Жалға берілген жерден дау шықты

3290

Ақсу қаласының әкімдігі мен кәсіпкер соттасуы мүмкін.

Жалға берілген жерден дау шықты

Павлодар облысындағы Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақта 2008 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысатын Александр Веретенников кәсібін тоқтатуы мүмкін. Себебі Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі мамыр айында тексеру жұмыстарын жүргізіп, ескерту қағаз беріпті. Бірақ нақты қандай кемшіліктің анықталғаны және қандай шара қолдану қажеттігі көрсетілмеген. Кәсіпкер себебін сұрап, мемлекеттік мекемеге ресми хат жолдағанымен, әлі күнге нақты жауап алмаған. Ал хаттағы ескертуді орындау мерзімі өтіп кеткен.

"Мен 2008 жылы кеңестік кезеңнен қалған иесіз жерді жалға алдым. Сөйтіп өз қалтамнан 250 млн теңге шығарып, балық шаруашылығын дамытуды бастадым. Тұқы балығын өсіріп, оны Павлодар облысы мен көршілес аймақтағы жер қойнауын пайдаланушыларға сатамын. Бұл балықтың өсіп жетілуі үшін кем дегенде үш жыл керек. Қазір кәсібіме ақсулық шенеуніктер шүйлігіп отыр. Тексеру жұмыстарын жүргізіп, ереже бұзушылықты жою қажет екенін ескертті. Бірақ қандай кемшілік екенін айтқан жоқ", – дейді Александр Веретенников.

Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мақсат Қазғожаевтың айтуынша, ескерту негізсіз емес.

"Кәсіпкер жалға алған жер әуелде көрсетілген бағытынан тыс мақсатта қолданылып отыр. Бұл –  жалға алу келісімшартына қарсы әрекет. Атап айтқанда, шаруашылық аумағында мал жайылады, ауыл шаруашылығы техникасы тұр, су қоймасының басым бөлігі батпаққа айналған. Оған қоса ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі, бұл зиянды гербицидтердің пайдаланылатынын, сәйкесінше олардың Ертіске түсу қаупі бар екенін көрсетеді. Жалпы алғанда, жердің небәрі 10 пайызы ғана мақсатты түрде пайдаланылады. Біз жалға алушыға келісімшарттың қандай пункттерін бұзып отырғаны көрсетілген хат жолдадық, кейін ескерту жасадық", – дейді Мақсат Қазғожаев.

Кәсіпкер мен мемлекеттік мекеме арасындағы "текетірес" өткен жылы басталған. Александр Веретенников жалға алу мерзімінің аяқталуына 8 ай қалғанда келісімшартты ұзарту туралы өтініш жазған. Алайда бұл жолы да Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі уақытты созып, келісімшартты ұзартуға құлық танытпаған. Сол кезде шиеленісті іс сотқа дейін жетіп, келісімшартқа қол қойылған еді. Биыл да қос тарап арасындағы мәселені сот қарауы әбден мүмкін.

"Егер әкімдіктегілер менің ескертуді орындамауым негізінде жалға алу-беру туралы келісімшартты мерзімінен бұрын бұзса, іс сотқа жетуі ықтимал. Сол кезде менің ісімнің заңды екені әрі олқылықтардың жоқтығы дәлелденеді деген сенімдемін", – дейді кәсіпкер.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу