Жаманқұлов пен Мұхамедиұлы арасындағы дау әлі бітер емес

Астана қаласындағы Байқоңыр ауданының №2 сотында бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі қаралуда, деп хабарлайды inbusiness.kz

Жаманқұлов пен Мұхамедиұлы арасындағы дау әлі бітер емес

Бұл жолғы сот отырысында да Тұңғышбай Жаманқұловтың аты аталды. 

Сотта Ұлттық музей бас есепшісі Райхан Мұхамедиқызынан жауап алынды. 

"Жаманқұловтың арызы негізінде 2022 жылдың 25 ақпанында мемлекеттік аудит жүргізілді. Кейін тексеріс қайталанып, 2022 жылдың 6 мамырында заң бұзушылықтар анықталмағаны туралы қорытынды шығарылған. Аудит қорытындысының осы тұсы есіңізде ме", – деп сұрады Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұл ретте жауап беруге келген бас есепші есінде екенін айтып мақұлдады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокатының сөзінше, "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруіне" 1 млрд 200 мың теңгеге келісім жасалған.

"Кейін жоба толық тексеріліп, заң бұзушылықтар анықталмаған", – деп атап өтті адвокат. 

Еске сала кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдар аралығында мәдениет және спорт министрі болған. 2019 жылдың шілдесінде Ұлттық музейінің директоры қызметіне тағайындалды. 2022 жылы мамыр айында бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен қамауға алынған. 

Ал Тұңғышбай Жаманқұлов екеуінің арасындағы дау 2016 жылы басталған. Сол кезде Қазақстанның халық әртісі "Феникс" фильміне бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталып, басы дауға қалған. Кейін ол Елбасынан араша сұрап, хат жазған. Оның хатына сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берген. Арада 8 жыл өтсе де қос тарап бірін-бірі айыптап келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу