Жәмила Бақбергенова Тиранадағы рейтингтік турнирдің чемпионы атанды

385

Оның салмағында балуан аз болғандықтан айналмалы жүйе арқылы өтті.

Жәмила Бақбергенова Тиранадағы рейтингтік турнирдің чемпионы атанды Фото: olympic.kz

Тиранада (Албания) өтіп жатқан күрес түрлерінен ІІ әлемдік рейтингтік турнирде әйелдер күресінен 72 келі салмақта ел намысын қорғаған Жәмила Бақбергенова Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлады,  деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.                

ҚР Күрес түрлері федерациясының баспасөз қызметі атап өткендей, Жәмила 3 белдесу өткізді.

Отандасымыз алдымен тәжірибелі украиналық Алла Белинсканы 3:1 есебімен жеңсе, екінші белдесуде америкалық Александра Жунис Глаудеден жеңілді. Шешуші белдесуде Аргентина балуаны Линда Мачукадан айласын асырды.

Сондай-ақ, 76 келіде күрескен тағы бір танымал қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова қола медаль олжалады. Эльмира алғашқы айналымда ресейлік Валерия Трифонованы қапы қалдырса (8:0), ширек финалда румыниялық Александра Анжелді айқын басымдықпен жеңді (12:1). Жартылай финалда америкалық Димон Гуйлфордқа есе жіберді. Ал қола медаль үшін белдесуде қытай қызы Иангланы тушемен жеңіп турнирдің қола жүлдегері атанды.

Бұған дейін Албаниядағы турнирде еркін күрестен 3 қазақстандық балуан медаль алған. Олар, Болат Сақаев (86 келі) күміс алса, Рустам Мырзағалиев (86 келі) мен Мұхамед Балғабай (61 келі) қола медаль олжаған.

Грек рим күресінен 67 келіде Бағдат Сабаз қола жүлдеге ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу