Жамбылда жаңа зауыт: Жобалаушы кейбір салықтан босатылады

2059

Минералдық тыңайтқыштар зауытын салу туралы Қазақстан мен Ресей үкіметі былтыр Мәскеуде келісім жасасқан. Енді заң жобасы әзірленіп, Сенатта қаралды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Жамбылда жаңа зауыт: Жобалаушы кейбір салықтан босатылады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың баяндауынша, жобаны "Еврохимгрупп" трансұлттық ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны – Ресейдің "Еврохим" компаниясы іске асырады.

"Олар қазір 137 млн доллар инвестициялады. 16 млрд 700 млн теңге салық төленді. 24 доллар көлемінде өңірдің экономикалық дамуына аударымдар түрінде төленді", – деді министр.

"Экономикаға тигізетін оң әсері көп. Атап айтсақ, 1 млрд доллардан кем емес тікелей инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, елдің жалпы ішкі өнімін бес жыл ішінде шамамен 2,2 млрд долларға арттыру, экспорт және экспорттық түсім көлемін ұлғайту, мемлекет бюджетіне салық түсімдерін 200 млрд теңгеге ұлғайту – қалдықсыз технология бойынша қуаты жылына кемінде 1 млн тонна минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру, Жаңатас және Қаратау моноқалаларының жедел дамуына ықпал ету, минералдық тыңайтқыштардың импортын алмастыру", – деді Атамқұлов. 

Зауыт жылына бір миллион тонна минерал тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер шығарады деп жоспарланған. 1 200 жұмыс орыны ашылады. Бір жыл ішінде жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті халықтан құралуы тиіс. 

"Болжамға сай, 2024 жылы құрылыс аяқталады. Зауыт 50 жыл пайдаланылады", – дейді қосымша баяндама оқыған депутат Әлімжан Құртаев.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында зауытты жобалаушыға салық жеңілдігі қарастырылған. 

"Корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан және басқа да салықтардан босату көзделген", – деді сенатор.

Сенат отырысының қорытындысына сәйкес, заң қабылданып, Президентке қол қоюға жіберіледі.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу