Жамбыл облысында туберкулезді емдейтін маман тапшы

3966

Өңірде туберкулезді емдейтін 21 маман жетіспейді.  

Жамбыл облысында туберкулезді емдейтін маман тапшы

Жамбыл облысында биылғы 6 айда туберкулезбен аурушаңдық 14,5 пайызға төмендеген. Дегенмен бұл көрсеткіш Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Сарысу аудандарында жоғары. Оның бір себебі, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің төмендігі болса, екінші түйткіл маман тапшылығында жатыр.

Өңірде туберкулезді емдейтін 21 маман жетіспейді. Аудандарға – 10, Тараз қаласына 11 фтизиатр, фтизиопедиатрлар қажет. Ал жұмыс істеп жүрген 27 дәрігердің 8-і зейнет жасына толған. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті күйінде қала бермек", – Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Қайрат Жетібаев.

Мамандар дертті дер кезінде анықтауға Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандары мен Шу қаласындағы флюрография аппараттарының істен шығуы да кесірін тигізіп отыр дейді. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандары мен "Мейірім", "Арай" медициналық орталықтарындағы аппараттар ауыстыруды қажет етеді. Ал 1 аппараттың құны 30-35 млн теңге шамасында.

Бас дәрігердің айтуынша, облыста туберкулез ауруына шалдыққан, амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын науқастарға емделу барысында көрсетілетін ақшалай әлеуметтік көмектің деңгейі әр ауданда әрқилы. Мәселен Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 1 науқасқа 21871 теңге қаралса, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында бұл сома 24207 теңгені құрап отыр. Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарының науқастарына 29698 теңгеден берілуде.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 2,3 есеге, өлім көрсеткіші 6,9 есеге төмендеген. Ал Тараз қаласы бойынша аурушаңдық соңғы жарты жылда 24,8 пайызға қысқарғанымен, №6 емханаға тіркелгендер арасында ауруға шалдығу деңгейі 14,8 пайызға өскен. Өкініштісі сол, науқас екенін біле тұра, ем алудан бас тартып жүретін жандар да бар екен. Жарты жыл ішінде осындай 21 науқасқа мәжбүрлеп емдеуге сот шешімі шығып, мәжбүрлеп емдеу бөлімінде 7 ауру ем алған. Тағы 14-і емделу үстінде.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу