кірістер комитетіне, басқасына тапсыратын есептері мен декларацияларындағы еңбекақы төлеу қорының жалпы көлемімен салыстырады.
Айталық, компания 10 жұмысшысына 100 мың теңгеден ғана ресми төлесе (жалпы сомасы – 1 млн теңге), алайда еңбекақы төлеу қорының шығысы 10 миллион теңге болса, ЖИ мұнда шикілік бары жөнінде дабыл қағады. Қалғаны "конвертте" төленеді деп танылады.
Бұл деректердің бәрі ЖИ-дің талдауына қолжетімді. Бүгінде бүкіл еңбек шарттары соларды мемлекеттік есепке алатын автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйеде – Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБЖ) міндетті түрде тіркеледі. Құзырлы органдар осы арқылы елдегі әрбір жалдамалы жұмыскерге еңбек шарты бойынша қанша жалақы бекітілгенін жақсы біледі.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектті пайдалану кеңейтілетінін мәлімдеді.
Еңбекмині өз саласын цифрландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде 50-ге жуық мемлекеттік қызметтің 45-і электрондық форматта көрсетіледі. ЖИ қызметтердің тиімділігі мен персонификациялануын арттырды. Басқа меморгандардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жасалады, бұл әлеуметтік-экономикалық міндеттерді кешенді шешуге және орнықты дамуға ықпал етеді.
Мысалы, "Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы" шенеуніктерге экономиканың барлық секторларында істейтін 92,1 мыңнан астам кәсіпорынның деректеріне егжей-тегжейлі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Оның әрқайсысында 10-нан астам адам жұмыс істейді.
"Машиналық оқыту алгоритмдері арқылы Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасында ЖИ-ды қолдану жиналған деректерді терең талдауға мүмкіндік береді. Өткен жылы бұл құрал 2,2 мың кәсіпорында тәуекелдерді болжауға және шешуге мүмкіндік берді, соның арқасында 63,4 мың жұмыскердің құқықтары мен мүдделері қорғалды", – дейді министрлік мамандары.
Айтпақшы, билік өкілдері елде ең төменгі жалақы көлемінде ғана табыс табатын адамдар жоқ деп санайды. Нақтылағанда, осының алдында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қандай да бір адамның осынша аз жалақы алатынына үлкен күмән білдірді.
"Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) деген жай ғана көрсеткіш. Ол мемлекетке есеп-қисап үшін ғана қажет. ЕТЖ дәл қазір 85 мың теңгеге тең. Келесі жылы да солай қалуы мүмкін. Сіздер әрине, менімен дауласатын шығарсыздар. Бірақ Қазақстанда енді ондай жалақы жоқ! Барлығы одан әлдеқайда көп табады деп ойлаймын. Бізде орташа жалақы – 460 мың теңгеден асады. Медианды жалақының өзі 300 мың теңгедей. 85 мың теңге дегеніміз – статистикалық ағаттық, немесе жай есептік көрсеткіш. Оған әрдайым назар аудартып, қара аспанды төндіре берудің қажеті жоқ", – деп шорт кесті журналистермен әңгімесінде Үкіметтің бас банкирі Тимур Сүлейменов.
Оның пікірінше, тіпті мемлекет ЕТЖ-ні көтергеннің өзінде бұл қазақстандықтардың жалақысының өсуіне еш ықпал ете алмас еді. Өйткені мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала жұмысшыларын қоспағанда, Үкімет жеке компанияларды жалақы көтеруге мәжбүрлемейді.
"Ендеше ЕТЖ – панацея емес. Оған үнемі қарап, жалтақтай берудің қажеті жоқ. Біз кеңес заманындағыдай енді жоспарлы экономикада өмір сүріп жатқан жоқпыз. Ең төменгі жалақыны жоғарылатсақ, ертең сіздің басшыңыздың өз қызметкерлерінің жалақысына ақша қосуы неғайбыл. Бұл оған тиімсіз", – деді Ұлттық банк басшысы.