Жамбылдық кәсіпкерлер бюджетке жартыжылда 6,7 миллиард теңге төлеген

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2473

Жыл басынан бергі жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында өнеркәсіп кәсіпорындары 162,8 миллиард теңгенің өнімін өндірген.

Жамбылдық кәсіпкерлер бюджетке жартыжылда 6,7 миллиард теңге төлеген

Шағын және орта бизнес құрылымдарының өндірген өнімі және инвестиция көлемі төмендеп, кейбір аудандарда құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі де орын алған. Алайда, жыл басынан уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде экономиканың барлық салаларында өсу үрдісі байқалуда.

Экономикалық өсімнің көрсеткіші ең алдымен кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемінің 15,3 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау 3,6 пайызға ұлғайтудың  арқасында көтерілген.  Оның есесіне электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау және қызметтер көрсету өндірісі 1,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,8 пайызға төмендеген.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың мәліметінше, биыл индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы   шеңберінде жалпы құны 15,4 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланса, бірінші жартыжылдықта құны 6,3 миллиард  теңгені құрайтын 4 инвестжоба іске кіріскен. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында 52,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы көрсеткіштен 3,9 пайызға жоғарылаған. Өсім мал шаруашылығы есебінен болып отыр екен.

Ал "Аг­робизнес – 2020" бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бюджеттен 12,1 миллиард теңге субсидия бөлініп, 1 шілдеге дейін оның 2,6 миллиард теңгесі игерілген. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынып, осы уақытқа дейін өз жемісін беріп келе жатқан "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" мемлекеттік бағдарламалары да тиісті деңгейде орындалған. Аталған бағдарламаларға сай  жоспар бойынша 2325 ірі қара, 15000 қой, 500 жылқы алыну керек болса, жыл басынан бері 1653 мүйізді ірі қара, 8484 қой және 692 жылқы сатып алынған.

Бүгінде өңірде мал азығын дайындау және масақты дақылдарды жинау жұмыстары қарқын алған. 25 шілдедегі мәліметке сүйенсек, масақты дәнді дақылдарының 52 пайызы орылған. Орташа өнімділік гектарына 18,9 центнерді құрап отыр. 

Биыл облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының да саны 10,4 пайызға ұлғайған. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша 6 айда мемлекеттік бюджетке кәсіпкерлер  6,7 миллиард теңге түсім түсірген. Ол облыс бюджетіне түскен барлық түсімдердің 18,1 пайызын құрайды екен.

Ал мемлекет басшысының тапсырмасына сай "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы қабылданғалы бері  84,9 миллиард теңгені құрайтын 861 жобаға, оның ішінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 5,0 миллиард теңгенің 130 жобасына  қолдау көрсетілген.

Әлбетте, облыс өнеркәсібі мен өзге де салаларында ілгерілеу мен өсім байқалғанымен, кері тартып тұрған көрсетіштер де жоқ емес. Мысалы, нарық бағасының әлеуметтің отбасылық жағдайына кері әсер етіп тұрған жайы бар. Жамбыл облысы  әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов облыста азық-түлік тауарлары бойынша тұтыну бағалары – 4,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 3,4 пайызға және ақылы қызметтер – 3,2 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткішпен тең.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп тұрғанымен, бұл мәселеде бағаға бақылаудың қатаң болуы керектігін айтады ол. Басқасын былай қойғанда, ритуалды қызмет көрсету ақысының біршама көтерілгенін айта кету керек. Өзге тауардың бағасы қымбаттауын себеп етіп онсыз да қара жамылып отырғандардың қалтасын қағуды қаншалықты әділетті кәсіпкерлік деуге болады?

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу