Жамбыл облысының жері мың гектарға ұлғайды

3012

Жер бөлу кезінде бұрын жіберілген қате түзетілді. 

Жамбыл облысының жері мың гектарға ұлғайды

Үкімет басшысы Асқар Мамин "Алматы және Жамбыл облыстарының шекараларын өзгерту туралы" №648 қаулыға қол қойған соң, Алматы облысының 1091,78 гектар жері Қордай ауданына өтті. Бұл өзі көптен бері мәселе тудырып келген жағдай болатын.

Қордай ауданы аумағындағы Отар ауылдық округіне қарасты Гвардейский әскери қалашығының тап іргесінде орын тепкен, бұрын "Военсовхоз" аталған елд мекеннің жартысы Жамбыл облысына, қалған жартысы Алматы облысына қарап келді. Ол былай тұрсын, облысаралық әкімшілік-аумақтық бөлініс сызығы осы ауылдағы Өтеген Абажанов деген азамат тұратын үйдің қақ ортасын кесіп өткен. Яғни, бұл – отағасы сегіз ұл-қызымен Жамбыл облысы жағындағы ас бөлмесінен ас-ауқатын ішіп, екі-үш аттап барып көрші облысқа қарайтын қонақ бөлмесінен теледидар тамашалайды деген сөз.

"Осында көшіп келген он жылдан бері үйді өз атыма рәсімдей алмаудамын. Әлі бұрынғы қожайынның атында тұрған үйімнің жартысы онда, жартысы мұнда дегендей. Тұрғылықты  жеріміз бойынша құжаттар алуда да қиналамыз", – деген болатын былтыр ғана үй иесі.

Жалғыз Өтеген Абажанов емес, ауылдық әкімдік мамандарының айтуынша, 400-дей тұрғыны бар осы елдімекендегі жүз шақты үйдің жиырмасы шекара сызығының ар жағында болғандықтан, олар заң  жүзінде көрші облыстың тұрғыны болып есептеліп келген. Сондықтан барлық құжаттық мәселелермен 150 шақырымдағы Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашқа баруы керек болды. Өздері Қордай ауданына қарасты жергілікті мекемелерде (балабақша, мектеп, сауда орындары) жұмыс істейтініне қарамастан, салығын сыртқа төлеп, тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік жеңілдіктерден де қағылып келді.

Бұл мәселе Жамбыл облысы және Қордай ауданы әкімдерінің жұрт алдындағы есеп берулерінде күн тәртібінен түспей, осы орынсыздықты оңтайлы шешіп беру тұрғындар тарапынан бірнеше жыл қатарынан сұралып келген еді.

Ауданға ат ізін салған Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің де қаперіне сан мәрте салынды. Бірақ бұл – екі облыстың әкімдігі, жер қатынастары басқармалары арқылы әбден зерделеніп, келісімі алынып барып, одан әрі үкіметтік деңгейде көтерілетін күрделі мәселе.

Аудандық, облыстық тиісті мекемелер 2009 жылдан бері Алматы облысына қарайтын Гвардейский әскери қалашығы орналасқан, қорғаныс санатына жататын 1081,46 гектар және "Военсовхоз" тұрғын үйлер алқабы орналасқан елдімекендер санатындағы 10,32 гектар жерді Жамбыл облысының аумағына ауыстыру бойынша жерге орналастыру жобасын дайындап, Жер кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген құжаттарды Алматы облысының басшылық органдарына екі мәрте жолдаған. Алматы облысы мәслихатының заңды келісімінен кейін, Үкімет қарауына ұсынылған мәселе енді ғана шешімін тауып, жылдар бойы бір ауылдың тұрғындарын сарсаңға салып келген келеңсіздік жүйелі шешімін тапты.

Жер аумағы ауыстырылған тұрғындар енді барлық құжаттық мәселелерімен бұрынғыдай бір қиырдағы Ұзынағашқа емес, сексен шақырымдағы Қордай ауылына қатынайтын болады. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар жайылым жерлермен де қамтамасыз етілмек.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу