Жалынды жастар жазғы бизнес мектепте

3401

ERG 90 студентке бизнес бастап, оны жүргізуді үйретті.

Жалынды жастар жазғы бизнес мектепте

2017 жылдың наурыз айында ERG компаниясының бастамасымен, Алматы менеджмент университеті мен Тель-Авив университетінің Қазақстандағы қауымдастығының қолдауымен "Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі" жобасы қолға алынды. Сол уақыттан бері оқу жылы барысында тың идеяларымен көзге түскен жастар іріктеліп, жазғы бизнес мектепте идея табудан бастап, оны жүзеге асырудың тетіктеріне дейінгі әр қадамды жасауды үйренді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды медициналық университетінің студенттері жасаған жоба - аяқ киім тазалауға арналған құрал жасау үздік деп танылып, 500 мың теңгелік грантқа ие болды. Биыл жазғы бизнес мектепке ERG компаниясының зауыттары орналасқан Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарындағы 6 университет пен 1 колледжден 90-ға жуық студент келді. "BigIdeasCamp" деп аталған мектептің жұмысы бір аптаға жалғасты. Осы уақыт аралығында жастар стартап жасау, кәсіби біліктілікті шыңдау, көшбасшылық қасиеттерді дамыту сынды сабақтардан өтті. Қазақстан мен Ресейдің тәжірибелі, жас кәсіпкерлері тәжірибе-біліктерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

ERG компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Фатима Қосаеваның айтуынша, қатысушылардың барлығын бірдей кәсіпкер қылу міндетті емес. Басты мақсат - олардың ой-өрісінің одан әрі дамуына ықпал етіп, мүмкіндіктің мол екенін көрсету.

"Біз студенттердің оқу орнын тәмамдаған соң жұмыс іздегенін емес, өзінің жаңа жұмыс орнын ашқанын қалаймыз. Компаниямыздың өндіріс орындары орналасқан аймақтарда шағын және орта бизнестің дамуына ниеттіміз. Себебі тек қала құраушы кәсіпорындарға иек артуға болмайды. Бүгінде зауыттар жаңғыртудан өтіп, құралдар автоматтандырылуда. Демек, алдағы 7-10 жылда бұрынғыдай көп жаңа жұмыс орнын аша алмаймыз. Сондықтан жастардың өзге бағыттарға бейімделгені дұрыс",-деді Фатима Қосаева.

Шынымен, қатысушылардың жобалары заманауи талаптарға бейімделген екен. Мысалы, кейбір командалар QR-коды бар есімхаттарды, студенттердің жұмысты жылдам табуына сеп болар сайттарды, алынбалы аккумляторы бар Power bank жасауға қатысты жобаларды қорғады. Олардың алтауы ақтық сынға жолдама алып, идея авторлары жобаның мақсатын, қолданылу аясын, қаржыландыру мен жарнамалау қадамдарын, түсетін табысты - барлығын жан-жақты түсіндіріп берді. Қазылар алқасының шешімімен екі команданың жұмысы жоғары бағаланып, әрқайсысына 250 мың теңге көлемінде грант берілді. Бұл соманы бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін пайдаланатын болады.

Қазылардың ғана емес, қатысушылардың да көңілінен шыққан жоба - Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің "FL-team" командасының ақыл-ойының дамуы кенжелеп қалған балаларға арналған әліпби шығаруы. Студенттер осы жылдың наурыз айында аталған әліпби мен жаңа оқу технологиясына авторлық құқықты растайтын куәлік алып үлгеріпті.

"Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 150 мыңға жуық ерекше бала бар. Олардың тек 40 мыңға жуығы инклюзивті білім алады. Ал қалғаны, өкінішке қарай, әріп танымайды, жазып, сыза алмайды. Олардың да өзгелерден қалыспай оқуы үшін арнайы әліпби ойластырдық. Балалар қолданыстағы әліпби арқылы жылына небары 5 әріп үйренеді. Бұл барлық әріпті білуге 6 жыл керектігін білдіреді. Ал біздің әліпби көмегімен 3 аптада 5 әріпті, 4 айда барлық әріпті тануға болады. Алматыдағы оқу орталықтарының бірінде бұл дәлелденді. Әліпбидің латын графикасында жазылған қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары болады. Біреуінің бағасы - шамамен 10 мың теңге",– дейді топ өкілдері.

Тағы бір жеңімпаз  – Рудный қаласынан келген "English team" командасы шаһардағы қызмет көрсету орындарына әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасамақ.

"Бүгінгі күні сауда орындарының басым бөлігі тауарларын интернет арқылы өткізуді қалайды. Бірақ олардың сапалы фотолары мен бейнежазбалары жоқ. Жазылушылар санын арттырудың жолдарын да біле бермейді. Ал біз тауарды не қызмет түрін сурет пен бейнеге түсіріп, мәтін жазып, қызығушылық танытушылардың қатарын көбейтуге көмектесеміз. Бұл жобаны жүзеге асыруға 263 мың теңге керек. Гранттың сомасы ісімізді бастауға жеткілікті. Осындай мүмкіндік берген ERG компаниясына, тренерлер мен менторларға алғыс айтамыз",– деді қостанайлық команда.

 Осылайша, "BigIdeasCamp" жазғы бизнес мектебі жастардың идеяларының жобаға айналуына, сол арқылы табыс табуына жағдай жасады. Еліміздің әр өңірінен келген студенттер достасып, берік байланыс орнады. Ұйымдастырушылар жастарға ынта мен жігер берер мұндай шараларды алдағы уақытта дәстүрге айналдырмақ.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу