Өрескел ойнап, тәртіпті жиі бұзатын команда "Қайрат" екен. Алексей Шпилевскидің командасы 547 фол жасаған. Бір жағынан бұл статистиканы түсінуге де болады. Алматылықтар жоғарғы прессинг көрсету арқылы ойнайды емес пе?! Ал біріншіліктегі ең бұзақы ойыншы деп "Тараз" футболшысы Жан Мартинсті айтуға болады. Ол өткен маусымда премьер-лига рекордын орнатты. Бір маусым барысында ол 84 рет ойын тәртібін бұзған.
Есеп-қисап тұрғысында "Жетісу" қақпашысы Алмат Бекбаев бәрінен үздік. Ол 20 матчта небәрі 13 қана гол жіберген. Демек, әр ойынға 0,65 голдан келеді. Бұл өте тамаша көрсеткіш. Ал "Ордабасы" қақпашысы Дмитрий Непогодов болса 29 ойынның 20-сында қақпасына гол жібермепті. Бекбаев пен Непогодовты біріншіліктің ең сенімді қақпашылары деуге толық негіз бар. Ал "Шахтер" қақпашысы Игорь Щацкий 140 рет қақпасын кіргелі тұрған голдан құтқарыпты.
Ал асистенттік мәселесінде Марин Томасовқа тең келер ешкім жоқ. Хорватиялық ойыншының еншісінде 14 нәтижелі пас бар екен. Томасовтың керемет ойынының арқасында "Астана" чемпион болды десек артық емес. Гол мен пас есебі бойынша ол 19 да 14 көрсеткішін тіркеді. Сонымен бірге ол 2019 жылдың үздік ойыншысы атанды. Сосын эстониялық легионер Сергей Зенев пен "Қайрат" капитаны Бауыржан Исламхан келеді. Бұл екеуі 8 реттен асисстенттік жасапты.
Көп гол соғатын команда "Астана" екен. Елордалықтар қарсыластарына 67 гол салыпты. Екінші орында алматының "Қайраты". Олар 65 рет қарсылас қақпасынан саңлау тапқан. Ал үздік үштікті 52 гол салған "Ордабасы" түйіндейді.
Қарсыласын алдап өту жағынан Тигран Барсегянға тең келер ешкім жоқ. Ол 133 рет алдындағы ойыншыны алдап өткен. Армениялық ойыншы "Қайсардың" көшбасшысына айналып, командасын алға сүйреді. Дриблинг бойынша екінші орында Марин Томасов. Хорватиялық вингер 125 рет сәтті дриблинг жасаса, "Қайсар" ойыншысы Джон Джошуа да осындай өнерімен 117 рет көзге түскен.
Ермұхамед Мәулен