Жалдамалы жұмысшылар 42 500 теңгеге өтініш бере алмайды

3063

Әлеуметтік төлем алудың ережесі өзгереді.   

Жалдамалы жұмысшылар 42 500 теңгеге өтініш бере алмайды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің мәлімдеуінше, жалдамалы жұмысшылардың 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алуына жұмыс беруші ғана ықпал ете алады. Себебі өтініш осыған дейінгідей жалдамалы жұмысшының емес, жұмыс берушінің атынан қабылданады. 

"Әлеуметтік төлем төлеуге қатысты ережені алдағы 1-2 күнде пысықтап аяқтаймыз. Бейсенбі күні мүмкін болса, алдарыңызға тағы келіп, сол пысықталған тетіктер туралы толық ақпарат бергім келеді. Ал қазір сіздерге қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізейін. Өзгеріс жалдамалы жұмысшыларға, қызметкерлерге қатысты болмақ. Біз бүгінгі жағдайды ескеруге мәжбүрміз. Төтенше жағдай режимімен салыстырғанда, карантин болса да бірқатар мекеменің қызметі жалғасуда. Құрылыс, өндіріс, тіпті қызмет көрсету, сауда саласында да шектеу аясында жұмыс жүріп жатыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, әр өңірдің бас санитар дәрігері сол облысқа ғана қатысты ерекше шектеу енгізген. 

"1 сәуірден бастап біраз мекеме, біраз сала жұмысшылар үшін міндетті зейнетақы жарналарын немесе әлеуметтік жарнаны төлеуден босатылды. Біздің азаматтарды аталған жарналар бойынша қадағалау мүмкіндігіміз шектелген. Осыған байланысты жалдамалы жұмысшыларға қатысты осы жолы зейнетақыжәне әлеуметтік жарнасы төленгені туралы талап қоймаймыз. Өткен жолы 12 айда кемінде бір төлем болуы керек деген талап болған. Бұл жолы оның еш мәні жоқ", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің сөзінше, осы жолы жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті  жұмыс беруші тапсырады. 

"Жұмыс беруші қызметкерін ақысыз демалысқа жібергенін растап,  жұмысшыларының атынан тапсырыс береді. Ол үшін алдағы 1-2 күнде порталымызда жұмыс берушілерге қызметкерлерінің тізімін, оған қатысты мәліметтерді енгізу үшін өте ыңғайлы сервис жасалады. Өз кезегінде жұмысшылар жұмыс берушінің өтініш берген не бермегенін және өтінішінің қанағаттандырылғанын анықтауға арналған сервис қызметіне жүгіне алады", – деді Біржан Нұрымбетов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу