Жалған сертификат жарға жықты

3371

Қазақстандық жоғарғы білімнің жағдайы онсыз да мақтанарлықтай емес еді, енді оның азғантай абыройын жаңа жанжал айрандай төгіп отыр.

Жалған сертификат жарға жықты

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысынан шыққан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті журналистер жағалай қоршап алып, қадам бастырмай тастады. Бәрінің білгісі – өз көрермен-оқырман-тыңдарманына жеткізгісі келетіні жалғыз мәселе: қалайша тек бір ғана университетке екі жүзге жуық студент жалған құжатпен түсіп, оқи алған?

БҒМ басшысы бұл жанжал бойынша келісім комиссиясы құрылғанын жариялады. Бірақ ол алаяқтыққа барған жастарға қатысты қатал позициясынан табан аудармайтынын жасырып жатпады.  

"Өткен жылы біздің министрліктің жоғарғы білім сапасын бақылау жөніндегі комитеті "Астана" медициналық университетін тексерген. Тексерушілер оларға сол балаларды оқудан шығару туралы ұйғарым берді. Бұл ұйғарым ішінара ғана орындалды. Мәселенің егжей-тегжейін мен білмеймін. Түсінгенім сол, студенттердің бір бөлігі өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінген. Соған қарамастан, ұйғарым толық орындалуға тиісті. Ал университеттің ол балаларды оқудан шығарғаны – дұрыс!" – деді Ерлан Сағадиев.

Ол енді денсаулық сақтау министрлігімен және медуниверситетпен бірлесіп, келісім комиссиясы аясында студенттер мен осы ЖОО-ға қатысты ары қарай заң аясында қандай шаралар қолданатындарын шешіп алуға тырысатындарын хабарлады.     

"Жалған IELTS сертификаттарын алған студенттер мәселесімен қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Бұл біздің министрлік құзырындағы нәрсе емес. Өздеріне түсетін талапкерлердің осы сертификаттарының шынайылығын тексеру және қадағалау университеттердің өз міндетінде. "Астана" медициналық университетінің лицензиясын қайтарып алу мәселесіне келсек, ондай шешім қабылданған жоқ. Алдымен істің байыбына барып, құқықбұзушылықтың тамырын қаншалықты терең жайғанын зерттеп, білу қажет болады", – деп нықтады білім және ғылым министрі.

Министр алда басқа да оқу орындары тексерістен өтетінін жеткізді. Қазақстанда магистратура, резидентура мен докторантураға түскісі келетін адамдардан ағылшын тілін белгілі бір деңгейде білуі талап етіледі. Ол деңгейін талапкер арнайы сынақ тапсырып, тиісті сертификат алып, растауға тиіс.

"IELTS тапсырған адамдардың барлығының тізімі IELTS дерекқор базасында сақталады. Енді барлық университеттерге сол базаларға жүгініп, TOEFL және IELTS тапсырғандардың барлығын тексеріп шығу қажет болады. Соның негізінде білім және ғылым министрлігі тексерушілерінің келуін күтіп отырмай, өз бетінше шара қабылдағандары жөн", – деп ескерту жасады Ерлан Сағадиев.    

Ол мұндай жанжал бұдан былай қайталанбауы үшін жоғарғы оқу орындарының талапкер сертификатын алдын ала деректер базасы бойынша тексеруі міндетті болатынын мәлім етті.

"Қазір жоғарғы оқу орындарының академиялық дербестігін күшейту мақсатында қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілді. Бұрын болмаған осы жаңа нормаға сәйкес, енді барлық университеттер магистратураға түсетін адамдардың TOEFL мен IELTS сынақтарынан өткен-өтпегенін деректер базасы арқылы тексерулері тиіс болады. Ол база барлығына қолжетімді. Бұл қиындық тудырмас", – деді БҒМ басшысы.

Министр өздерін сотқа берген жастардың соттан не нәтижеге қол жеткізетінін білмейді. Рас, егер олардың салмақты қарсы дәйектемесі болса, тыңдауға әзір екенін айтады.

"Ол студенттер IELTS базасында жоқ", – деп қысқа қайырды ақпарат құралдарының осы бағыттағы сұрағына.

Осыдан ертеректе хабарланғандай, білім және ғылым министрлігінің екі тексеруінен кейін "Астана" медициналық университеті 117 студентті оқудан шығарып тастаған. Олардың барлығы магистратура, резидентура және докторантураға түсу үшін жалған IELTS сертификаттарын ұсынған көрінеді.

Бұл ретте сарапшылар олардың барлығы бірдей сауатсыз болмауы мүмкіндігіне назар аудартады, араларында нағыз дарындылары, ғылымды ынты-шынтысымен таңдағандары болуы ықтимал. Бірақ жалған сертификат алуға жүгінуі олардың ағылшын тілін тиісті дәрежеде меңгермегенін паш етеді. Бұл әсіресе, дәрігерлер үшін кемшілік болып табылады. Өйткені әлемде медицина саласындағы ең озық білім мен ғылым, жаңалықтар алдымен ағылшын тілді басылымдар мен ресурстарда жарияланады.

Бұл ретте сертификатты сатып алғандар үстінен өзге студенттер шағым түсірген екен. Олар "болашақ" әріптестерінің алаяқтық жасап, оқуға түсіп, мемлекеттік грантпен тегін оқып жатқанын әділетсіздік деп тауып, наразылық білдірген. 

Қазіргі кезде олардан босаған бюджеттік орындар қайтадан бөліске салынғалы тұр. Ол гранттар кезінде өздеріне тимей қалып, ақылы түскен студенттер содан үміт білдіріп, БҒМ-ге жүгінген екен. Оған жауап ретінде ведомство ақылы бөлімнен бюджеттік негізге ауыстыру туралы шешімді университеттің өзі қабылдайтынын айтқан. 

Ал оқудан қуылған жүздеген жасқа оларды осы уақытқа дейін оқытуға кеткен миллиондаған теңге мемлекет шығынын өтеуге және шәкіртақыларын кері қайтару тура келмек. Өз кезегінде олар сертификаттарының жалған екендігін білмегендерін айтып, шағымдануда.

"Біз екі жыл бұрын түстік. Емтиханды да өзіміз тапсырдық. Университет IELTS сертификаты барларға басымдық береді. Осыдан кейін біз алаяқтарға кез болдық. Сертификаттың жалған екендігін өзіміз де білмедік. Бір әйел бізге сондай сертификат керектігін біліп, өзі бізді тауып алды, біз оған емтихан тапсырып, құжатты алдық. Өз аты-жөндерімізді тіркелмеген сертификаттар тізімінен көргенімізде, естен тана жаздадық. Университет біздің ісімізді ішкі істер департаментіне тапсырды. Бізді 18 сәуірдің кешінде оқудан шығарып тастады. Сол күні біз кешенді мемлекеттік емтиханды тапсырған болатынбыз. Тек диссертация қорғау ғана қалып еді", – дейді магистратураның екінші курсында оқыған студенттердің бірі. 

Сарапшылар сондай-ақ, министрлік ұйғарымын орындауды ұзаққа созып, әлгі студенттердің өз оқуларын жалғастыруына жол берген университеттің лицензиядан айырылу ықтималдылығы сақталатынын айтады.

Елімізде медициналық жоғарғы оқу орындарына грантты БҒМ құптауымен, денсаулық сақтау министрлігі бөледі.

Ведомствоның вице-министрі Алексей Цой бұл жайттың өздері үшін сүйкімсіз "тосын сый" болғанын жасырмады.

"Білім туралы заңнамада сертификаттардың шынайылығын тексеру бойынша өкілеттік болған жоқ. Барлық сертификаттар мөрлерімен келеді. Жоғарғы оқу орындарының да оларды тексеретін құзыры болмады. Біз білім және ғылым министрлігіне осындай құзыр беру туралы ұсыныспен шықтық. Тек содан кейін ғана осындай жағдайлар ашылған соң, ішкі істер департаментіне өтінішпен жүгіндік. Енді еліміздегі барлық мединституттарда ағылшын тілін білу жөніндегі сертификаттарды тексеріп шығатын боламыз", – деді ол.

Вице-министр жұмыс ары қарай жоспарлы жалғасатынын жеткізді.

Демек, болашақ магистрлар мен ғылым докторларына іштен тынып, құжаттарының шын болып шығуын тілеу ғана қалатындай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу