Жамбылдықтар жастарға арналған конкурстың қорытындысына риза емес

1329

Конкурс "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Жамбылдықтар жастарға арналған конкурстың қорытындысына риза емес

Жамбылда 29 жасқа дейінгі кәсіпкерлерге жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттарға жариялаған конкурстың нәтижесіне қатысушылар риза емес. Себебі, конкурс үміткерлерінің ұйымдастырушыларға қояр сауалы көп. Тиісінше көкейді тескен көп сұраққа толыққанды жауап та берілмеген.

Жалпы бұл конкурс басталғалы ұйымдастыру барысында орын алған олқылықтар жайлы әлеуметтік желілерде жиі жазылды. Рас, әдепкіде "Өз бизнесін бастап, жүргізу үшін жастарға 3 миллион теңгеге дейін грант беріледі" деген жағымды жаңалық жамбылдық жастарды ынталандырып, қанат бітірген. Алайда, конкурс қатысушыларының сөзіне қарағанда, нәтиже олар күткендегідей болмаған.

Нақтырық тоқталсақ, конкурсқа қатысқан М.Асатуллаев, Қ.Есбергенованың айтуларынша, жобаны қорғау барысында комиссия мүшелерінің құрамы толық болмаған. Олар ең алдымен конкурстың "29 жасқа дейінгі жастарға арналған" деген талабы орындалмағанын алға тартып отыр. Өйткені жоба қорғаушылар арасында егде жастағы азаматтар да кездескен.

"Байқауға басқа облыстың азаматтары да қатысып, оның шарттары өрескел бұзылған", – дейді тағы бірі.

Кейбір аудандағы құзырлы орындар конкурсқа қатысушылардан пара сұраған деген әңгіме де айтылып жүр. Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің конкурсқа қатысушылар тізімінде жүруі де үміткерлердің оның әділ өтпеді деген күмәндарын қоюлата түскен. Ал А.Әуелбекова БАҚ өкілі ретінде комиссия мүшесі бола тұра, грант иегерлерінің толық тізімімен таныса алмағанын айтады.

Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариевтің айтуынша, байқауға барлығы 466 өтінім түскен. Конкурс жарияланғалы 17 адамнан құрылған комиссия мүшелерінің жеті отырысы өткен. Нәтижесінде 158 жас кәсіпкер жалпы сомасы 324 миллион теңгенің грантын иеленді. Мақұлданған жобалар жүзеге асса, облыста барлығы 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

"Байқағандарыңыздай, конкурсқа өтінімдер өте көп түсті. Ұйымдастыру жағынан кемшіліктер орын алғаны рас. Жобаларды қорғау кезінде комиссия мүшелерінің құрамы да белгілі себептермен толық жиналмай қалған кездер кездескенін де жоққа шығармаймыз. Бірақ, өзге қаладан немесе облыстан келіп қатысқан үміткерлер болған жоқ. Ал конкурсқа қатысушылардың жасына байланысты қойылған талап бұзылды дегенге келсек, кейбір мүмкіндігі шектеулі жандардың қасында үлкен кісілердің еріп жүруіне рұқсат берілді. Сонымен қатар, жобаларын қорғау барысында кейбір тіл байлығы жетпей жатқан жас үміткерлерімізбен бірге оның әке-шешесі, аға-әпкесі де кіріп, көмектесті. Оның тағы бір себебі – кейбірінің ашатын кәсібі отбасылық бизнес екендігінде. Бұдан өзге комиссия мүшелері тарапынан кеткен қателіктер мен өзге де мәселелер бойынша үміткерлер тиісті құзырлы орындарға шағымдана алады", – дейді Жеңіс Сариев. 

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу