Жалпыға ортақ мағлұмдаудан ешкім құтыла алмайды

Аскар Чокин Аскар Чокин
2462

Қазақстанда жалпыға бірдей табысты мағлұмдауға арналған мәліметтер қорын өзектендіру 2018 жылдың соңына қарай аяқталмақ.

Жалпыға ортақ мағлұмдаудан ешкім құтыла алмайды

Бұл туралы өткен аптаның соңында өткен ҚР қаржы министрілігінің мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) кеңейтілген отырысында белгілі болды, оған МКК аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты. МКК төрағасы Ардақ Теңгебаев өз сөзінде 2020 жылға жоспарланған жалпыға ортақ табысты мағлұмдауға дайындық жұмыстарын уақтылы және сапалы орындау маңызды екенін ерекше атап өтті.

"Қазіргі кезде мәліметтер қорын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде, Ақмола облысы Целиноград ауданының жанынан жасалған ілкі жоба аяқталып қалды. Жол картасы жасалды. Жалпы өзектендіру жөніндегі жұмысты 2018 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда", – деп мәлімдеді қаржы министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.

Отырыс барысында мемлекеттік кіріс органдарының 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы қызметі, сондай-ақ салық және кедендік басқару құралдарын жетілдіру, бюджеттің табысты бөлігін орындау, бизнес шығындарын қысқарту және өзге мәселелер талқыланды.

Мысалға, шағын және орта бизнес субъектілері уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін электрондық шот-фактураның қолайлы тұстарына тиісті баға берді.

"Ақпараттық жүйенің артықшылықтарына көзі жетіп шот-фактураларды электронды түрде рәсімдеп жатқан кәсіпкерлердің саны күннен күнге көбеюде", – деді Ардақ Теңгебаев.

Бюджеттің табысты бөлігін орындауға келер болсақ, 2017 жылдың бірінші тоқсанында МКК құзырындағы мемлекеттік бюджет түсімдерінің жоспары 109,3%-ға орындалды. Жоспар бойынша 1470,2 млрд теңге түсуге тиіс болса, іс жүзінде 1606,3 млрд теңге түсті, осылайша жоспар 136,1 млрд теңгеге асыра орындалды.

Ал жалпы республикалық бюджет түсімдерінің жоспары 41,9 млрд теңгеге асыра орындалды. Осы соманың 24 млрд теңгесі – ішкі тұтыну және импорттық тауарларға салынатын ҚҚС бойынша түсімдердің өсімі.

"Бұл "Электрондық шот-фактуралар" ақпараттық жүйесінің арқасында қол жеткізілген бонус деуге болады", – деді Ардақ Теңгебаев.

Сонымен бірге алқа отырысында мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауын іске асыру аясында мекеменің алдында тұрған міндеттердің орындалу барысы сөз болды.

ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың тапсырмасы бойынша "Мемлекеттік қаржыны жаңғырту 3.0" арнайы жобасы жасалып, іске қосылды. Аталған жобаның жедел штабын қаржы министрі Бахыт Сұлтанов басқарып, "Жаңғырту 3.0" жобалық жұмыс тобын МКК төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов басқаратын болды.
Жобалық топтың басты мақсаты – озық халықаралық тәжірибелерді, "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында белгіленген тапсырмаларды және мемлекет басшысының "Үшінші жаңғырту" атты жолдауындағы басымдықтарды бір жобаға біріктіру, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқарудың стратегиялық бағытын қалыптастыру.
Асқар Чокин, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу