Бурнооктябрьскоеден ежелгі адамның бас сүйегі табылды

2098

Украиналық ғалымдар бас сүйекті зерттеп жатыр.

Бурнооктябрьскоеден ежелгі адамның бас сүйегі табылды

Жуалы ауданы аумағында орналасқан Бурнооктябрьское қалашығында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар ежелгі адамның бас сүйегін тапты.

Мамандардың сөзінше, бұл біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамның бас сүйегі. Нақты қай уақыт екенін Украина елінің ғалымдары анықтайды.

Осы үшін бас сүйектің бөлшектері арнайы зертханаға жіберілген. 

Атап өту керек, Бурнооктябрьское көне қалашық қана емес, араб жазбаларында кездесетін "Барқуап" деген қала болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл қалашық 1895 жылдан бері зерттеле бастаған. Аталған тарихи нысан жайында орыстың белгілі шығыстанушысы Василий Бартольд өз жазбаларында толық сипаттама берген. Қазір соның негізінде ғалымдар қазба жоспарын құрып жатыр. 

Археолог Ескендірбек Төребековтің сөзінше, бас сүйек  бұрын қаңлы көсемінің сарайы тұрған жерден табылған.  
"Тарихтан ол уақыттағы тайпалардың көпшілігі көшпенділер болғанын білеміз, бірақ отырықшы болып, егін шаруашылығымен айналысқандары да кездеседі. Қазба жұмыстары кезінде мамандар 3500 артефакт тапты, көпшілігі қазір Жуалы аудандық музейде сақтаулы тұр", – деді Ескендірбек Төребеков.

Археологтар жұмыстарын аяқтағаннан кейін, қалашық туристік нысанға айналады. Жергілікті биліктің жоспарынша, ежелгі елдімекен қасиетті орындар картасына енгізілуі мүмкін. 

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу