Жамбылда қазақ пен дүнген қақтығысып жатыр (видео)

23727

Жамбыл облыстық полиция басқармасы мән-жайды түсіндіріп, екі рет ақпарат таратты.  

Жамбылда қазақ пен дүнген қақтығысып жатыр (видео)

Бүгін түс ауа әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері мен белгісіз азаматтар арасындағы қақтығысты сипаттайтын, диалогтары қазақ пен дүнгендердің арасындағы төбелесті аңғартатын видеолар, жарақат алған ер кісілердің фотолары тарап кетті.

Бейресми мәліметтерге жүгінсек, жұртты дүр сілкіндірген оқиға Жамбыл облысының Қордай ауданында, дүнген ұлтының өкілдері көп қоныс тепкен Қаракемер ауылында болған екен. Оқиғаның мән-жайынан ұққанымыз, жасы сексеннің шамасындағы, денсаулығы дімкәс, жүрегі ауру ақсақал мен оның екі ұлын жергілікті дүнгендер балғамен, арматурамен соққыға жыққан. Ал қылмыстық іс қозғап, қылмыскерлерді құрықтауға барған полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, заң қызметкерлеріне де жұдырық жұмсаған. Алайда оқиғаның қалай аяқталғаны белгісіз.

Десе де осы оқиғаға байланысты "Ағымдағы жылдың 7 ақпаны күні 14.10 шамасында Қордай ауданындағы Сортөбе ауылдық патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірі стандартқа сәйкес келмеуіне байланысты "Хонда Одиссей" маркалы автокөлікті тоқтатады. Құжаттарды тексеру кезінде басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған.

Жүргізуші полицияның оны анықтау үшін учаскелік полиция бөлімшесіне бару туралы талаптарын елемей, көлікке отырмауға тырысты, осылайша полицияның одан сайын күдігін туғызды.

Полициядан қашқан күдікті үйінің ауласына барып, бір-ақ тоқтады. Заң қызметкерлеріне жүргізушінің туыстары қарсылық көрсетіп, дене жарақатын салған. Заңсыз әрекеттер мен агрессивті мінез-құлықтың салдарынан қызметтік автокөлік те зақымдалды. Бұл оқиғаға орай әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, билік өкіліне өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлық-зомбылық жасау дерегі Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес, полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылдың екі қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды".

Ал кеш бата оқиға мүлде басқа сипатта өрбіген. Дүнген ұлтының өкілдері мылтықпен қаруланып, ата бастаған. Көліктерді таспен ұрып, қиратқан. Үйлерді өртеген.

Кешкі сағат 21.00 шамасында Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі тағы да ресми ақпарат таратып, Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес орын алғанын хабарлады. "Полицияның күшімен қақтығыс тоқтатылды, жағдай бақылауда. Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Қақтығысты бастаушылар мен қатысушылар анықталуда.

Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді және қауесеттер мен жалған хабарламаларды таратпауды сұрайды. Жалған ақпаратты, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз", делінген ведомствоның мәліметінде.

 

Әсел Мұратбекқызы,

Жамбыл облысы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу